Кітапты тыңдау мен оқудың айырмашылығы неде?

Кітапты тыңдау мен оқудың айырмашылығы неде?
Фото: Yernar Almabek\ Massaget.kz

Кітаптардың аудио нұсқасын жасауды ұсынған Томас Эдисон бұл тәсіл осындай дәрежеде кең таралатынын өзі де ойламаған болса керек. ХХІ ғасырда аудиокітаптардың кең таралғаны сондай, олар бүгінде бизнес көзіне айналды. Ұлыбританияда аудиокітаптан түсетін пайда 2013 жылдан 2017 жылға дейін 148 пайызға өсті. АҚШ пен Канадада аудиокітаптарды жасау табысты кәсіп болып саналады. 

Бұл форматта кітаптардың жасалуы табиғи. Себебі, оқырмандар көлік кептелісі, жолда, кезекте немесе үйде басқа жұмыстармен айналысып жүргенде аудиокітапты қосып қойып, тыңдай беру айтарлықтай қолайлы. Олар арзан, смартфоныңызда да көп орын алмайды. Қала берді көзі ауыратындарға көркем әлеммен танысу үшін аудиокітап таптырмас әдіс. 

Бірақ, болашақта аудиокітап баспа кітаптың орнын басады деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі, оларда суреттерді беру мүмкін емес. Сонымен бірге, аудиокітаптарды тыңдап, ол жердегі айтылғандарды қорыту баспа кітаптарға қарағанда біраз қиындау. Ең маңыздысы, кітапты оқығанда ғана көп мәлімет ала алатынымызды естен шығармауымыз керек. 

Зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, кітапты тыңдаған кезде біздің ақыл-ойымыз бір нүктеге шоғырланбайды. Мәтінді көрмегенен соң көп нәрсені есте сақтай алмаймыз және тарихи мәліметтерге аз назар салады екенбіз. 

Сіз кітап тыңдап жатып басқа істермен шұғылданатын болсаңыз, тыңдап жатқан кітабыңызда не айтылып жатқандығына аса көп мән бермейді екенсіз. Аудиокітаптардың жалғыз видеолардан ғана артықшылығы бар. Лондон университеті колледжі мен Audible компаниясының бірлескен тәжірибесінің зерттеу нәтижесіне қарағанда хикаяны тыңдаушы экраннан көргеннен гөрі көп мәліметті есте сақтай алады екен.

Т. Раушанұлы