Қадыр мен Тұманбай "Халық жазушылары" атанған күн

Қадыр  мен Тұманбай "Халық жазушылары" атанған күн
Фото: zhasorken.kz

Осыдан 23 жыл бұрын Қазақтың біртуар азаматтары, көрнекті ақындары – Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиевке "Қазақстанның халық жазушысы" деген құрметті атақ берілген еді. 

Әзілдері жарасқан, түйедей құрдас қос талант ілгерінді-кейінді Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Бірі балаларға арналған өлеңімен, екіншісі "Студент дәптері" деп аталатын пышақтың қырындай жинағымен өлең табалдырығынан аттағаннан-ақ жырсүйер қауымды елең еткізді.

Қос алыптың бірі – "Ойлы ақын" еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы "Балдырғаннан" бастап, "Жұлдыз" журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары "Жазушы" баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі сынды түрлі лауазымды қызметтерді атқарса, екіншісі – "Лирик ақын" еңбек жолын "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газетінде әдеби қызметкер болудан бастап, 1956–1959 жж. "Пионер" журналында әдеби қызметкер, 1959–1971 жж. "Жазушы" баспасында редактор, аға редактор, 1971—1973 жж. "Балдырған" журналында жауапты хатшы сынды т.б қызметтер атқарған. 

Қадыр Мырза Әліге 1966 жылы "Ой орманы" жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілсе, Тұманбай Молдағалиевке 1968 жылы "Жаңа дәптер" жинағы үшін Республика Комсомолы сыйлығы берілді. 

Қос алып та 2011 жылы өмірден өтті. 2017 жылдың қараша айында қос қаламгерге Алматыдан көше атаулары берілді.

Т. Раушанұлы