ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Азия қаламгерлерінің форумында" не айтты?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Азия қаламгерлерінің форумында" не айтты?
Фото: vk.com

Елордада өтіп жатқан “Азия қаламгерлерінің І форумында” ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің 61 қаламгерлерінің шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тілінде жарық көретінін айтты.

"Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүниежүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып, білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни, 2,5 млрд оқырманға тарайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент Шығыстан шыққан қаламгерлер төрткүл дүниені мойындатып отырғанын тілге тиек етті.

"Азия әдебиетінің өрісі айтарлықтай кеңейіп келеді. Шығыстан шыққан қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр. Бұл ретте Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу - форумның тағы да бір маңызды міндеті деп санаймын. Шығыс даналарының дәстүр сабақтастығы сіздердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады деп ойлаймын. Батыс технологиясы Азия руханиятымен үндесіп, шығыстық жаңғыру үрдісін дүниеге әкелді. Қалаларда шығыс әлемінің болмыс-бітімін насихаттайтын креативтік класс пайда болды. Рухани байланыстарды кеңейту жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі. Біз бұл үрдісті қолдап, әлем халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіспіз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев Азия қаламгерлері біріге алатынын да айтты.

"Азия бір кездері айырылып қала жаздаған мәдени, тарихи қатынастарын қалпына келтіруде. XX ғасырда 2 жүйенің текетіресі Азияны да екіге бөліп, тұтас мәдениеттер арасына сызат түсірді. Орталық Азия темір құрсауға алынды. Халықтар мен мемлекеттер қақ жарылды. Алайда, біз бәрімізге ортақ, бастауы бір құндылықтарымызды сақтап қалдық. Жасанды кедергілер жойылған соң біз біртұтас әлем екенімізді қайта сезіндік", - деді ҚР Президенті. Мемлекет басшысы отбасылық және қоғамдық дәстүрлер, еңбекқорлық пен білімге ұмтылу Азия халықтарына тән асыл қасиеттер екендігін баса айтты. «Мәдениеттердің жарасымды дамуын бір сөзбен әралуандық үйлесімі деп түсіну қажет. Ұлы Абайдың "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқаны осыны меңзейді. Азия біріге алады. Қайта жаңғырған Ұлы Жібек жолы осының дәлелі. Еуразия жүрегіндегі қазақ даласы Батыс пен Шығысты жалғайтын дәліз ғана емес. Ұлы дала елі сан тараптағы ғылым мен білімнің, өркениеттердің тоғысқан тұсы. Бүгінгі форум қазіргі заман үрдістерінің адам әлеуетін дамытуға қызмет ететіндігін көрсетіп отыр. Рухани кемелденуге ұмтылмай өркендеу болмайды. Ондай дамудың ешқандай маңызы жоқ", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, Елордада тұңғыш рет “Азия қаламгерлерінің І форумы” өтіп жатыр. Аталған шара қыркүйектің 6-сына дейін жалғасады. Форумға 90-нан аса Азия елдерінің жазушысы келген.

Т. Раушанұлы