Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Серік Ақсұңқар. Адамзаттың алғашқы ақыны (Эссе-трактат)

Серік Ақсұңқар. Адамзаттың алғашқы ақыны (Эссе-трактат)

Серік Ақсұңқар. Адамзаттың алғашқы ақыны (Эссе-трактат)

 Қаламдасым Мейірхан Ақдәулетке. Неге арнағанымды ол ішінен біледі
Автор

Алғашқы ақын

Қазір анау-мынау емес, ғарыш пен компьютердің заманы ғой. Жаһанда ашылмай жатқан құпия қалмай барады. Ғылыми-техниканың дамуы шырқау шыңына жеткен біздің заманның ғұлама ғалымдары Адамзаттың Алғашқы Ақынының қайдан шыққанын тауып, жаһанға жария ғып отыр. Адамзаттың алғашқы Ақыны ертеде--ешкі жүні бөртеде, қауымдық қоғамда емес, бізге одан гөрі жақындау, құл иеленуші қоғамда пайда бопты.. . О да Гомер шыққан елден шығыпты. "Алтын шыққан жерді белден қаз"- демей ме; қоғам алғаш рет құл һәм құл иеленушіге бөлініп, күйкі күнкөрістің күйбеңінен сәл де болса босаған, төрт құбыласы түгел бай-бағлан қамшының сабындай мына ғұмырда көз арбайтын сұлулық пен адамзаттың ақыл-есі ғана сезінетін ұлылық дегеннің бар екенін бажайлай бастады. Біздің сөз еткелі отырған алғашқы ақынымыз (оның алғашқы ақын болатынын о кезде ешкім білмейді, меніңше), құл иеленушінің тұла бойы тұңғыш баласы еді. Еркетай! Бетімен кеткен деуге де болады! Тірі жан алдынан шықпаған аусар, тентек! Бұ кезде, олардың шамалауынша, он үш-он төрт жаста болуы керек, әйтеуір, одан жас та, үлкен де емес. Зерттеушілер, тіпті, оның өмірінің кейбір деректерін тауып та алыпты. "Мектепте де жөнді оқыған жоқ бұ бала, -дейді академик атанып, ғылым-ілімнің соңына түскен сол ғұламалар, – ақындардың бәріне тән типтік жағдай бұл» дейді, – әсіресе, арифметика, алгебра , геометрия сияқты сабақтар бұлардың қаршадайынан нервіне тиіп, жұлынын жұқартқанын олар дәл тауып отыр. Мұндай пәндер өтіп жатқанда ақын баланың екі көзі көбінесе кластас қыздарында болған... Соларға тілін шығарып, ыржың-ыржың етеді, шашымен ойнайды, әппақ балтырына қолын да жүгіртіп жібереді... Мұны мұғалім де көреді, тәртіпке шақырғысы кеп, ұрсады. "Отырса опақ, тұрса сопақ"– деп қазақ осыны айтады. Кеудесіне шабыт келіп ұя сала бастаған, болашақ адуынды ақын енді оларға көне ме? Текетірес басталады... "Неге сен өзің секілді мына балалардай жайыңа жүрмейсің?"–деп, әкесі ұрады, шешесі де ұрсады... Сыр бөлісер пенде жоқ. Император мен сенатор, тіпті, құл иеленуші өзінің әкесіне еліктеп, шараптан ауыз тиіп... соның соңына түсіп, қызара бөртіп жүретін боп алды! Ешкім түсінбейді мұны.

Ең өкініштісі, түсінгісі де келмейді...Ол келе-келе қоғамға, адамға да патша көңілі толмай, Тәңіріден басқаға бас имей, өршіл өлеңдер жазуды шығарады. Баланың басына осы кезде оқшау ойлар, өр кеудесіне кекшіл сезімдер ұя сала бастаған-ды. "Жазушыны жалғанның жарығына шығаратын – бақытсыз балалық қой"– деп, кім айтса да дұрыс айтқан! Енді оның ең алғашқы өлеңін оқыңыз,– нанбасаңыз?– дейді ғалымдар. Оқиық.

Алғашқы өлең**

О, Бостандық!
Мен құлдықты иттің етіндей жек көрем!
Менің адами құқымды шектеген?
Мен туғанда-ақ тұншыққан ем бесікте,--
Меніңше, сонда-ақ, маған ауа жетпеген...

Жер тап-тар ғой, – себебі.
Қалай сезбей келгем осы мен оны?
Улап-шулап, қажытты ғой мыналар,
Ұшқан құсқа ілесіп,
Ұшып кеткім келеді,
Ғарышқа барып, қара жерге қайтадан,
Түсіп кеткім келеді!

Қанат байлап ұшар едім, ол да аса,--
Оңай болмас, Құдай бар ғой,--қолдаса?
О, Греция, сені тастап кетер ем,
Айдай сұлу аруларың болмаса?!

**Грекшеден еркін аударылған. Ертедегі гректердің ең алғашқы өлеңі осы десе болады(С. А.).

Үш-ақ шумақ өлең. Басында бұдан әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Уақыт өте келе жоғалған немесе ел-жұрттың жадынан шығып, ұмытылған болар? Осы үш шумақ өлеңді он бес күн ойланып, он бес түн толғанып, жалғанның жарығына бір айда әзер шығарған деседі шежірешілер. Шығарайын демеген,– шығып кетіпті! Адамзат тарихындағы алғашқы жырдың жарыққа шығуы оңай болмағаны осыдан-ақ көрініп тұр. Қазіргі өлең жазудың техникасын әбден меңгеріп алған ХХІ ғасырдың ісмер ақындары бұған сенбейді, әрине... Сенбесе қойсын! Бірақ, тарихи факт – осы. Өлең әзер туады,– ананың құсағында тоғыз ай, тоғыз күн жатып, толғанып, жарыққа шыр-шыр етіп келетін баладай ғой ол! Жас ақын, – алды-артына аңдап қарай қоймайтын асау ақын, жерден жеті қоян тапқандай, оны ең әуелі өзінің қыздарына оқиды.

Олар мұны естігенде ақыл-есінен айырылып қалды десе болғандай: "Қайта оқышы?"– дейді – жалынып! Бұрын-соңды туасы еркекзатынан мұндай жылы сөз естіп көрмеген әсем әйелзаты осы жырға жан-тәнімен ынтызар болады. Бір емес, бірнеше мәрте қайталап оқып береді. Қыздар сол сәтте-ақ жаттап алады! Оларға да осы "бостандықтың" бір тылсым құдіреті жетпей жүрген болуы керек? Үйге келе сала әке-шешелеріне де оқып береді. Сонда олардың зәре құты зәр түбіне кетіпті дейді...

"О, Бостандық! Мен құлдықты иттің етінен жек көрем!"– деген өлең күллі Грецияға аңыз болып жайылады! Әкесінің қол астындағы құл-құтанға барып оқыса олар: "Бостандық деген – немене?!"– депті таң қалып... Ол кезде гректерде не көп, философтар көп: "Бостандық деген... сендердің кісендеріңді шешіп, емін-еркін жіберу керек деген сөз!"– деп түсіндіріп көрсе, олар: "Қыртқан екен! Онда біз қайда барып күн көреміз?!"депті... (Олар әлі күнге дейін солай ойлап жүр!).

Ақсүйектер мен қарасүйектердің арасында

Бір күні бұл өлең жеті атасынан құл иеленген аристократтар мен сенатор, философтардың құлағына шалынады. Олар ішкі ойын сөзбен көркемдеп, нәрлі нақыш, сиқыр үнді ырғақ, сыңғырлаған үйлесіммен (Александр Блоқ оны кейін гармония деп атады) жеткізетін өзгеше бір адамдардың пайда болғанын сол сәтте-ақ сезіп, оған ерекше құрмет, сый-сияпат жасайды, (біздің айтыс ақындарына жасағанымыздай, о кезде авто деген жоқ, астына ат мінгізіп, үстін үлде мен бүлдеге орайды, меніңше?). Құл

иеленгеніне не бәрі 25-30-ақ жыл ғана болған жаңа ақсүйектер ғана ақынға мұрынын шүйіріп: "Құлдың бәрін шідерін шешіп, босатып жіберсек, жұмысты кім істейді?! Былшылдаған екенсің! Өлең дегеннен қандай пайда бар бізге?!"– депті... Тура біздің олигрхтар сияқты!

Философтар:" Бұлар бізге, мүлде, ұқсамайды! Біз адамзатқа ақыл айтамыз. Бұлар ақыл айтпайды, азап шегеді!"– деген көрінеді. Содан бері поэзияның дидактикаға үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын көрінеді. Біріне бірі, мүлде, –керағар. Поэзия – дидактика емес, дидактика – поэзия емес! Ақылгөй ақындар кейіннен шықты ғой? Қайдан шыққан?! Оны бір Құдай білмесе, тірі пенде білмейді әлі...Міне, мәселе қайда?

Филологтар мен археологтар көз майын тауысып қанша қадала зерттесе де , ақынның содан кейін жазған жырын таба алмады, архивтерде жоқ... Бірақ, таяуда оның екінші өлеңін тауып алдып, қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ болып отыр. Ақын мұны Муза деген қызға арнап жазыпты.

Муза

Ерінің от екен ғой лапылдаған,
Жүре ме отқа қарсы ақылды адам?
Өртеніп кетеді ғой күлге айналып,
Жаныңа жанұшырып жақындаған. 

Ділді де, тілді үйіріп балдай жалған,
Бір сәуле көзімді арбап алдайды алдан.
Мен де бір көзсіз соқыр көбелекпін,
Шарқ ұрып өлерінде шамды айналған.

Қаңқу мен өсекке де елең етпей,
Көп елдің гөй-гөйіне көне кетпей, –
Шарқ ұрып, сені айналып, лағып жүрмін,
Көзсіз бір шамды айналған көбелектей.

Ұшып ем талай түрлі гүлді айналып,
Көз көрмей, көңіл босап, тіл байланып.
Түбіне жүрегіңнің қона беріп,
Түбінде кетермін-ау күлге айналып...

Бұл өлеңді гректердің бәрі де жатқа айтқан деседі. Әсіресе, әйелдер қауымы. Бұған қарағанда, алғашқы ақын еркектерден шыққан! Біздің Есенғалидың "Әйелден ақын шықпайды, Әнші не күйші болмаса?"– деп жүргені содан. Ол мұны өзі айтайын деп, айтқан жоқ. Мұны бүкіл ғаламзат пен адамзаттың иесі

Ар-Рахмаан* – Әл-Мутәкәббир** – Әл-Хаалиқ ***–  Әл-Баари**** – Әл-Мусаууир***** –Жаһанды Жаратқан Жасаған Ие-- Алла Тағала аузына салып отыр! Оған, меніңше, әйел ақындар буынсыз жерден пышақ салып, тектен текке ренжіп жүрген көрінеді... Дұрыс емес онысы, мүлде!

*Рахмаан – Аса рақымды, Аса мейірімді. **Ар-Рахиим – Мейірбан, Ерекше мейірімді. ***Әл-Мутәкәббир – Тәкаппар, Аса жоғары. ****Әл-Хаалиқ – Жаратушы. *****Әл-Баари – Жоқтан бар етуші. ******Әл-Мусаууир – Бейнелеуші --Алла (арабша) – Әлемдердің Жаратушысы.

Ақынның осы жыры әйел біткенді шарайнаның алдына алып келді! Бұрын өзінің әсем көркіне, Тәңірі өзінің тәңіри талғамына салып түнек жапқан жаһанға жарқырата жаратқан тұлға-бітіміне аса мән бере қоймай, қалай болса, солай жүретін әйелзаты ерінін бүлдіргенмен, қасын қарақатпен боянып, құлпырып шыға келген! Еркек біткен аң-таң, өздері де аң-таң... Әйел мен қоса Әлем де таңғажайып күйге енді! Достаевский "Әлемді құтқаратын – сұлулық! – деген сөзді осы грек сылқымдарына қарап айтқан болуы керек деп, орыс филологтары шықты. Бірақ, бұл пікір де аса көңілге қона қоймайды. Неге десеңіз, сол Достаевский айтқан сұлулық ормандай орыс жұртын да неше түрлі зымияндық пен зұлымдықтан құтқара алмай-ақ кетті ғой?

Пушкинн мен Блоктың, Есенин мен Евтушенконың жан-дүниесін тебіренткен орман сұлулары Патша Романовтар мен Генсек Сталин, Хрущев- Брежневтер түгілі, демократ Елциндерді де дегеніне жүргізе алған жоқ. Міне, мәселе қайда жатыр?

Содан бастап, Суретші деген кісілер пайда болып, әйелдердің әсем бейнелерін сала бастады. Күліп отырған әйелдер, мұңайып отырған әйелдер дейсің бе, бәрі бар мұнда. Әрбірден кейін оларды тыр жалаңаш қалпында бейнелеуге көшті! Сөйтсе, әлемде әйелдің денесіне жететін сұлулық жоқ көрінеді! Соны адамзат енді білді, әлгі алғашқы ақынның өлеңінен кейін? Ол болмаса, осы күнге дейін әйел мен еркекті айыра алмай, жүре берер ме еді, қайтер еді?

Ә дегенде Муза әйелдің, ер-азаматтың кеудесіне асқақ күш , жан-тәніне Құдайдың сиқырлы бір қуатын құятын құдіретті рухтың аты еді, кейін келе-келе ақындарға адуынды шабыт шақыратын поэтикалық терминге айналып кетіпті. Жайдан жай "айналып" кеткен жоқ, біреулер "айналдырып" жіберді!

О, Ұлы Мәртебелі Поэзия!

Ақындардың көктемнің көгіндей қаулап шығуы Грейцияда ғана емес, құрлық-құрлықта осыдан кейін басталды. Ел олардың өлеңдеріне ерекше ілтифат-құрметпен құлақ түріп, асқақ ой, шалқар сезімге бөленді! Әсіресе, әйелдер! Баяғыдан бойында бар хайуандық-тұрпайы сексуальдық инстникт енді адами, әдемі махаббат деген сезімге ұласып жөней берді. Греция Поэзия Патшалығына айналды! Құл иеленушілердің алтынмен аптап, кұміспен күптеген мәрмар залдарын ақындардың жауһар жырлары жаңғыртады!

Ақындардың тууы – маңдайында екі көзі ғана бар адам баласының үшінші төбе көзін ашты! Мидың саңлауынан Тәңірінің сәулесі түсті! Қап-қара түнекке малынған мына Дүние жап-жарық болып кетті! Грек философтары "Іңжілде " "Ең бірінші пайда болған – Сөз– деген жоқ па?– деп терең ойға батып отыр,– Тәңірі бәрін біледі! Біз екі аяқты пенде, қоғамдық жануарлар, ақыл-ойымыз өте шектеулі, Жаратушы емес, Жаратқан Жалғыз Иенің санамыздың саңылауына төккен нұрын ғана сеземіз, Тәңірінің құпиясын бізден бұрын сезетін осы – ақындар!" – деген. Гректерден қалыса қоймайтын қазақ та: "Ақын мен аққуды атуға болмайды,– киесі жібермейді!"– деген жоқ па?! Гректер мен қазақтардың өте-мөте ұқсас халық екеніне мыңдаған мысал келтіруге болар еді, әттең, уақыт болмай тұр.

Грецияны ата жауларанан көзінің қарашығындай аман сақтап қалған батыр-баһадұрлар өздерінің ерлігі туралы ерен қаһармандық жырларға есінен тана елтіп, өр кеудесін Күне тосып, аяқтарын алшаң-алшаң басып, мағұмұрланып жүрді. Мына дүниеде еңсесі төмен түсіп, елге жау шапқанда аяғының ұшына қараған ез, қояндай қорқақ болудан өткен қорлық жоғын сезді! Құл-құтанда ондай сезім болған жоқ, өлеңнің қара сөзден өзгеше өрнегін сезініп, өзегі өртену өз алдына, өмірдің зіл салмағын екі иығымен қайыспай көтеріп жүрудің өзі оңай болған жоқ-ты оларға.Тарихтың ұзына бойына көз қөз салып, қыдыра шолсаңыз, олардың тұқымынан ақсүйек те, батыр мен ақын да шықпағанын көрер едіңіз. Көрген соң, еріксіз көңіл құлазиды.

Рим сенаторлары: "Греция – гректердің Отаны! Оның ортақ қазынасына суық қолын сұғу – елден безген оңбаған мен қайдағы бір қағылған, соғылған қайыршының қаракекеті! Гректің асын ішіп, астауын босату көрінгеннің қолынан келеді, оны ақындарша сүйіп, ақындарша алақанға салып, аялау керек!" – дейді! Бұлар, немене, біздің бүгінгі ұлттық береке, ырысымызды жегі құрттай қақшып жеп жатқан коррупция деген пәлекетті айтып отыр ма сонда? Ол сол заманда-ақ адамзатқа азу тісін көрсете бастаған ғой тәрізі?

Арқасына аруақ қонған грек халқы: "Әлемде Грециядай асқақ ел жоқ!"– деді бір ауыздан! Есениннің "Если крикнет рать святая: «Кинь ты Русь, живи в раю!», Я скажу: «Не надо рая, Дайте родину мою!"– дегені сықылды! Осы заманда адамның ақыл-ойы мен асқақ сезімі құзар шыңға көтерілді де, күнделікті күнкөріс пен ішіп- жем құлдырап төмен түсіп... Дүние Жалған 180 градусқа бұрылып, өзгеріп бара жатыр еді... Кейін көн тартқан қалыбына қайта түсті!

Бұл уақытта гректер қаптаған қантөгіс, соғыстардан әбден қажып, содан ақыл-есін жия алмай жатқан-ды. "Жесірімізді қараусыз қалдырып, жетімімізді қаңғырпайық, ұлы Грецияға обал болады ғой?" – деген сөздер осы кезеңде айтыла бастады. Бара-бара гректердің өздері де ұмыта бастаған бұл сөз Алланың жазуымен, біздің қазақ поэзиясына көшіп келіп, ағаш уықты, киіз туырлықты қазақтың қара шаңырағында қалып қойды ("Бір жаманы — шаруасын маңдытпаған,Бір жақсысы — қулықпен жанды ұтпаған. Бір жаманы — үйленіп жеңгесіне, Бір жақсысы — жесірін қаңғытпаған..."(Қадыр Мырза Әлі).

Поэзия дегеннің өзі біздің қазақ секілді көшпелі құбылыс, біресе гректен –қазаққа, қазақтан – орысқа, одан – французға т.б. елдерге жөңкіліп көшіп жүре береді. "Айтылмаған ақиқат, ашылмаған жаңалық жоқ, мәселе соны өзіңше, өзгеше айта білуде жатыр ғой?"– дейді ақ маңдайы жарқыраған әдебиеттанушы ғалымдар.

Ескерткіш

Зерттеушілердің бүгінгі күні тапқан деректеріне сенсек, осызаманғы поэзиядағы тақырыптар мен идеалардың түп төркіні Балкан түбегінің оңтүстігін, Эгей теңіздегі аралдарды, Фракия жағалауын, Кіші Азияның батыс өңірін ала орналасқан Эллада Ελλάδα) — б.з.б. III мыңжылдықтан б.з.б. I ғасырына дейінгі ежелгі грек мемлекетінен, тура осы

ақыннан шыққаны белгілі болды. Мәселен, елдің бәрі білетін, әсіресе, ақындар қауымына өте-мөте таныс "Ескерткіш" деген бір тақырып бар. Ол да осы ақыннан шыққан, – біздің бәріміз жақсы білетін Горацийден* емес! Ол соның жырын піртұтқандардың біреуі ғана! Пушкиннің өзі солардан алып, "Я памятник себе воздвиг нерукотворный…” деген өлеңін жазған. Бұл оның классикалық туындысының бірі әрі бірегейі. Мұқағалидың "Ескерткіші" одан, мүлде, бөлек: " Ал енді қоштасайық, сардар аға. Мен ертең кетем ұшып сардалама, Қыранның қырандығы – кең далада, Қыранның қырандығы – тауда ғана. Мен ертең кетем ұшып сардалама. Қош боп тұр, қош есен бол, сардар аға! Сөкпей де өкпелемей қал балаңа... Ақынның ақындығы – атақта емес, Ақынның ақындығы – арда ғана. Айтатын арызым бар, аға, саған, Көңіл – кермек, бой - күйез тамашадан. Ақымақпын, кей-кейде арыма мен, Өз қолымен күйені жаға салам. Сен болған шақ бұлыңғыр, тұнжыр маған. Әйтсе де аямапты құрғыр заман. Болат Пушкин тіріліп кете ме деп, Тұғырыңды болатпен шынжырлаған. Қарадым сенің қола мүсініңе, Қоланы да болады түсінуге. Мені тәңірім жаратқан табынуға, Сенің мәңгі қақың жоқ кішіруге. Ортасына сауықшыл түсіп көптің, Мастандым да, масайрап ісіп кеттім. Мұң шаға келіп едім – ұш! -дедің сен, Өзің ұш деп тұрған соң ұшып кеттім. Ұшып кеттім тауларға бұлт басқан, Төңкеріліп теңізге тұныпты аспан. Теңіз бенен аспанның тыныштығын, Долы дауыл барады жұлып, қашқан. Хош бол, аға, әлемді тамсандырған, «Тас мейманға» табиғи жан салдырған. ...Меніменен сайрандар жел жоқ, бірақ, Алатауым күтіп тұр қарсы алдымнан..."

*Гора́ций Флакк (лат. Quintus Horatius Flaccus),-- ертедегі грек ақыны.

Мынау Жұмекеннің "Абай ескеркіші" деген өлеңі: "Бір сенімі бар еді маған да елдің, "Ұлғайды арман", Мен-дағы алаң болдым. Ымыртта ымырт құсап қоңырайып, Өзімді іздеп шығып ем – саған келдім. Кетті дейді жыр оңбай... құрсын бәрі, Сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып... Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман, түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі? Қара шал-ай, қарашы мойын бұрып: Жырды алдым шау тарттырып, қойылдырып. Басқа барар жерім жоқ, саған келем, Қалғанда сөзім жүдеп, ойым құрып. Таппаған соң

өлеңмен жүрек емін, бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім: туатұғын сықылды бүгін-ертең мраморға жазылар бір өлеңім. Қажып келдім, қасыңа

қалғиыншы, Не қарғыс, не бата айтшы... ал, құйылшы. Сен маған туған жерім сияқтысың, Аңсағанда келетін шалдың исін..."

Гомардан* бұрын һәм одан кейін

Гомардың алдында туу оңай ма, о да көретін көресінін көреді. Ол түгілі, біздің алдымызда туған Абай Хакімді айтпағанда, кешегі Мағжан, Қасымдардың өзі не көрмеді? Алғашқы ақынның мына бір жарық жалғанға келуі сол екен, енді онымен жағаласып, қолөнерімен айналысатындар мен базардағы бақалшы, саудагер, алыпсатарлардың арасынан да "О! Греция!"-деп қызыл тілін безейтін өлеңшілер де шыға бастады. Өлеңдерінің төрт тармағында да бір мін жоқ. Үйқасы да, теңеуі де алғашқы ақыннан бір де кем емес, құлағыңның құрышын қандырып, көңіл күйіңді тап басады. Со кезде осылай тақпақ айтушылар мен олардың да талантына табынушылар қара құрттай қаптай жөнелді. Халық ақын кім, ақын емесі кім екенін айыра да алмай қалды (әлі күнге дейін солай болып тұр)...

*Гоме́р (др.-греч. ὍμηροςVIII век до н. э.) — грек ақыны, «Илиада», «Одиссея» дастандарының авторы.

Алғашқы Ақынның ата жауы сол кезде өз ортасынан, жаза алмайтын жазармандардан шықты! Ең алғашқы "әдеби орта" дегенді ойлап шығарған осы Ақын еді. Онда өлеңді жан-тәнімен сүйетін құл иеленушілер мен, философ-ойшылдар, сенаторларлар мен сылқым әйелдерге дейін жүр... Александр Блоктың "около литературные женщины" деп жүргені сол кезде-ақ шыққан. "Около литаратурные мужчины" дегендер де көп еді, олар әлі де аз емес... Бәйгеге түскен һас жүйрік соңынан ентелеп келе жатқан етжақынын қалдырып кетем демейді, озып кетеді ғой?! Қалып қоятын – тұғырларлардың өздері...

Бірақ, біздің осы Алғашқы Ақынымыздың да оңып тұрғаны шамалы;

қасындағы ит пен құстың бәрін бауырына тартып, өзіне етжақын дос-жаран көріпті. Адам баласынан озып, алғашқы болып туса да, біздің Мағжандай "Ақында адамзаттан дос болмайтынын" білмеген! Мағжанның өзі соны заманының дауасыз дерті жүрегіне шауып, өкпесі өшерде әзер сезді-ау деймін? Сол ататегі нашар, айтар сөз, ағытар сыры да шамалы құлдан шыққан жазармандар Ақынға неше түрлі пәле жауып, Императрға барады: "Мынау Сізді менсінбейді! Сіздің саясатыңызға, мемлекетке қарсы!" – дейді! Біреулерге жазған удай ащы эпиграммаларын жинап алып: "Сіз туралы жазған өлеңі – осы!" деп, алдына жайып салады! Ашулы Император Ақынды өмір-бақи түрмеде отырғызуға бұйрады. Сол күні жалғыз Греция ғана емес, ақыл-ойы әлі толыса қоймаған бүкіл адамзат баласы Алғашқы Ұлы Ақынынан айырылған еді! Орда бұзар отызға да тұяқ іліктіре алмай, абақтыда шіріп өлді байғұс...

Орыстың бүгінгі бір тегеурінді, ойлы азаматы Александр Невзоров: "Достаточно одной ошибки в ДНК, и получается ДНР "– депті. Не деген керемет сөз еді! ДНК мен ДНР-дің арасы – бір-ақ тұтам деп тұр! О, Сұмдық! Мына дүниедегі кесапат пен келеңсіздіктің, қара пәле мен қасіреттің бәрі адамның ата-тегіндегі бір иттіктен, шикіліктен күшіктеп жатыр. Әлемдік саясаттан бастап, әдебиеттегі халтураға дейін...Ататектегі осы бір шикілік кежегесінен кейін тартып, әлі күнге лейін адамзат дамуын кәдуескідей бөгеп, тежеп тұр! Халықтың түбіне халықсымақ – тобыр, ақынның түбіне ақынсымақ дәлдүріш жетеді!

... Енді ақынның ата жаулары көшедегі көрінген дәлдүрішті көкке көтеріп: "Міне, нағыз ақын жаңа туды!" деп шулай жөнелді, мінезі де жібектей! Қой аузынан шөп алмайтын қоңырдың өзі...Өзімізбен қатар жүріп, қонаққа барады, шарап ішеді. Біз не істесек, о да соны істейді. Біз күлсек, бұ да сақ-сақ етіп қосыла күледі. Біз жыласақ, бұ да егіле жылайды, талант, қашан да халықпен бірге!" Нағыз ақындарды көпе-көрінеу тұқыртып, Мемлекеттік сыйлықтар ман байшыкештердің сый, жоралғысын кемталанттарға қалай болса, солай үлестіру осы кезден басталды....

Көзі тірісінде осы Алғашқы Ақынды жамырай жамандап, түрмеге жіберген замандастары: "Біз оны пір тұтқанбыз! – деп шыға келді, – Жанымыз қалмай сыйлап, бір нанды, тіпті, бір шөлмек сыраны да бөліп ішкенбіз! Оның жан-жүйесін біз ғана түсініп едік, түбіне туасы топас, қанқұйлы Император жетті ғой!"

Әйелдердің біразы:" Есіл ақын, қайран, ерен ақын пәлен деген, түлен деген өлеңін мені көріп жазып еді!" – десті, – мен болмасам, оны жазар ма еді? Жазбас па еді..."

Ақ қағазды жаңа шималай бастаған бір дәлдүріш: "Мен оның бауырын өсіп, өркендеп едім. Со кезде не көп? Қара құрттай қаптаған жазарман көп. Қайран, көкем, соның бір де біреуін көзіне ілмей, маған ғана іш тартып еді... Марқұм асыл еді, мәрт еді-ау? Ондай жан енді туар ма?! Тумайды ғой, тумайды ! Оқып жүрген кітабым де со кісінікі!", – деп соқты, – мынау менің киіп жүрген көйлегім де – соныкі..."

Талант бәсекелесімен жарысып, озады. Дарынсызда бәсеке, жарыс деген болмайды: "күндес..." қана болады...Олардың ауыл маңынан алысқа ұзай алмайтыны, қалың жұрттың аты-жөнін де жөнді біле бермейтіні де содан. Сәкен "Шырқ айналар шіркін тауық, Жемің болса қолыңда, Қайдағысы сені тауып, Топырлайды жолыңда..."деген өлеңін әдебиеттегі осындай, дарынсыз, пәлеқұмар, оңбаған типтерді көріп жазған. Өзінің түбіне бір күні солардың жететінін білген! Қара ормандай қасиетті халықтың арасында мұндай қулар болмайды ғой!

Қазақтың жаман-жәутігін басына шығарып, жақсысын ағаш атқа байлап, жамандау, тіпті, оның алтын басын өлім өтіне байлау – көрші орман жұртынан жұқты. Орыс төңкерісі мен жаппай жазалаудан (репрессия) кейін бұл күнделікті тірлікке, дағды, "күнкөріс көзіне..." айналып кетті. Содан бері қазақ Тәңірі арқасына аруақ қонып, елден ерек жаралған біреу болса, "е, соны қойшы..." дей салатын болды. Болмыс-бітіміміздің сан саласына, өнеріміз бен әдебиетімізге қараңыз: содан қалған жаманға жан тартып, еті өліп, жақсыны жатырқау сезімі біздің бойымызда бұрқ-бұрқ еттіп, бұлықсып басылып, әлі жүр... Жуық арада өше қоймас?

Қолына қалам алған кісіге талантты жазушылармен араласып, сұхбатасып, шама келсе, олардың өзімен бәсекеге түссе, соның ләззатына бұ дүниеде түк жетпейді. Суреткер болғысы келетін кісіге дәніккен дәлдүріштермен де бірге жүрген жөн болады. Соларды көріп, дарынсыз жазарман болғанша, талантты оқырман болудың қадіріне жетесің; бұл, әрине, ләззат емес, тағлым... Мен сондай талантты оқырмандарды көп көрдім, әдебиет жөнінде әңгіме айтса, классиктердің өзін шаң қаптырады. Халық деген – осы. Ол Абайдың заманында да болған, бүгін де бар, ертең де туа береді. Бірақ, ол кезде біз болмаймыз ғой?

Айтпақшы, совет өкіметінің адамзат тарихындағы айтулы істері көп-ақ. Оның бір қасіреті – 70 жыл бойы бар ісі өнер адамдарымен болды! Алдына салып, Ібір-Сібірге айдап жіберді, асып, атты... Оларға құл иеленуші қоғамның өзі істемеген айуандықтың бәрін істеді! Қандай қоғам болса да, ол халықтың өмір сүру формасы болса, өнер сол халықтың шыр-шыр еткен жан дауысы емес пе еді? Мейлі, ол феодальдық-патриархалдық, капиталистік, фашистік, тоталитарлық, авторитарлық қоғам бола ма, бәрібір! Кемеліне келген Батыста мұндай оңбағандық болған жоқ. Азуын Айға білеген Американың өзі "орта білімді" Иосиф Бродскийдің орыс әдебиеті туралы дәрісін ұйып тұрып тыңдады... Совет өкіметі осы болашақ Нобель сыйлығының лауреатын "ақын емес..." деп мойындамай қойған!

Коммунизмнің кіндік шешесі Карл Маркстің өзі "Ақындарды еркелету керек!" – деген. Оны пролетариат көсемі Ленин де, Генсек Сталин де, Хрущев, Брежневтерде елең қылған жоқ. "Еуропаны кезіп жүрген... коммунизм елесінің" қасіретін осы өнер адамдары тартты! "Полит Бюроның Ахматова мен Пастернак қахындағы пікірі базардағы қатын-қалаштың өсегімен қалыптасты" деп жазды бір орыс жазушысы. Құм жиылып тас, құл жиылып бас болған қоғамның олардың өнерін саралап, бағалауға өресі жетпеді! Анасынан арда туғаны үшін жазықты болды бәрі... Шәмшінің әнін айтып жүріп, өздерінің һәм бала-шағасының тойларын дүркіретіп өткізді. Шәмшіні кісі деген жоқ! Сол әнді өздері жазғандай, аяқтарын алшаң-алшаң басып жүр әлі...

"Ақын өлтіру ойынының" (Жұматай Жақыпбаев) неше түрлісін көріп келеміз. Исрайыл Сапарбай маған бір әңгіме айтып еді. Бұ кісі Сыр-Ағамаен (С. Мәуленов) сырласып, көп жүрген. Оған да Сыр-Ағаң тірі пендеге айтпаған жан сырын айтқан екен. Әңгіме Қасым қахында. Қасым соғыстан он екі мүшесі сау оралған көрінеді. Қаршадайынан Сары Арқаның сары аязы мен ұйтқи соққан боранына төзіп, төтеп берген ақыннның асау жаны соғыстың не бір сойқанына да сыр алдыра қоймапты. "Сен мұны біле жүруің керек" –деді. Менің Қарқаралыдан, Қасым топырағынан екенімді мегзегені...

Ол майданнан классик болып оралады. "Дауылдай өртке тиген өлеңімен!"Ол да Моцарт секілді, қатарынан қара үзіп шыққан жалғыз қара еді. Қасында ыржыңдап күліп, түртіп қашып, ішінен тынып... Сальерилері де жүрген.

Солар бір күні жиналып алып, Қаскеңе "мейірі түсіп..." қонаққа шақырады. Арақ деген аждаһаның Алаш даласына алғаш қобыз тартып келген кезі:" –Қасеке! дейді – біз саған тәнтіміз! – дейді, – талантыңа бас ұрамыз!" – дейді. "Сіз озып кеттіңіз! Біз қалып қойдық – дейді, – құдайға шүкір, қалсақ та қасыңызда жүрміз ғой?! Сізге еріп жүрміз! Осы кездесуімізді жуайық, бір шалқыйық?! Ішейікші?!" – деседі.

Ішкізіп, ішкізіп... қысты күні Алматының сызды көшесіне тастап кетеді!

Өкпеге дерт сол күні жабысады. "Олар он шақты ақын еді – деді Исрайыл көкем, – аты-жөнін айтпаймын? Өлсем, өзіммен бірге кетеді...Ел ішін алатайдай бүлдіріп нем бар?! Онсыз да..."

Мен де қолқалап сұрамадым. Кім екендерін ішім сезеді... Мен де айтпаймын енді... Өлсем, менің де ішімде кетеді! Бірақ, дүниеге бізден кейін келетін буын олардың кім екенін, меніңше, ішінен сезуге тиіс...

Осы таяуда, осы біздің тұсымызда, бітімі ерекше бір тума талант асылып өлді! Не болды?! Ел – аман, жұрт – тынышта соншама не көрінді оған?!. Баяғыда біреудің боданы болдық. Төңкеріс болды. Аштық болды. Репрессия болды. Енді не болып жатыр? Ешкім ештеңе білмейді... Ешкім ештеңе айтпайды!

Пайғамбар

Ақынның өлеңі ғана емес, өзі де – Поэзия. Жылағаны мен күлгені, жүріс-тұрысы, аузынан шыққан сөзі де. Бірде Алғашқы Ақынның өлеңіне әбден көңілі кеткен Император өзіне шақырып алып, ерекше құрмет жасайды. Алтын сарайын аралатып көрсетеді. Сонсоң, алтын тағының алдына кеп: "Менің орыныма бір сәт отырып көрші?" – депті не айтар екен деп? Сонда Ақын жұлып алғандай: "Ұлы Мәртебелі Тақсыр! – депті – Мен онсыз да өз тағымда отырмын ғой!"

Ол өзін патшадай сезінген. Құлша сезінсе, оның көкірегінен адамзатты сансыз сауалға салатын " Өлең деген Сөз патшасы " (Абай) – Құдайдың бір құбылысы тумайды ғой? Ол күндердің күні Гомер мен Эсхил, Гете мен Байрон, Пушкин мен Блок, Неруда мен Мағжан, Мұқағали...Цветаева мен біздің Фариза отыратын орында елден бұрын отырғанын сезген еді...

Мұхаммед ғ.с пайғамбарға арнап алғаш өлең жазған ақын Гете еді. Оған ол тұтас бір жыр "Батыс-Шығыс Диванын" арнайды. Діні бөлек болса да, ділі лүпілдеп, осы кісімен бірге соққан-ды. Енді адамзаттың Алғашқы Ақынының "Бостандық" деген өлеңін қайталап бір оқып көрсеңіз, оның да бір пайғамбарлық миссия атқаруға бейілді екенін байқар едіңіз. "Жер тап-тар ғой, – себебі. Қалай сезбей келгем осы мен оны? Улап-шулап, қажытты ғой мыналар, Ұшқан құсқа ілесіп, Ұшып кеткім келеді, Ғарышқа барып, қара жерге, Түсіп кеткім келеді!" – дейді! Адамзаттан бөліп алып, Алласы жарылқаған пайғамбарлар ғана ғарышқа ұшып, қара жерге түседі ғой!

Пушкиннің "Пророгы", тіпті, ғажап: " ... И он мне грудь рассек мечом, И сердце трепетное вынул, И угль, пылающий огнем, Во грудь отверстую водвинул. Как труп в пустыне я лежал, И бога глас ко мне воззвал: «Восстань, пророк, и виждь, и внемли, Исполнись волею моей, И, обходя моря и земли, Глаголом жги сердца людей».

Ақынның айнақатесіз образы, адамзат тарихында атқарар азаматтық миссиясы тұр осы өлеңде!Пушкиннің ессіз қара тобырға қарап: "Молчи, бессмысленный народ, Поденщик, раб нужды, забот! Несносен мне твой ропот дерзкий, Ты червь земли, не сын небес; Тебе бы пользы все..." " дегені бар ғой? Осы жерде біреулердің Адамзаттың Алғашқы Ақынына мұрынын шүйіріп: " Былшылдаған екенсің! Өлең дегеннен қандай пайда бар бізге?!"-дегені есіңе түседі... Адамзаттың Алғашқы Ақынының түбіне осылар жеткен! "Барлық ақын – баласы бір адамның" деген сөзді Мұқағалидың аузына Алла салған екен ғой!? Шынжыр балақ, шұбар төс, Аға сұлтан Құнанбайдың баласы Абай неге: "Туған жер, өлген мола жібермейді, Әйтпесе тұрмас едім осы маңда?" дейді? Қасым замандастарын тәрк етіп, Тәңіріне тіл қатып; "О, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы?Танисың ба сен мені, Мен – қазақтың баласы?!" деген?

О, Жаратқан Ием! Өзің ғана жарылқай гөр, біздей жазықсыз құлыңды?!.

Өлең мен өркениет

Қасым оқуларында болып, facebook-ке қарауға қол тимеп еді. Кешегі Асқар Жұмаділдаевтің "Қазаққа ақын емес, технократ керек"  деген сөзінен кейін әңгіме ушығып бара жатыр екен. "...технократияға да әуелі Поэзия қажет. Онсыз технократия – өте қауіпті құбылыс. Бұған не дейсіз, Құс баласы?!" деп, Шығыстан Тыныштықбек ақын суырылып шығыпты. Басқа ақындар әлі үнсіз... Олардың өздері бүкіл ғұмырын арынаған Ұлы Мәртебелі Поэзияға жау шапқандай , ел дүрлігіп жатқанда, мына дүниеде түк болмағандай бей-жай қалғаны несі?! Енді бізді осы сауал ойландырып отыр.

Мен де Асқар Жұмаділдаевті таный қоймаймын, бетпе-бет жолықпаған кісім. Бірақ, оның ақпарат-құралдарына беріп жүрген емен-жарқын, жүрекжарды лебіздеріне жаныммен тәнті еді. Әсіресе, Абай поэзиясы, Абай дүниетанымы, Хакімнің болмыс-бітімі қахындағы ой-пікірлеріне баяғыдан ішімнен бас иіп жүргем. Өзі қазақ поэзиясының айтулы классиктерінің бірі һәм бірегейі Тұмағаның (Т. Молдағалиев) туған күйеу баласы. Мұндай ірі тұлғаны ұлттық поэзияға қарсы немесе оны түсінбейді деп айту ұят қана емес, обал болады! Мен бір білсем, бұ кісі қазақ жырының ғана емес, әлемдік поэзияның озық үлгілерін жан-тәніне сіңірген адам болуы керек? "... Мен күй тыңдасам не классикалық музыка тыңдасам... мысалы, "Тәттімбет", "Жұмыр қылыш", "Көрұғлы", "Жолаушының жол қоңыры"... өзінен өзі ой келе бастайды..." деп, о кісі босқа айтып отырған жоқ. Сутегі атом бомбасын ойлап тапқан ұлы физик А. Сахаровтың өзі Андрей Вознесенский мен Евгкний Евтушенконың тоталитарлық қоғамның шаңырағын шайқалтқан тегеурінді тентек жырларына өмір бойы сүйсініп өткен! Осы математиктің Хакім Абайға деген махаббатының өзі қандай! Абайды ақындардан да терең түсінеді ғой бұ кісі! Асқар Жұмаділдаев өлеңдегі өзеуреген халтураға қарсы ма десем, "... ақындардың жазатын 3-4 тақырыбы бар: "Махаббат, Туған жер, Отан". Басқа тақырып жоқ. Махаббат деген ең оңай тақырып. "Сүйдім-күйдім" деп бәрі жазады емес пе?! – дейді? Ол Ұлықбектің "Киіз кітабы"мен Темірханның "Көк түріктер сарынын", Жәрікеннің Жәйіртау туралы шерлі жырларын оқымаған ба? Ақындар айтысын қойшы... Ол поэзия емес, – шоу ғой?!

Бізді көш соңына қалдырып кеткен отыз елдің өздері қазақтың қара өлеңімен қанжыға қағыса алмайды! Ғабит Мүсірепов «Әдебиет ұлы болмай, халық ұлы болмайды» – деген! Мемлекет инвестицияны, міне, осы қара өлеңге құюы керек еді? Орта ғасырдағы Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз жырларындай ұлы құбылыс бізден басқа ешкімде жоқ қой?! Соны әлемдік жырдың айналымына түсіре алдық па? Түсіре алмадық қой! Гомерден бастап, Евтушенкоға дейін қазақша сайрап тұр! Әрісі – 300 жыл, берісі – 70 жыл төсекте басымыз, төскейде малымыз қосылған орман жұрты Абайдың өзін өз деңгейінде орысша аудара алмады ғой? Мағжан ше? Қасым, Мұқағалилар ше?!

Қазақ жыры неге елден ерек? Біздің маңдайымызға көшпелі өмір сүру салты жазылған. Атқа мінген қазақтың арқасына аруақ қонып, аузынан өлең төгіледі! Қазақтың шетінен "ақын" болып жүргені содан... Бірақ, дүниеге Абай келгеннен кейін Ақынға деген көзқарас күрт өзгерген. Қазақ оны әлі байқаған жоқ... Жапондардың интеллектуалдық деңгейінің өсіп кеткені сонша, бір-біріне өлеңмен қолтаңба бере береді екен, бірақ, өздерін "ақынмын" деп айтпайды... Жапон жырының аруағынан именеді! Бізде, мүлде, олай емес, қазақта "... Өлең жазған адамның бәрі – ақын, Бірақ, Абай қайтадан тіріле ме?!." деп еді Мұқағали. Біз: " ... тіріледі! Ол – бізбіз!" дейміз кеудемізді керіп! Ал,керек болса?! Біз диалогқа жоқ халықпыз. Біздікі ылғи – монолог... Асекең, міне, осыны айтып отыр.

Ия, біз де Өркениет өріне шығуымыз керек, Алпнисше көкке көтеріліп немесе құмырсқаша өрмелеп... "Сөзбен салғыласып отыра бермей!" (Асқар Жұмаділдаевтің сөзі). "Тілсіз (ойсыз, сөзсіз) – ешқандай да есеп шықпайды. Ал, Тілдің ең көркем де көсемі – Поэзия. Поэзия – адамның жанын нұрландырады. Математикада ондай қасиет болмайды. "Итке темір не керек" демекші, жаны нұрланбағандарға математиканың да еш қажеті жоқ" – деген Тыныштықбек бауырымның сөзінің де жаны бар. Сондай заман келе жатыр, өйткені...

Поэзияның тұла бойы – математика! Математиканың жұлын-жүйесі – поэзия ғой; Асекең қыза-қыза келе "Қазаққа ақын емес, технократ керек! Ертең сенің балаң сөзіңді мойындамайды!"; "Қазақта математик туралы бір өлең бар ма?!" – депті? Сол сөзі шамыма тиіп кетті... Неге жоқ, бар ондай өлең!

Ақырзаманның "Абжад есебі..."

Физика-математика—несібіңіз,
Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.
Бірақ, аға, есебін бұ қулардың,
Сіз шығара алмайсыз—кешіріңіз! 

Бұл шайтанның есебі жан улаған,
Шығара алмай, ел естен тануда, аға:
Амалында қосу мен көбейту жоқ,
Бөлу ғана—мұныкі,
Алу ғана. 

Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,
Көз атаулы барады лайланып:
Бөлуменен алудың күні туды,
Көбейту мен қосуың былай қалып.

Өз есебін шығармай қоймайды бұл,
Біз—етекте,
Төбеден ойнайды құр:
Сізді қалай—ақымақ, мені—мәжүнін,
Елді—есалаң тобыр деп ойлайды бұл?!.

Лирикалық шегініс--Тұран- Иран- Ұрым

Құс жететін самғап ұшып,
Қанаты әбден талғанда,
Көрген де оны, көрмеген де-- арманда;
Тұрын бар-тын,
Иран бар-ды,
Рим бар,–
Кім бар еді басқа мынау жалғанда?!.

Лүп-лүп етіп асқақ алып жүрегі,
Сол Үшеуі Жерді ұстап тұр еді.
Даламның да бөлек еді-ау, өңі онда,
Ғаламның да басқаша еді реңі. 

Тұлпарлар да жердің түбін шарлаған,
Сұңқарлар да көкте еркін самғаған.
Тығылып кеп бір аяр сұм, арда ұлдың,
Арқасына пышақ сала алмаған! 

Сол заманда алған еді ел есе,
Ер болар ма елдің мұңын жемесе?
Ақындары патша болған олардың.
Патшалары ақын болған-- немесе!

... Махаббат – жоқ!
Мұнда бәрі – ойнас!
Тұл!
Қымыз ішіп, бал жесе де тоймас құл?
Тұран тұрған қасиетті бұ жерден,
Ер Тоңғадай* Ұлан тумай қоймас бір?!. 

Туады олар, айтады әлі өлеңді,
Ұшпаққа алып шығады әрі ол елді.
Сол уақытта біз болмаймыз бұ жақта.
Өзегіңді өртейтіні сол енді...

*Алып Ер Тоңға – Түран елінің баһадұры.

Құлағымда Қобыз сарыны
(Эпилог)

Әшейін пендең ем ғой,--перің емен,
Қобыздан басқа күнде нені көрем?
Түбінен құлағымның жоқтау айтып,
Сарыны-ай, түу түкпірден еңіреген?

Алаштың қайғы-мұңы толайым кеп,
Айналып жүр ме маған соғайын деп.
Бір сарын жүрегімді арбап күнде,
Жүр маған Қобыз келіп қонайын деп. 

Бір қайғы-- бір қайғыны қозғайын деп,
"Қолыңа қобыз алсаң, сөз дайын?"- деп;–
Сол шіркін жүрегіме кіріп алып,
Меніңше, жүр-ау, тағы боздайын деп? 

Жүрмеймін жиі ел жүрген ортада көп,
Айтпаймын балаларға қорқа ма деп?
Қорқыттың зар сарыны, құлағымнан,
Барады қалай шауып қолқама кеп?!.

1970 ж. Қызыларай – 03.02.2019 ж. Қарағанды.

0
Рейтинг: +0

Фото: Aikyn.kz
Қосылған күні: 13 ақпан, 10:40

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.