Елдос Тоқтарбай: "Түрме шабыт беретін жаныңа жайлы шипажай емес"

Елдос Тоқтарбай: "Түрме  шабыт беретін жаныңа жайлы шипажай емес"
Фото: Елдос Тоқтарбай

Бүгін дүние жүзі "Түрмедегі жазушылар күнін" атап өтеді. Тарихқа үңіліп отырсақ, түрмедегі жазушылардың өзі бөлек бір әдеби әлем. ХХ ғасырдағы нәубет те қазақ әдебиетінде түрме шығармашылығын тудырды. Осы орайда бұл тақырыпты 5-6 жылдан бері мұқият зерттеп жүрген мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбаймен тілдескенді жөн көрдік.

– Елдос қазақта "ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде" деген сөз бар. Сірә, сол сөз ХХ ғасырдың басында пайда болса керек. Себебі Қазақ даласына алай-дүлей апат әкелген ХХ ғасырда қазақ зиялы қауымы, бас көтерері итжеккенге айдалып, түрмеге жабылып жатты. Сенің "түрме шығармашылығын" зерттеуіңе не себеп болды? 

– Өзіңіз білесіз мен Алматы мен Астанадан жырақта жатқан, сонау Торғай даласындағы Арқалық пединститутын тәмамдадым. Сол Ыбырай атындағы қара шаңыраққа студент болып қабылданғанымда, қазақтың ақтаңгер ақыны, ақберен азамат Айбек Қалиевтің шәкірті болып, балмұздақ кезімнен-ақ со кісінің әдеби-ғылыми мектебіне қабылдандым. Ғибраты мол ұстазым сол кезде маған: "Елдосжан, әлемдік әдебиеттану ғылымында "түрме шығармашылығы", "түрмеде жазылған туынды", "түрме жыры" деген сияқты түсініктер бар. Сен осы тақырып аясында материал жинақтап, зерттеу жұмысына ден қой!" деп тапсырмасын берген-ді.

Сосын, 1 курстың екінші семестрінде ұлы Ахаң, аяулы әкей Ахмет Байтұрсынұлының туған жері Сарытүбек ауылына барып, тарихи тұлғаның туған үйін көріп, ата-бабасы жерленген Ата бейітке зиярат етіп, Ұстазымыздың ақ ниетімен қазақтың ескі ырымын жасап, алты Алаштың Ахаңы туған Аққұм топырағына аунадық. Қасиетті топыраққа аунаған соң, ұстазым: "Ал, енді Алаш мұрасына, Алаш аманатына адал болыңдар!" деп үлкен адамшылық ісін мойнымызға жүктеді. Бұл өзі – түсіне білген адамға ұлт алдындағы аманат ісі, ұрпақ парызы. Міне, осылай алаш мұрасына деген аңсарымыз ауып, ұзақ уақыт бойы тиым салынған ақтаңдақ әдебиетті, шерлі де қайғылы әдебиетті оқуға, тануға, зерттеуге деген ынтамыз артты.

1 курстан бастап Торғай өлкесіндегі ескі архивтер мен кітапханаларды "тінтіп" отырып, Алматы астық, Алматының құпия архивтерін қопарып, Омбы мен Томбыға, ең соңы дегенде Орынбор мен Петербор, Мәскеуге өттік. Содан не керек, 4 курсқа көшкен жылы жинастырған материалдарымызды жүйелеп, "сорттап" қарасақ, көп дүние жинап алыппыз. Соған қарағанда архив ісінде, мұрағат құжатын жинауда нағыз "мешкей", "тоғышардың" өзі болған сияқтымын... Диплом жұмысым 60 беттік нормадан асып, 180 бетке жуықтапты, сосын оны академиялық жүйеге, ғылыми стильге салып, көркем әдеби тілімізге ғылыми "операция" істеп, ақырында "Қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығы және эмиграция кезеңі" (Генезис. Эволюция. Поэтика) деп аталған 256 беттік монографияға айналдырдық. Диплом жұмысын қорғау алдында бұл еңбегіміз жазушы Арасанбай Естен ағамыздың "Баянжүрек" баспасынан жарыққа шықты. Кітаптың беташары Халық жазушысы Қабдеш аға Жұмаділдің баталы сөзімен басталды. Елімізге белгілі 5 ғылым докторы пікір жазып, қолдаған еді. Бакалавриат кезімізде жазылған бұл еңбек – ғылым жолындағы алғашқы ізденісіміз, қанатқақты дүниеміз ретінде қымбат һәм ыстық. Кейін келе "Тағдырлы жырлар" зерттеуі, "Үзілген жыр – үзілмеген үміт" антологиясы, түрме тілінің сөздігі сияқты т.б. еңбектеріміз жазылып, оқырман назарына ұсынылып, ғылыми айналымға түсті. 

Негізі, "түрме", "абақты", "қапас" деген түсінік орыс империясына кіріптар болған, қолымыздан билік, басымыздан ерік кеткен кер заманмен байланысты. Ал, қазақтың ескілік әдеби мұраларында, лиро-эпостық жырларда батырларымыздың зынданға түсуі бұл өз алдына бөлек дүние-тұғын. "Түрме", "абақты", "қапас", "итжеккен", "қуғын-сүргін", "эмиграция" дегендеріміз дәл сол империяның саяси қысымынан, идеологиялық кертартпа езгісінен басталған-ды.

Қазақтың тұрмыс-тіршілігіндегі "түрме" дегеніңіз – қоршауы да, ілгегі де жоқ кең даладай киіз үйдің бір бұрышы ғана. Біздің қазақ тентегін екі ауыз сөзбен тиып, басбұзарын құн салығымен құрықтап, жазылмаған дала заңымен шара қолданған ғой. Ал, империяның түрмесі деген ібір-сібірдің суығы, еңбекпен түзеу колониясы, каторгы... Ішкі Ресейдің өзінде демократтық көзқарастағы ұлтшылдары мен оқығандары, маңдайалды ғалымдары мен ақын-жазушылары саяси кембағалдардың кесірінен зардап шегіп айдалды, қуғын-сүргіннің тезін көріп, ең ақырында атылды. Адамзат тарихындағы ең ірі қуғын-сүргін осы – ХХ ғасыр басындағы интеллигенциясының басына төнген қатер. Бұдан өткен зор қасірет болмаған-ды. 

Қазақ әдебиетінде түрмеге түскен ақын-жазушылар сонау Махамбет, Абай дәуірінен басталады. Иманжүсіп Құтпанұлы, Тобағұл Мұсабайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Ығылман Шөрекұлы, Байқадам Қаралдыұлы, Мәди Бәпиұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Пышан Жәлмендеұлы, Закария Сағындықұлы.... Құдай-ау, қайсібірін атайық, қазақтың игі жақсыларының бәрі басынан түрмелі қуғын, сіргелі сүргінді өткерген ғой... Осы ақын-жазушылардың творчествосымен таныса келе, "Қазақ әдебиетіндегі түрме поэзиясы" деген үлкен бір арналы әдебиетті көресіз, ал сонау Қытайдың атақты Такламакан шөліндегі Тарым лагері, сол абақтыда жазасын өтеген Қажығұмар Шабданұлы есіңізде болар, сол Қажекеңнің тас түрмеде отырып жазған әйгілі "Қылмыс" романын оқып, "Қазақ әдебиетіндегі түрме прозасы" деген түсінікке иланып, шарасыз мойындайсыз. Міне, қазақтың бай әдеби мұрасының қилы тарихы осылай өз ішінен сала-салаға жіктелгенде, шақшадай басың шарадай болады екен... 
 

– Десе де қалай ойлайсың, түрме жазушыларға шабыт беретін сияқты. Әлем әдебиетіндегі кез келген автордың қапаста отырып жазған шығармасы танымал. Тіпті осы күнгі Грегори Дэвид Робертстің "Шантарамын" да жұрт жаппай таласып оқығанын көзім көрді. Қазақтың біртуар жазушыларының бірі Мұхтар Мағауин Достеевскийдің "Өлі үйдегі хат" шығармасын ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалар қатарына қосады. Бұл да түрмедегі жазушының бастан кешкен оқиғалары. 
 
– Түрме шабыт беретін жаныңа жайлы шипажай емес шығар. Абақтыда, азып-тозып сүргінде жүрген адам жетіскеннен қолына қалам алмаған болар?! Бір қызығы сол Г. Робертст те, М. Достоевский де, В. Шаламов, Н. Хикмет, А. Гума, О. Уайльд та "түрме әдебиеті" деген әдеби кезеңді тудырамыз деп ойламаған да болар. Бұл түсінік негізінен саяси жүйенің қысымынан жасалған, дұрысы қолдан жасалған қасіреттің салдарынан туындаған кезең ғой. Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: "Біреу: жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман, - дейді, біреу: маңайымдағы елім нашар, - дейді. Бұлардың бәрі далбаса, бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады" деген еді. Біздің зиялыларымыз, әсіресе алаш арыстары түрмеде отырса да, уақытын текке өткізбей, елінің мұратына, жұртының қамына деп іс қылды.
 
Соның бір айқын көрінісі – Міржақып Дулатұлының Сосновец лагерінде отырып, бірнеше дәптерден тұратын "Түркі халықтарының түсіндірме сөздігін" құрастыруы. Абақтыда қатарлас жатқан түркі халықтары өкілдерінің сөздерін жіктеп, бір арнаға тоғыстыруы – үлкен бір институттың атқарар ісі емес пе! Сол сияқты Балтық-Беломорканалын қазу кезінде Мағжан Жұмабай, Файзолла Сатыбалдыұлы шерулі кезеңнің шерлі де, азапты түрме жырларын жазды. Шахан Мусин, Бүркіт Ысқақовтар да түрменің тақсіретін тартып, түрме әнін тудырды. "Алақандай тесіктен тіл қатқан" кешегі Мәди де, Иманжүсіп те, Пышан да, Сұлубай мен Бүркітбай да кең дүниенің кемдігін көрген асыл ерлер еді ғой... Түрме жырларында көкіректі кернеген ащы зар, намыс пен ұлттық рухтың көрінісі, жаншылған айбат пен тапталған тұғыр бар. Бұл саяси лириканың озық үлгісі деп топшылаймыз. 
 
 
"Түрме шығармашылық адамы түгіл, қарапайым адамды да жүнжітіп жібереді" дейсің. Бірақ тарихта абақты бір адам өміріне әсер етіп, басқа арнаға бұрып жіберген сәттер де аз емес. Мысалы, ақша ұрлады деген айыппен түрмеде 3 жыл жатып, 14 әңгіме жазбаса, әлем О Генри дейтін жазушыны білмес еді. Сервантестің "Дон Кихоты" өмірге келмес еді. Сол сияқты қазақ жазушыларына да түрме оң әсер еткен кездері болды деп ойлайсың ба? 

– Түрменің дәмін тартқан қазақ жазушылары өте көп болғанымен, қағазға түсіп, ел қолына жеткен шығармалар мүлде аз. Ал, Қытай жағында, кешегі "мәдениет төңкерісі" жылдары қуғынға ұшыраған Таңжарық бастаған ақындардың шығармалары тұтасымен сақталып, хатқа түсіп, бүгін оқырман қолына жетті, ғылыми айналымға енді. Біз де Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешу" мемуарлық романының алғашқы бөлімдері, эскиздері Колчактың азап вагонында жазылды. Хамза Есенжановтың "Ақ Жайық", "Жүнісовтер трагедиясы" шығармалары да түрменің тас босағасында жазылды. Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Қайрат Рысқұлбековтың отты да, рухты өлеңдері сол түрменің тар бөлмесінде дүниеге келді. Өмірден өксіп өткен Сағат ақынның да азалы жырлары қапастан шыққан дауыс еді.
 
 
Түрмеге түсіп, қиындық шегіп, тақсірет арқалап, я ақын, я жазушы болды дегенді естімеппіз. Біздің әр қазақтың жаны ақын, бір шумақ өлең жазбайтын қазақ кемде-кем ғой. Бірақ, абақтыға түсіп, ақын болыпты дегенді естімеппіз расымен. Естімейік те. Жақсы нәрсе емес. Сөз басында айттық, абақты жыры, түрме сөзі деген – саяси идеологияның қысымынан қиналғанда шыққан жан дауысы ғана. Ал, оның көркемдігі, поэтикалық ерекшелігі мен тілдік, стильдік һәм идеялық политрасы деген зерттеу нәтижесінен туындаған теорияның жұмысы. 

Алла сәтін салса, қазақ оқырмандарының назарына "түрме әдебиеті" аясында бірқатар еңбектерді ұсынып, сүйінші сұрар күн алыс емес сықылды. Бір анығы – бұл шығармалар арқылы өткен жолымызды, өткен тарихымызды біліп, өткенге құрмет көрсетуге ниет етерміз.
Т. Раушанұлы