Жазушылар одағында бір топ қаламгер марапатталды

Жазушылар одағында бір топ қаламгер марапатталды
Фото: Жазушылар Одағы

Қазақстан Жазушылар одағында Атырау облысы әкімдігі мен Жазушылар одағының бірлесіп тағайындаған Жұмекен Нәжімеденов атындағы поэзия және Ғабдол Сланов атындағы проза сыйлығы бір топ қаламгерге табысталды. 

Шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Атырау облысынан арнайы келген делегация және Айкен Жұмекенқызы бастаған Ж. Нәжімеденовтің ұрпақтары қатысты.  

Төраға Ұлықбек Оразбайұлының алғы сөзінен кейін бір топ қаламгерге сыйлық табыс етілсе, еліміздің батыс өңірінен арнайы келген Атырау облысының "Ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру" орталығының басшысы Бақытбек Мырзағалиұлы Сартбаев ақжарма тілегін арнап, облыс әкімінің құттықтау лебізін жеткізді. Іс-шара соңында Айкен Жұмекенқызы қаламгерлерді құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. 

Ж.Нәжімеденов және Ғ.Сланов атындағы әдеби сыйлығының иегерлері 2019 жылдың 4 маусым күні өткен Секретариат мәжілісінде белгілі болған. 

Атап айтсақ, поэзия номинациясы бойынша Жұмекен атындағы сыйлыққа ақындар Мейірхан Ақдәулетұлы, Бауыржан Жақып, Сұраған Рахметұлы, Мұрат Шаймаран және Нұртас Тұрғанбекұлы ие болды.

Проза номинациясы бойынша Ғ.Сланов атындағы сыйлықтың лауреаттары – жазушылар Тынымбай Нұрмағанбетов, Несіпбек Дәутайұлы, Молдахмет Қаназ, Нұрлан Қами, Асқар Алтай.

Т. Раушанұлы