Карл Лагерфельд: "Рембо мен Верленге тең келер ешкім жоқ"

Карл Лагерфельд: "Рембо мен Верленге тең келер ешкім жоқ"
Фото: vk.com

Өнер деп бағаланып үлгермеген high fashion фаст-фудтың эквивалентіне айналған мынадай әділетсіз заманда хас шебер Карл Лагерфельдтің өмірден өтуі орны толмас қайғымен пара-пар.

Мансабын Пьерге Бальменге қыстырғыш алып беріп тұрудан бастаған жас бала кейін Ив-Сен Лоран сынды мықтының досына айналды, ал Chanel-ді әлем мойындаған luxury-бренд дәрежесіне дейін көтерді. Әрине, мұның бәрі – өзі сүйіп таңдаған мамандығы бойынша жеткен жетістіктері. Бірақ, біз бүгін оның өзге қырына тоқталамыз. Ол – Карлдың оқырмандығы.

Карл Лагерфельдтің жеке кітапханасында 300 мыңнан астам кітап бар. Модельер оларды "Мұқабадағы есірткі" деп атайтын. "Сіз маған қонаққа келсеңіз, мен Сізді ең алдымен кітаптарыма алып барамын, - дейтін Лагерфельд.

Оның нақты қай жанрды ұнатқаны туралы ақпарат мүлдем жоқ. Бірақ француз журналдарының бірінде былай деген екен: "Эмили Дикинсон поэзиясының шоқтығы биік! Сондай-ақ Малларме, Рембо мен Верленге де тең келер ешкім жоқ. Мен Гетенің поэзиясына аса құмар болмасам да, "Die Wahlverwandtschaften" туындысын сүйіп оқимын. Джордж Сантаянаның "Сұлылық сезімі"— менің інжілім. Ал Сидони Габриэль Колеттің La naissance du jour жинағы менің Вирджиния Вулфқа деген көзқарасымды өзгертті".

А. Оралқызы