Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасы Мәскеуде орыс тілінде шығатын болды

Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасы Мәскеуде орыс тілінде шығатын болды
Фото: ult.kz

16 қазанда Мәскеуде "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия мен "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасының ресейлік әріптестері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

"Қазіргі қазақ прозасының антологиясы" және "Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы" аудармалары Мәскеу мемлекеттік университеті (М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті) баспа үйінің, сондай-ақ Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының қатысуымен жүзеге асырылады. 

Қазіргі заманғы қазақстандық әдебиеттердің үлгілерінің жинақтарын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы: "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бағдарламаның бағыттарының бірі - "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы. Оның міндеті - тәуелсіздік жылдарындағы қазіргі қазақ әдебиетінің, музыкалық және бейнелеу өнерінің, хореографияның, кино өнерінің сонымен бірге театр саласының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен табыстарын дүние жүзіне таныстыру. 

Аталған мемарандумға қол қою рәсімі Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі И.Н.Тасмағамбетов және "Ұлттық аударма бюросының" директоры Р.Кенжеханұлының қатысуымен өтті. Қазақстан тарапынан меморандумға "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева қол қойды.

Аталған шара кезінде Аида Балаева: "Қазақстанның ежелден сенімді серігі, әріптесі болған Мәскеу университеті аталған жобаны жоғары сапада аударып, орыс тілді оқырманға мейлінше тарататынына сеніміміз мол", – деп ыстық ықыласын білдірді.

Өз кезегінде Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйінің директоры Александр Веракса, Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі ресурстарына сүйеніп, жобаның табысты болуына бар күшін салатынын айтты. Сонымен қатар, Ресей Жазушылар Одағының Мәскеу қалалық ұйымының төрағасы Владимир Бояринов осындай аударма және бірлескен жұмыстар Қазақстан мен Ресейдің әдеби байланысында алтын көпір болатына сенім білдірді.

Меморандумда көрсетілген ынтымақтастық шеңберінде Ресейдің Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымы әдеби анталогияны көркем аудару және редакциялаумен айналысса, "МГУ" баспасы аталған анталогияны басып шығару, орыс оқырмандарына таратуды өз мойнына алады. 

Еске сала кетейік, қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің үлгілерін БҰҰ-ның 6-тіліне (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз) аудару "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының маңызды һәм ауқымды салаларының бірі болып табылады.

Жобаның мақсаты тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет, музыка және бейнелеу өнері, хореография, кино және театрдың жетістіктерін әлемге таныстыру. Жоба қазіргі қазақ әдебиетінің екі антологиясын жариялауға аударма және дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұлар – "Қазіргі заманғы қазақ поэзиясы және қазіргі заманғы қазақ прозасы антологиялары". Әрбір антологияның көлемі шамамен 600 бет болып, әр анталогияға 30 автор енгізіледі. Антологияның құрылымы мен мазмұны Қазақстан Жазушылар Одағының арнайы отырысында бекітілген.

Бүгінгі таңда жобаның барлық негізгі серіктестерімен келіссөздер жүргізіліп, аяқталды. Осылайша, ағылшын тіліндегі нұсқаны Кэмбридж университетінің баспасы, испан тіліндегісіне – Испанияның мәдениет министрлігі және Сервантес институты, француз тіліндегісіне – Париж мэриясы мен Францияның Ұлттық кітап орталығы қатысады. Ал қытай тіліндегі нұсқасы даярлауға ҚХР Ұлттар баспасы жүзеге асырады.

Т. Раушанұлы