Бақыт Кенжеев: Менің өлеңдерім түнек көлеңкесінде жазылады

Бақыт Кенжеев: Менің өлеңдерім түнек көлеңкесінде жазылады
Фото: vk.com

Басы

- Қазір жастар бірнеше тілде еркін сөйлейді. Егер қаламгер алдынан қай тілде жазамын деген дилемма туындаса қайтпек керек?

- Бұл тақырыпта ақын Ербол Жұмағұлмен үлкен әңгіме болған. Ол кезде Ербол тым жас еді, шығармаларын орыс тілінде жазатын. Киевте Александр Кабанов деген ақын бар. Өз замандастарының ішіндегі ең үздік орыс ақыны. Украинша еркін сөйлесе де, орысша жазады. Не деуге болады?

Шындығында, бұл оңай сұрақ емес...

Ерболдың екі тілде де шебер сөйлейтінін білгенде: "Ербол сен өте талантты ақынсың. Егер орысша жазсаң, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, атақты боларың анық. Ал, қазақша жазсаң, Қазақстанның әр қаласында саған арнап ескерткіш орнатылатын болады. Кезіндегі Абай, Пушкин секілді сен қазақтың заманауи әдеби тілін қалыптастырушы атанасың" -дегенімде, Ербол: "Мен Мандельштам жыр жазбаған тілде жазбаймын"- деген (күліп).

Бірақ, жас тілде жазу оңай емес. Жас дегенім қазақтың тарихын жоққа шығарғаным емес. Бұл Сталин билігі кезінде түрлі ұлт зиялыларының көзі жойылып, сол этностардың мәдениетінің әлсіреп қалуының әлі күнге дейін өз залалын тигізіп келе жатқандығы. Қайта жаңғырып, қалыпқа келу үшін кем дегенде жарты ғасыр уақыт керек. Жас тілде жазу, жаңа әдеби тіркестер ойлап табу үлкен challenge (сынақ). Есесіне, қолдан келіп жатса, зейнеті зор. Мысалы, Василь Быков пен Шыңғыс Айтматов шығармаларын өздері орыс тіліне тәржімалаған. Бір жағынан, олардың осыншама атақты болуы өз тілдерінде жазғандығының әсері. Өз тіліңде жазсаң, "Халық қаһарманы" боласың. Орыстар көп. Осы орайда жасөспірім кезімнен бір оқиға есіме түсіп отыр. 16 жасқа толған шағымда құжатқа ұлтымды "орыс" (Анасы - мәскеулік Елена Карасева) деп көрсетуге итермелегендер болды. Мен сол кездің өзінде: "Орыстар онсыз да көп. Мен қазақпын" дегенмін. Әкемнің қатты қуанғаны есімде.

... Білесіз бе, саны аз ұлттың тілінде жазудың тағы бір артықшылығы бар. Ол сізді Тәңірдің алдында ақтайды. Мен орыс тілінде жазатыным үшін ыңғайсыз сезінбеймін. Себебі, уақытымның көп бөлігін шетелде өткіземін. Онда мен ешкім емеспін. Мені ақын деп білмейді. Эмигранттардан өзгеге орыс әдебиеті қызық емес. Ғаламшар ауқымында орыс ұлты - саны аз халық.

Бірақ, менің бір жақын танысым, ақын қыз соңғы кездері өлеңдерін ағылшын тілінде жазатын болды. 2-3 жыл көлемінде журналдарға басылып, айтарлықтай атаққа қол жеткізді. Осы жолда ол орыс тілінен бас тартқандай болды. Ал, мен олай істей алмайды екем. "По чужим прихожим корки собирать" маған жат қылық. Өзіме сатқындық жасай алмаймын.

Адам өз тегі, өткені, ұлтымен мақтануы керек. Бірақ, одан культ жасаудың керегі жоқ. Өзгелерді қабылдай білу де өнер. Қазақтар менің адамзатқа деген сүйісеншілікке баулуымды қажет етпейді. Бұ жағынан қазақтар мен грузиндер алдарына жан салмайды...

Осыған дейінгі әңгіме балконда айтылған, ақын бөлмесіне кіруге ыңғайланды. Сәл үнсіздіктен кейін ақын үшін қасиетті тақырыпқа ауыстық.

- Поэзияның миссиясы не?

- Поэзия бізді бұл өмірге көндігуге, ода қандай-да бір мән барын ұғуға көмектеседі. Кәрілік, өлім, ауру, мұң сынды өмірлік мәселелермен күресуге... Ол біздің тіршілігімізде өзіміз ойлағаннан да кең ауқым, терең мағына бар екенін ұғындырады. Ұлы өнердің де миссиясы сол. Өмірден ұққанды кенепке төгілген бояулар немесе ритмикалық ретпен орналасқан көркем сөздерден өзге тәсілмен жеткізу қиын.

- Ал, мұңаю сіз айтқандай өмірлік мәселеге жата ма? Ақындар осы күйде күн кешуді ұнатпаушы ма еді?

- Мұны түсіндіру қиын. Мысалы, күнделікті тұрмыста мен бар адамзатты сүйетін өте көңілді жігітпін. Ал, жалпы ... Менің өлеңдерімнің өзі түнек көлеңкесінде жазылады.

- Яғни, декаденттік (упаднические)  жырлар ғой?

- Жоқ, мен, керісінше, сол қараңғы түстерді азайтып, оларға сәуле төгуге тырысамын. Оқырмандарымның айтуына қарағанда, өмірдің түнерген тұстарын өлеңде нұрландыра жеткізу қолымнан келіп жатқан секілді. Бұлардан өзге, қарапайым ғана көңілді, иронияға толы жырларым да бар. Солар құтқарады.

... Өмірде еш мән жоқтай күй кешіп, мұңға батқан сәттерде Баратынский, Мандельштам немесе жас кезімнен дос болған Алексей Цветков, Сергей Гандлевский сындылардың бір томын ашсаңыз болды, бұл өмірдің соншалықты құр сабылыс емес екенін білесіз. Сізді қоршаған қара түнек ойлардың өзгелерді де мазалайтыны, оларды иненің көзіндей саңылаудан түскен ізгі сәуле құтқарып қалатынына көзіңіз жетеді. Ақындар сіз кешкен мұңды, сіз кешкен сезімді, сіз жүріп өткен жолды әлдеқашан басынан өткеріп, осыдан жол тауып өлең жаза алған. Ендеше өлең құр жазу емес, адамға жол сілтейтін есіктің кілті.

Өлең адамның көңіл-күйі мен психологиясына тигізетін әсері жағынан дұғаға ұқсайды. Нағыз өлең - дұға...

...Давид жазғаны өз көңілінен шыққанда Тәңірге ғибадат ететін алтарь алдында билейтіні Інжілден белгілі емес пе?!...

***

... Ақынның бөлмесіне 1 минутқа деп кіріп, 1 сағат әңгіме айттық. "Мен сендерді ұнатып қалғанымды ұзақ тілдескенімізден-ақ сезіп отырған шығарсыңдар... Енді түскі ас ішіп үлгермеймін. Алматыны аралауға апаратын автобус күтіп қалған шығар. Рұқсат етсеңіз, сыртқа шықсақ" - деді. Мен ақынның саусағынан көрген қою қызыл түсті таспен көмкерілген сақина туралы сұрамай кете алмадым.

- Мұның өз тарихы бар (сақинаны маған бергенде тасқа салынған ай мен жұлдыз суреті анық көрінді). Мен осыдан 20 жыл бұрын бір роман жаза бастадым. Ол атадан балаға мұра боп қалған қола сақина туралы болуы тиіс еді. Шығарманы бастар алдын : "Осы роман менің атағымды шығарады, байып кетемін" - деп ойлағам. Міне, содан бері 3 қайтара жаздым. Әлі көңілім толмайды.

Балам Леша: "Әке, мен дәл сендей талантты болсам, баяғыда байып кетер ем. Неге поп музыкаға ән жазбайсың? Ағылшынша болса, тіпті жақсы" - дейді.

Түсінгенім, қандай пиғылмен жазғаныңды Тәңір көріп тұрады. Ешқашан атақ, ақшаға әуес болмаңыз.

P/S : Қайтарда ақынның темекі түтінің көгілдір тұманына оранған бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. Күніне қанша қорап шегеді екен?! Соны сұраймын деп ұмытыппын.

А. Оралқызы