Алматыда Әбіш Кекілбаев атына көше берілді

Алматыда Әбіш Кекілбаев атына көше берілді
Фото: zhasalash.kz

Желтоқсан айында қазақтың халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбаевтің туғанына 80 жыл толады. Осыған орай Алматы қаласы Бостандық ауданындағы Каблуков көшесіне Әбіш Кекілбаев аты берілді.

Салтанатты шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев және жазушының жары Клара Жұмабайқызы мен туыстары қатысты.

"Бүгінгі шараның Алматы қаласында өтуінің маңызы зор. Ұлы жазушы бозбала шағында осында келіп, өмірінің ең бақытты да мағыналы шақтарын осы Алматы қаласында өткізді. Жазушылық өнердің, суреткерлік шеберліктің шыңына шықты. Мемлекеттік қызмет пен саясат сахнасында жасындай жарқылдап, сөз бастар шешенге, ой тастар көсемге айналды. "Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ" дейтін Әбіш Кекілбаевтің сөзінде де, шығармашылығында да жасандылық болған жоқ. Әбіштің шығармаларын оқи отырып, қазақ деген халықтың ұлттық мінезін, мәдениетінің сан қырлы қатпарын жазбай тануға болады. Ол туындылар ұлт тарихының жылнамасындай, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғам мен заманның тынысындай болды",- деді қала әкімі.

Жазушының жары Клара Жұмабайқызы: "Әбіш Алматыны ерекше жақсы көрді. Туған жерінен кейінгі сүйікті мекені болды. Мен Әбіштің мерейтойының Алатау етегінен басталғанын қалаған себебім, оның үлкен өмірге жасаған алғашқы сәтті қадамдары осы жерде басталды. Үлкен шығармаларын осы Алматыда жазды. Осы қаладан дос тапты. Атақ алды. Қызмет етті. Отбасын құрды, бала сүйді. Осы қаланың басшылығына, ескеріп ұмытпай жүрген халқына рахмет айтамын", - деп жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ, абыз жазушының 80 жылдық мерейтойына орай Н.Назарбаев даңғылы 118-де ескерткіш тақта ашылады. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мерекелік кеш өтеді.

Т. Раушанұлы