Жаһандану заманындағы әдебиет туралы әлем қаламгерлері не дейді?

Жаһандану заманындағы әдебиет туралы әлем қаламгерлері не дейді?
Фото: massaget.kz

Алатау бөктерінде дүние жүзінен, дәлірегі, әлемнің 16 елінен ақын-жазушы, аудармашы бір сөзбен айтқанда елдің алдында жүрген зиялы қауым қатысуымен "Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі" тақырыбында 3 күнге созылған І Халықаралық форумы өтті. 

Аталған игі шараға Олжас Сүлейменов, Дулат Исабеков, Несіпбек Дәутайұлы, Иран Ғайып, Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Жүсіпбек Қорғасбек, Дидар Амантай, Ханаан Аваад, Алексей Цветков, Юсуф Амине Элалами, Бақыт Кенжеев, Сергей Гандлевский сынды жазушылар, ақын, драматург, философ және аудармашылар қатысты. 

"Жаһандану және ұлттық әдебиет" тақырыбына модератор болған АҚШ-тан келген ақын Бақыт Кенжеев мінберге шыққан қонақтардың сөзін тыңдай отырып, бұл тақырыптағы пікірсайысты былай деп қорытындылады: “Адамның психологиясы оның тіліне байланысты қалыптасады. Соған орай әр өкілінің өмірді қабылдауы да ерекшеленеді. Әдебиет те сол. Ол, тіпті, аудармада да сақталады. Мысалы, орыс әдебиеті ағылшын тіліне аударылғанда орыс әдебиеті боп қала береді. Бала кезімізде оқыған Аниф ертегілері немесе Африка халықтарының мифтері мен аңыздары қандай тілге аударылса да, өзіне тән айрықша психология мен ұлттық ерекшелігі сақталады. Мен кез келген ірілі-ұсақты тілді баға жетпес қазына деп білемін. Сондықтан, оларды қалай да сақтап қалу керек". 

1974 жылдан бері алғаш ұйымдастырылып отырған мұндай ауқымды форумның өтуіне Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин мұрындық болған. Әлемнің 16 елінің ақын-жазушыларын рухани астанамыз төріне жинау да оңай емес. Іс-шара туралы Бигелді Ғабдуллин: “І Халықаралық Жазушылар Форумының ұйымдастырушысы ретінде осы екі күнге қойған мақсаттарымызға жеттік деп деп айта аламын. Біз қарапайым болса да, жаһандық мақсаттарды көздедік. Өзім қазақ әдебиетін және қазақстандық қаламгерлерді бүкіл әлем танығанын қаладым. Ескірген "Пропаганда" сөзі бар, мен оның орына "әдебиетті тарату" деген сөз тіркесін қолданар едім. Өкінішке орай, біздің әдебиет әлемге танымал емес. Әлем біздің мұнайымызды, саяси ұстанымдарымызды ғана біледі. Сол себепті, әлемнің ең үздік әдебиетшілерін жинап, олардың қазіргі жаһандану заманындағы әдебиеттің жағдайына қатысты пікірлерін тыңдадық. Екі күннен бері өтіп жатқан пікірталаста әркім өзінің ұлттық әдебиетін сақтап қалуды көздейтіні белгілі болды. 

Осы орайда жаһанданумен күресу керек пе? Жоқ! Жаһандану - заманның шындығы. Біз, керісінше, бүкіл әлем оқитын шығармалар жазуымыз керек. Аударманың маңызы зор. Шындығында, ұлттық әдебиетте шекара жоқ. Біздің ұлы әдебиетті бүкіл әлем танитын болады”, – деді. 
Танымал ағылшын аудармашысы Саймон Холлингсуорс аударманың жаһандануға тигізетін әсеріне тоқталып өтті. Қазақ әдебиетінен Абайды ағылшын тіліне аудара отырып, Мұхтар Әуезовтің шеберлігіне, талантына таң қалғанын тілге тиек етті. “Жаһандану нәтижесінде барлық ұлттар жойылып кетеді деп айта алмаймын. Оның орнына үлкен жаһандық біртұтастық пайда болады. Оны мекендеушілер өзгелерді сыйлайтын, жақсы көретін болады. Бұл үдеріс бір-бірімізді жақсырақ тануға алып келеді”, – деді.

Әдеби форумның қорытындысы Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Олжас Сүлейменов, Алексей Цветков (Израиль), Сергей Гандлевский (Ресей) және Бахыт Кенжеев (АҚШ) секілді талантты ақындар қатысқан поэзия кеші өтуімен аяқталды.

Т. Раушанұлы