1-күн: ІІ Халықаралық жазушылар форумы басталды

1-күн: ІІ Халықаралық жазушылар форумы басталды
Фото: inform.kz

Алматы қаласында ІІ Халықаралық жазушылар форумы басталды. Аталған шараның бірінші күнінде аударма жіне жазушылардың өз ара байланыс мәселелері сөз болды. 

Форумға АҚШ, Франция, Германия, Англия, Түркия, Қытай, Ресей, Марокко, Моңғолия және басқа елдерден жазушылар, публицистер, аудармашылар, әдебиеттанушылар мен суретшілер қатысуда.

Әдебиет әлемінің өкілдері үшін соңғы жылдардағы аса маңызды шаралардың бірі белгілі публицист, Халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің мұрындық болуымен іске асып отыр.

“Осы форумда біз өте маңызды тақырыпты қозғаймыз. Яғни көркем аудармаға арнаймыз. Жазушылардың барлығы дерлік күндердің күнінде аударма проблемасына бетбе-бет келері анық. Жазушылар ұлттық әдебиетті жасаса, аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды деп бекер айтылмаған",-деді қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин. 

Қазақ ПЕН-клубының басшысы Бигелді Ғабдуллиннің айтуынша, ұлттық әдебиет жаңғыру үшін алдымен халықаралық байланыстар мен көркем аударма жаңғыруы қажет. Кезекті форумның “Көркем әдеби аудармалар мен жазушылар байланысының проблемалары” деп аталуы да кездейсоқ емес. 

Аталған шара “Рухани жаңғыру” бағдарламасы арқылы жүзеге асып отыр. 

Бигелді Ғабдуллин КСРО құлағаннан соң халықтың мәдениетке, әдебиетке деген сұранысы азайып кеткенін тілге тиек етті.

“Соңғы 25 жылда біздің екі-үш әдебиетшіден өзге бірде-бір танымал қазақ жазушысы әлемдік деңгейден көріне алмады, өйткені өзге тілге аударылған шығармасы жоқ”, - деді ол. 

ПЕН-клуб басшысы қазақ жазушылары шығармаларының не үшін шет тіліне аударылуының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ағылшын тіліне шығармасы аударылмаған жазушы әлемдік әдебиетте жазушы саналмайды екен.

“Өкінішке қарай сенің шығармаларың ағылшын тілінде болмаса, сен жазушы ретінде жоқсың. Сондықтан бес жылдың ішінде біз Мұқағалидан бастап, Б. Соқпақбаев, О.Сүлейменов, Ә.Нүрпейісов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкеев, Г.Белгер, С.Мұратбеков сынды мықты ақын, жазушыларымыздың еңбегін аударып, Америка мен Англияда шығардық”, - деді Бигелді Ғабдуллин. 

Айта кетейік, былтыр Алматыда "Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі" тақырыбында жазушылардың І Халықаралық форумы өтті. Әлем әдебиетшілері қазақ елінде 3 күндік шара аясында бас қосып, қазіргі заманғы әдебиет хақында пікір алмасты. I Халықаралық Жазушылар форумына Франция, АҚШ, Англия, Польша, Израиль, Қытай, Палестина, Түркия, Моңғолия, Чехия, Марокко, Израиль, Германия, Литва, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да 16 елден аса көрнекті сөз зергерлері қатысқан еді.

Т. Раушанұлы