Ақберен Елгезек. Егіздер

Жиын-тойларға барып жатамыз ғой. Кейде той қызық өтеді, кейде тілек айту дәстүрі мезі қылып, сылбыр өтіп жатады.

Той адамды шаршатып, шашыраңқы өтіп жатқан кезде мен тойшыл халыққа қарап отырып, еркегіне ойша ортағасырлық шапан мен бөрік, әйелдерге кимешек, қыздарына бұрынғы заманның бүрмелі көйлегі мен камзол кигізіп, шашына шолпы тағып, бұрынғы қазақты елестетіп, өзіме өзім ермек тауып отырам.

Сосын осы кісілер пәлен ғасырда өмір сүрсе, мінезі қандай, айналысар кәсібі қандай болар еді, тағдыры қандай болар еді деп ойлап қоям.

Шындығында ұлы тарихымыздың әр ғасырында қазіргі заманда өмір сүріп жатқан әр қазақтың өзінен аумаған егізі өмір сүруі мүмкін ғой.

Соның бірі сен мүлде білмейтін өзіңнің ата-бабаң шығар, мүмкін ол саған түк қатысы жоқ адам шығар, тіпті ұлты да салты да басқа болуы ықтимал. Қалай болғанда да тура сен секілді адамның жер бетінде өмір сүруі бек мүмкін.

Соған қарағанда, Тәңірдің лабораториясында әуелі адамдардың сан түрлі типаждары жоспарланған сияқты. Шындығында әр ұлтта бір-біріне ұқсайтын адамдардың типаждары жеткілікті.

Және олар белгілі бір мінез-құлыққа, айналысатын кәсіпке, тіпті өмір сүру философиясына дейін сәйкес келіп жатады.

Одан бөлек әр адам құсқа ұқсайды. Кез келген адамнан аумайтын құс түрі бар. Демек құстың типаждар саны мен адам түрлерінің саны шамамен бірдей болуы ғажап емес.

Бір қызығы дүниедегі тірі жанның барлығында екі көз, екі құлақ, қос өкпе, бір бас, бір мұрын және т.б. бар. Бұл да болса, тіршілік атаулының бір ғана АВТОРЫ барын меңзейді.

Адам белгілі бір музыкаға да ұқсайтыны бар. Кейде бір ән естісең, сол ән бір адамды еске түсіреді. Мүмкін ол музыканың адам жанына ұқсайтынынан болар.

Тіпті адамға техника ұқсайтын сияқты. Нақтырақ айтқанда автокөлік. Ол енді сол автокөліктің табиғатында оны жобалаған адамның түрі болмаса да мінез-құлқы, психологиясы білінер- білінбес көрінеді.

Мұның бәрі фракталдар теориясының шындыққа жақын екенін көрсетеді. Яғни кіші бөліктің өзі бөлініп шыққан үлкен бөлшектен (протобөлшек) айнымауы.

Мәселен үлкен тамшыдан бөлінген кішкентай тамшы прототамшыдан айнымайды: форма жағынан да түс және дәм ерекшелігі жағынан.

Адамда қуану, мұңаю, сағыну, ойлау сияқты абстракциялық қабілеттер (бұл жерде есту, көру және т.б. сансыз ғаламат мүмкіндіктерін қоспағанда) кімге ұқсаған екен деп ойлайсың кейде...