Түлкібаста Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығы кең көлемде атап өтілді

Түлкібаста Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығы кең көлемде атап өтілді
Фото: inform.kz

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған "Ұлт тарихындағы жарқын тұлға" атты шара басталды.

"Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы мен Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Түлкібас ауданы әкімдігі ұйымдастырған шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасар-хатшысы Ғани Рысбеков пен аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков, жазушылар мен ғалымдар қатысты.

Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған "Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы" автосапарына қатысушылар 1915 жылы "Алаш" қайраткері, тұңғыш қазақ инженері Мұхаметжан Тынышпаевтың басшылығымен соғылған Жаскешу ауылдық округі Рысқұл ауылының маңында орналасқан тоннельмен танысты.

Тұрар Рысқұловтың ата қонысы Рысқұл ауылындағы күрделі жөндеуден өткен ауылдық клубтың ашылу салтанатына қатысты. Сонымен қатар, қонақтар Түлкібас кентіндегі тоғыз жолдың торабы - Түркісіб теміржолының бойында орналасқан қос қайраткер - М.Тынышпаев пен Т.Рысқұловтың ескерткішіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды.

Бұдан бөлек, Т. Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану мұражайымен танысқан делегация мүшелері "Тұңғыш Президент" саябағын аралады. Таулы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған саябақта келген қонақтарды ұлттық киімдегі жүзден аса қыз келіншектер күтіп алды. Оларға ауданның брендтерінің бірі - алма жемісін тарту етті.

Айтулы шара "Ұлт тарихындағы жарқын тұлға" атты тақырыптағы салтанатты жиынмен қорытындыланды. Онда облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Тұрар өмірі жайлы қысқаша баяндама жасап, "Nur Otan" партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев қазақ халқының болашағы үшін күрескен тұлғаларды кеңінен насихаттау мәселесін қамтыды.

Айта кетейік, қазақтың қос тау тұлғасы - С.Қожанов пен Т. Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай "Nur Otan" партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған "Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы" экспедициясы 4 қазан күні Созақ ауданында бастау алып, 5 қазан күні Түлкібас ауданында мәресіне жетті.

Т. Раушанұлы