Дәулет Сейсенұлының шығармашылық кеші өтті

Дәулет Сейсенұлының шығармашылық кеші өтті
Фото: Жазушылар Одағы

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында "Ұлы даланың ұлы есімдерін ұлықтау керек" деген еді. Осыған орай еліміздің әр аймағында елге еңбегі сіңген айтулы тұлғалардың мерейтойлары өткізіліп келеді. Соның бірі күні кеше Семейдегі Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Дәулет Сейсенұлының 70 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.

Кештің шымылдығы Дәулет Сейсенұлының "Жәнібек ән салады..." драмалық шығармасымен ашылды. Сонымен қатар, сиясы әлі кеппеген "Шыңғыстаудың дара да даңқты перзенттері" деп аталатын кітабының тұсауын кесілді.

Елбасының "Алтын барыс" төсбелгісінің иегері, Семей қаласы мен Абай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы-журналист – Дәулет Сейсенұлы 1949 жылы 28 ақпанда Семей облысының Абай ауданы Саржал ауылында туған. 1971 жылы Алматыдағы Қазақмемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Облыстық "Семей таңы" газетінде, облыстық партия комитетінде қызмет атқарған...

Шығармашылық кеште Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын Төрағаның орынбасары, ақын Бауыржан Жақып табыстаса, Астанадан арнайы келген Ғарифолла Есім, Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, Дарxан Қыдырәлі сынды зиялы қауым өкілдері мерейтой иесіне жылы лебіздерін арнады...

Жазушы 1983 жылдан бері республикалқ "Егемен Қазақстан" газетінің Семей өңірі бойынша тілшісі. Осы жылдарда "Ақиқат" журналында, еларалық "Заман Қазақстан”, облыстық әкімшілікте қызмет істеген. Ол "Жұлдыздар сөнбейді" атты әңгімелер жинағының, "Қазақтың саны қанша", "Семей елі, Семей жері", "Шежірелі Шыңғыстау" атты деректі кітаптардың авторы. Қаламгер Дәулет Сейсенұлының ғұлама ақын Шәкәрімнің туғанына 150 жыл толуына орай "Нартұлға" сериясымен жарық көрген әдеби көркем тілді. "Шәкәрім" атты ғұмырбаяндық кітабы жарыққа шыққан. 

Ел басылымы "Егемен Қазақстанның" 100 жылдығы мерекесімен тұспа -тұс келген шығармашылық шараға облыс және қала әкімдері қатысып, министрліктерден келген құттықтау хаттарын табыстады. Кеш барысында Дәулет Сейсенұлы Астанадағы Еуразия ұлттық және Семейдегі Шәкәрім мемлекеттік университетінің "Күлтегін", "Шәкәрім" медалдерімен марапатталды.

Т. Раушанұлы