Ташкентте "Абай және өзбек әдебиеті" атты көрме ұйымдастырылды

Ташкентте "Абай және өзбек әдебиеті" атты көрме ұйымдастырылды
Фото: xabar.uz

2018 жылдың 13 наурызындағы "Қазақтың ұлы ақыны һәм ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу және насихаттау туралы" ПҚ-3598 Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің қаулысын жүзеге асыру мақсатында Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде "Абай және өзбек әдебиеті" атты тұрақты экспозиция өз жұмысын бастады. 

Тұрақты экспозицияда ұлы ақын, ойшыл, халық достығын насихаттаушы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы және өзбек-қазақ әдебиетінің тарихы туралы ақпараттар бар.

Көрменің ашылуына арналған салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталықтың басшысы Серік Үсенов және аталған оқу ордасының профессорлары мен ұстаздары, студенттері қатысты делінген xabar.uz сайтында.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы 18 наурызда Өзбекстан Республикасының Призиденті Шавкат Мирзиёев – Абай Құнанбаевтың адами құндылықтар – ар, иман сезімдері кең түрде насихатталған әдеби шығармалары, ғибратты өмірі, қоғамдық істерімен өзбек халқының мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан қызметін ескере отырып, өзара мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту, Өзбекстанға қазақ ұлыларының шығармаларын кең түрде насихаттау мақсатында "Қазақтың ұлы ақыны һәм ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу және насихаттау туралы құжатқа қол қойғанын жазған едік. Осыған орай Өзбекстанда һәкім Абайдың туған күні 10 тамызда Ташкенттегі мүсініне гүл қою және тағы басқа игі іс-шаралар атқарылды.

Т. Раушанұлы