Ақ Сарбаз

Ақ Сарбаз
Фото: Ernar Almabek

Қазақ руханияты мен мәдениетіне еселі үлес қосқан танымал тұлғаларға жылара Мемлекеттік сыйлық беріліп келеді. Биыл осы сыйлыққа киелі Семей өңірінен белгілі ақын, қазақ әдебиетінде өзіндік үні, үрдісі бар Тыныштықбек Әбдікәкімовтің "Алқоңыр Дүние" атты еңбегі ұсынылып отыр.

Осы заманғы әдеби процесте бәрімізге белгілі бір ақиқат – Е. Раушанов пен Т. Әбдікәкімов екеуі өздеріне тән ақындық мектеп қалыптастырған бөлекше қаламгерлер. Тыныштықбек әуел-бастан қазақ өлеңіне соны нақыш, ерекше өрнекпен келген ақын. Қаламгерді мемлекетшілдік рухтағы тың ой-толғамдармен һәм ұлттық-философиялық концепцияларды жаңғырта келген жаңашыл да жарқын жырларымен бүгінгі Қазақ Елінің қайраткер тұлғасына айналды деуімізге әбден болады. Сондықтан, Тыныштықбек Әбдікәкімовтің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған туындысы биыл әділ бағаланып, оған лайықты деп танылатын болса, нұр үстіне нұр болар еді. 

Мерей Қарт, ақын

Жағалауда

Ертістегі пароходтың кернейі.
Ол да – шашы жалбыраған желдей үн.
Сөйлеп тұрған жадың – күлгін маскалы.
Отырасың өкініштеріңді еске алып.

Алақанға құйып ішпек шарап та,
Шалғын болып жайылардай алапқа.
Ешбіреуге ызаң да жоқ, датың да,
Рахаттың күйдірмейтін отында.

Көшпелі алтын – Күн нұрының мұртында.
Қол созасың, сар табаның жылтыңдап.
Қыз күлкісі меңдуана иісімен
Бірге өріліп, 
Көңіл құрты сүйсінер.
Кекештеніп көмейде бір көне тіл,
Әлденеге азғырынғың келеді.
Құтылғың кеп шер деген де пәлеңнен,
Күрсінесің Ой да жетпес тереңнен.

Көк желкеңмен бақыласаң қаланы,
Маңдайыңмен аңсайсың кеп даланы.
Алып көпір – алақандар еңбегі.
Одан бірақ, – жүйке берік сендегі.

Тағы не бар?
Үйректер бар, қаздар бар.
Құйрығымен суға өлең жазғандар.
Мас орыс бар барқыраған, балықшы.
Бәрінің де сырына сен қанықсың.

Мұнараның бұрқ еткенде азаны,
Елестейді алдағы күн, қазалы.
Пароходты сүйреп кетіп екінді,
Керілесің, түк болмаған секілді.

22-қыркүйек

"Күз" дегенім – қыз аты. 
Жатқа қиын ұзату.
Ол – ажалсыз ғашығым.
Сәуле ішінде, жасырын.

Сезгендей ем жұпарын.
Үміт – көкшіл тұтаным...
Дыбысы бар мыңдаған
Әр сәулені тыңдағам.

Тінткем барша бақшаны.
Сөйлер сөзім – сап-сары.
Ере шығып күмәнға,
Еніп кеттім тұманға.

Үндемеді жел тылсым.
"Күз" дегенім – кемпір сұм.
Сүйіппін де... күйіппін.
Көздің жасы – сұйық мұң.

Көрінбеді Күн әділ.
Бір жерге кеп құладым.
Жамылғым – түн, баяғы.
Шығып жатыр аяғым..

Бөртегүлдің* жұпары

Онда мен он жастамын.
Өгей ме өмір?
Әкесіз қалған кезім. 
Көмейде – мұң...
Ертіс пен кенже апайым Мырзагелді...
Қарағай...
Мамыр айы. 
Семейдемін.

Қыдырдым.
Орман бардым. 
Қала кездім.
Сондағы балмұздағы-ай бала кездің!
Үй маңы – бөртегүл бар, қош аңқыған!
Көршінің қызы да бар, қаракөзді!..
Қанқыз* бар.. жапырақтың түгіндегі із...
Сеземін, сол шіркінмен мұңым да егіз.
Өзіммен жасты бала – көрші қызы.
Кездесіп бөртегүлдің түбінде біз!..
Сол бір шақ!... әр құрақты тыңдап түнде...
Сол қыздың қылығы өзге бұлғақ, мүлде!
Сөйлейміз: ол – орысша, мен – қазақша.
Ойнаймыз бір сиқырлы жұмбақ тілде!
Сол тілде бүрлесе еді – мұң бүрлесе!
Сол тілде жайқалса еді мың бір нөсер!..
Сол тілде сайрайды екен бұлбұл да әсем!
Сол тілде жарқ етеді тұнжыр көше!

Сол бір шақ – періштелер қалауы ма?
Қанқыздың қанаттағы алауы ма?!..
Табаным шымыр ете қалған бірде,
Танауым тиіп кетіп танауына!
Жайнайды төбемізде ен-тегін Күн,
Көгілдір қошын үстеп бөртегүлдің!...
Мен солай – қызұнату ғажабының
Жұпарлы болатынын ерте білдім!
Жүрекке бөртегүлден қош өңгеріп,
Күлемін!..
Қаракөзім – әсем көрік!..

Арман-ай, амал қанша, амал қанша,
Ауылға алып кетті, Шешем келіп!

Бала едім, өксік толы соры – ішінде.
Қара көз!... 
Жыладым ба сол үшін де?..
Баяғы бөртегүлдің иісін аңсап,
Семейге қайта келдім онүшімде.

Сол мамыр!
Мырза апайым... 
Жаңбыр да есте.
Іздедім аяулымды теңбіл кеште.
Жұпары бөртегүлдің ерен өткір:
"Ол қыз жоқ!... көшіп кеткен сенбілмеске!.."

Алжасыл маздағаны-ай бөртегүлдің!..
Мен солай... құсаны да ерте білдім. 
Жаутаңдап, жапырағын сипай бергем,
Жанымды өртегірдің!..

Қазір де Семейдемін.
Тұрғынымын.
Меңгергем жыр ғылымын-мұң ғылымын.
Тағы да – мамыр айы, бөртегүлді!
Тағы да – мамыр айы, бұлбұлы мың!

Білмеймін, өңімдегім сес пе, мыс па?..
Гүлденер жұпар аңқып сөз ғарышта!
Дегенмен... 
Бөртегүлді иіскей қалсам,
Түседі жад сұрапыл қозғалысқа!..
Қайран, жұпары аңқыған алғашқы махаббат-ай!..

Бөртегүл* (сирень)
Қанқыз* (божья коробка)

***
Қағазым өлсе өлер, сүйегі әбден сарғайып.
Қаламым өлсе өлер қансыраумен.
Ол – ғайып.
Көкірегінде көзі барларға оқылады
Шердің жұпар майына шылқыған өлең-маңдайым.

Күннің отыз екі нұрының қуаты бар – отыз екі тісімде.
Яғни, қамқор бола аламын – қараңғылық үшін де!
Көре аламын аңды да адамдық пішінде.
Тілімнің ұшында да – періштем бар!
Шексіздік бар ішімде!

Өмірді сүйемін ертең де, бүгін де.
Аспандай ауыр – жүрегімдегі жүгім де.
Арманы жарқын албастыға да ғашық бола аламын,
Нұр құлпырып, отыз екі омыртқамның да түбінде!

Алпыс екі тамырымның бәрі – қош тамыр.
Мұңым да – пенделердікінен басқа мұң.
Мен – 
– бүршіктей ғана аңқыр Ойы ішінде Құдайды да қабылдай алатын
Ақын деген қасқамын!

Т. Раушанұлы