Расул Ғамзатов: "Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек"

Расул Ғамзатов: "Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек"
Фото: vk.com

Расул Ғамзатов – 1923 жылы 8 қыркүйекте Дағыстанның Хунзах ауданындағы Цада ауылында дүниеге келген. Белгілі авар ақыны, Дағыстанның халық ақыны. Расул Ғамзатов жырлары қазақ жұртшылығына да жақсы таныс.

Ол ең алғашқы өлеңін он бір жасында жазған. 1943 жылы жарық көрген "Пламенная любовь и жгучая ненависть" атты алғашқы жинағынан-ақ ақынның оң беталысы байқалады.

Ақын шығармаларының негізгі арқауы – халыққа қызмет ету, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік. Өмір бойы өз ұлтының жоғын іздеп өткен қайраткер Расул Ғамзатовты қазақ халқы айрықша құрметтейді.

Біздің жүрегімізден оның: "Егер менің тілім ертең өлсе, мен бүгін өлуге дайынмын" деген ерекше үні ешқашан өшпейді. Бүкіл жұртқа, барша адамзатқа ортақ игілікті өшпестей рухты қашап қалдырған бұл ақынды қай ел болсын өзіне жақын тұтатыны сондықтан. Нағыз ақынның отаны – бүкіл әлем. Ол бар шаңырақтың қасиетті қонағы.

Ақын "Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек" деп келетін сөзі арқылы адамзаттың өзара үйлесім табуына әдебиет жол сілтейді дегенді меңзесе керек. Ендеше, өз ұлтың мен тіліңді білу мен құрметтеу өзге ұлт әдебиетін танып зерделеуге кедергі болмасы анық. Өз тіліңіздің қадіріне жеткіңіз келсе, Ғамзатовты оқыңыз, оқырман.

Оның шығармалары әлемнің 78 тіліне аударылған. 1963 жылы Расул кітабының бір томы қазақшаға да тәржімаланды.

А. Оралқызы