Арқалы ақынмен жүздесу

Арқалы ақынмен жүздесу
Фото: Мерей Қарт

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жатақханасы өскелең ұрпақтың бойына адами қасиеттерді сіңірумен қатар, ұлттық болмыс, қазақы қазыналарды жете меңгеріп өсуге тәрбиелейтін үлкен бір жанұяға айналып келеді. Ұлтқа деген сүйіспеншіліктің бастауы елдің тарихы мен әдебиетінде, төл мәдениеті мен салт-дәстүр, әдет-ғұрпында екенін жақсы түсінген жатақхана тәрбиешілері өз шәкірттері үшін мағыналы-мәнді шараларды жиі ұйымдастыруда.

Жуырда Жастар жылының аясында тағы бір салиқалы, салмақты басқосу өтті. Бұл күні тәрбиеленушілер "Алтын тобылғы" республикалық әдеби байқауының жеңімпазы, "Дарын" жастар сыйлығының иегері, ақын Мерей Қартпен кездесті.

– Оқушыларымыз физика-математикалық бағытта тереңдете білім алғанымен, төл тарихымыз бен мәдениетімізді, әдебиетімізді танып, білуді ұмытпайды. Сол үшін есімдері елге таныс тұлғалармен кездесулер ұйымдастырып, олардың жүріп өткен жолы, елге сіңірген елеулі еңбектері арқылы Отанға қалай қызмет етудің үлгісін көрсетіп келеміз. Жүздесуге келген әр қонақ өткен тарихтан сыр шертіп, халқымыздың асыл мұралары жайында келелі әңгімелер қозғайды. Бүгінгі кездесуге Мерей Қартты шақырып отыруымыздың да өзіндік мәні бар. Жаста болса біраз биікті бағындырған оның жетістігі кейінгі толқынға ой салып, талабына қанат бітірері сөзсіз. Басты мақсатымыз –жастарға жігер беру, оларды қайрай түсу, – дейді шараны ұйымдастырушы тәрбиеші Айнаш Дүрмекбаева.

Расында, Мерей мерейі үстем болған, өз қатарынан оза шауып көптің көңілінен тынымсыз еңбегі мен талантты дарыны арқылы шыға білген жас. Бүгінгінің серісі деп айтуға да болады. Қолы қалт еткенде қалам ұстап, өлеңнен сарай тұрғызумен бірге жеті қазынамыздың ішіндегі жылқы малы мен итке құмарлығы басым. Сондықтан болса керек, еліміздегі жастар жылының ашылуында Тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың алдында жас қаламгерлер атынан сөз ала отырып, "Сайыпқыран Сақтың ұлымын" атты өлеңін оқыды.

Жас ақын оқушы іні-қарындастарымен кездесе отырып, поэзияға деген сүйіспеншілігінің қашан оянғанын, оған кімнің әсер етіп, неден шабыт алатындығы жайлы әсерлі әңгімелеп берді. Одан бөлек, жеке басының қызғушылықтары жайлы да ой бөлісті. Бір мезет оқушылардың өзі әзірлеген сахналық қойылым көрсетіліп, Мерейдің сөзіне жазылған "Семей ұраны" әнін шәкіртіміз Аян Нұргелеев орындады. Сахналық қойылым ақынның "Апа" атты өлеңінің желісінде құрастырылып, өлеңді Еркеназ Байжігіт есімді оқушы нақышына келтіре оқып шықты. Оқушылар мен қонақты сергіту сәтінде түрлі ойындар ойналып, балалық шаққа да саяхат жасалды. Кеш барысында мектебіміздің математика пәнінің мұғалімі, "Болашақ" стипендиясының түлегі, ақын Нартай Советханұлы да сөз алып, Мерей Қарт жайлы лебізімен бөліссе, оқушылар да өз ойларын ортаға салды.

– Қазір әлеуметтік желі өте жылдам қарқынмен дамып келеді. Міне, сол арқылы күнделікті тіршіліктегі жаңалықтар, ақпараттар ағыны толассыз ағылып жатады. Мерей ағамыздың шығармашылығы жайлы да сол желі арқылы жақынырақ таныса алдым. Енді міне жүздесудің сәті түсіп отыр. Өнер адамдары, оның ішінде ақындар ерекше ерке, көпшіл, бауырмал келеді. Ағамызда сол қасиеттердің барлығы бар екен. Дидарласу барысында қойылған сұраққа бүкпесіз, боямасыз жауап беруі ақынға ғана тән ерекшелік болса керек. Атап өтер тағы бір қыры – жастығына қарамастан талай жүлдені жеңіп алып, аты елге тез танылуының өзі біз сияқты жастарды қызықтырмай қоймады. Біз осындай адамдардан үлгі алуымыз керекпіз, – дейді 12 сынып оқушысы Ақерке Асқарбекқызы.

Кездесу соңында Мерей іні-қарындастарына қарата жастық шақтың "Үлкен мүмкіндіктер" кезеңі екенін алға тарта отырып, жеңіске жетудің, елге танымал болудың кілті білімде екенін баса айтты. Сондай-ақ ұлттық болмысымыздан айрылмай, рухани байлығымыз –тіліміз бен діліміз, тарихымыз бен дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырта беруге шақырды.

Тәлімі мол тәрбиелік кездесу аяғы ақынға оқушылар қолынан шыққан өнер туындысын сыйға тартумен қорытындыланып, Мерей өзінің алдағы уақытта өтетін кезекті кітабының тұсаукесеріне шақырды.

Т. Раушанұлы