Надежда Мандельштам: Поэзия және адам

Надежда Мандельштам: Поэзия және адам
Фото: vk.com

Осип Мандельштам (1891ж — 1938ж) — өткен ғасырда орыс поэзиясында ерекше орны бар тұлға. «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, екі жыр жинағы (бұған жаза лагерінде жазған жырларын міндетті түрде қосамыз) екі эссе-сын кітабымен орыстың күміс дәуір әдебиетінің соңғы нүктесін қойған да осы Мандельштам. Ең кемінде шығыс пен батыстықтар оны солай бағалайды. Оған себеп ақынның өлеңдерінің кереметтігі емес, қайта, оның ақын ретінде тағдырмен бетпе-бет келгенде — қылышынан қан тамған сұрқай заманда біреулер бүгежектеп, біреулер бұққан да, енді біреулер үнсіз қалып, біреулері шашбау көтеріп кеткенде — тайсалмай, жырымен өз дәуірінің бет-бейнесін ашып көрсетіп, өзі табытын өзі көтеріп кеткендігінде жатыр. 

Одан қалса кейінгі ұрпақтан И. Бродский сияқты ақындардың онымен үндестік табуы да үлкен әсер еткен. Бұл қатарда ақынның жары Надежда Манделъштамды ерекше атауымызға болады. Ұзақ жыл ақынға серік болып, сергелдең тұрмысты бірге өткізіп, соңынан ақынның жаза лагерінде жазған жырларын көзінің қарашығындай сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа аман жеткізген де осы әйел. 

1970 жылы Нью-Йоркте Надежда Мандельштамның екі томдық эссе жинағы жарық көрген. Бұл кітап бүгінде «Күміс дәуір әдебиеті» мен О.Мандельштам шығармашылығын зерттеудегі құнды дерек көзі ретінде жоғары бағаланады. 

Мандельштам бұрын-соңды оқырманның қажетіне жазған емес. Ол өзіне үндес адамдарды іздейтін, оның қажет еткені үздік оқырман (мұндай адамдар көбінде саусақпен санарлықтай аз болатын), жай оқырман емес еді. Ол символист ақындар сияқты оқырман баулимын немесе кейін келген «левшіл» болашақшылдар сияқты ойдан-қырдан оқырман топтамайтын. Менің түсінігімде, ол өзінің саны аз оқырмандарына сенді, бұндай сенімге ие болған оқырманды топтап немесе баулып жатудың қажеті жоқ еді. Мандельштам оқырманын өзі санайтын, тіпті оларды өзінен де керемет жандар деп білетін, оның оқырмандарынан тілейтіні «арыдағы үндестіктің» болуы еді. Шынтуайтына келсек, Мандельштам «оқырман» деген сөзді қолданған емес. 1937 жылы оның «оқырманым, ақылшым, дәрігерім» деп жандауысы шыға өлең оқуы жұрттың оны барынша оқшау қалдыруынан туындаған, сол кезде, оның өлең оқуына тыйым салынған еді, тіпті көшеде кездескен танитын адамдарына да оның өлең оқуына болмайтын, себебі көптеген таныс адамдар көшеде бізді кездестіріп қалса, көбінесе көрмегенге салынып бастарын ала қашушы еді. Қалыпты жағдайда (менің «қалыпты жағдай» деген сөзді көп қолданбайтын себебім, ондай күйді басымнан өткізген емеспін) ол оқырман іздемейтін, қайта «оқырман өзі күтіп тұр», «олар өздеріне ненің қажет екенін біледі, олар соны іздеуде — олар іздегеніне қалайда қол жеткізеді», — дейтін. 1934 жылы тұтқындалудан бұрын, оның бірде маған: «мен халқыма қолымнан келгенін істеп беруге бармын» дегені бар, ол сонда ғана өмірді бос өткізбеген боламын деп түсінетін. Маған оның бар болмысы адамзаттың сыздаған жарасының аузында өмір сүру («Оларды меңдеткен қасірет...» — деп жазған ол) және соған ем іздеу сияқтана береді. Ол өзі іздеп табуға тиісті болған бұл емнің «олардың рухына тіреу болатын құдыретті күш» екеніне сенімді еді. Ол осы сөздерді айтқанда, жұрттың «көпшілік үшін өмір сүріп, көпшілікке сенудің» сара жолына шындап түскенін анық аңғарған болатын, бірақ, өз басы бұл айқайға сергек қараған. Желіккен көптің шу-шұрқаны мен «уақыттың айғай-шуына» ілесіп келбеті сырлы бір дүние келе жатқан еді: ол — көрнеу де, көмескі де қыры бар, небір күтпеген тосын оқиғаларға толған өзгеше заман еді. Бұндай заманның ыңқылын дұрыс парықтау үшін өзгеше құлақ күй қажет болатын. Тосыннан туылған оқиғалардың тасасында қашанда қаққан қазықтай тас түйін себептер жатады — ол ден қоя тыңдау мен түсінуді қажет етеді. Өнер адамы өз айналасындағы өмірді өзінің рухани келбетімен қабылдайтын қасиетке ие. Мандельштамның тұрғысынан айтсақ, әлгіндей жұрт «райын бағу» мен «өзімше өмір сүремін» — деудің арасында қайшылық жоқ. Меніңше, бұл ақынның әлемі мен сыртқы дүниенің ортасындағы байланыстың бір көрінісі сияқты... 

Жұрттың өткенін құлан-таза ұмытатын, онымен қоймай келешегінен де көз жазып қалатын кезі болады, ал өнер адамының бір қасиеті — сән қумайды. Өнер адамы жоғалып кеткен уақытта өмір сүріп қана қалмастан, келешек уақытқа қол сермейді де, өткен мен бүгінді айрылмастай байланыстырып тұрады. Мұның себебі, олар өздерінен бұрын өткен аға буындарын қашанда сырлас ұстазы, досына балайды, оларды мәңгілікке өзіне замандас етіп алады. Бұл түйін өздерін тап-таза «болашақшылмыз» дейтіндердің танымына оңдырмай сызат түсіретіні анық — олардың танымы көбінде мән-мағынасыздыққа апарып тірейтіні де сондықтан. Нағыз өнер иесінің талғам-түсінігі — Бергосонның түсіндіруінше — «ашық қоғам» аясында қалыптасуға тиіс, оның былайғы көпшілікпен байланысы қым-қуыт болады («жабық қоғамда» да өнер иесінің көппен арақатынасы тіпті де қарапайым болмайтынын ескерте кеткеніміз жөн сияқты). Дегенмен тереңірек ойланып көрсең, қоғам, бұқара дегенің «мүлдем тұмылдырықтауға» көне беретін дүние емес. Мейлі жарым ғасырдан артық уақыт өтсе де, біздің ой-санамыздағы баяғы таным-түйсік аяусыз соққыдан мыжылса мыжылған шығар, бірақ бәрібір өшіп кеткен жоқ. Біздің мәдениетіміздің сақталып қалуының өзі осы түйінмен тіке қатысты, біздің «ашық қоғамды» тынбай аңсайтынымыз да әне содан. 

Жұрт өткенін ұмытқанымен, кейбір дүние сақталып қалады, қолында билігі бар дүлей күштер тізесін батырған сәтте, ол өзінің қасіретін сезінеді. Ғасырымыздың басында біздегі бір-бірімен жан беріп жан алыса жұлқысқан жабайылар соңынан адам баласын жік-жікке айырып тынды, дегенмен, олар кейінгі топ-топ болып алып өз бауырласын тұқымымен тұздай құртуға шақырған тобырға қарағанда онша жүрек айнытатындай емес еді (1938 жылы мен Мәскеудің шет аймағындағы бір зауытта жұмыс істедім. Сондағы бір көрініс әлі есімде: бір топ әйел өздерін қойша иіріп жиналысқа кіргізбек болған әңгіртаяқтардан бытырай қашқаны есімде). 
Мандельштамның «өзімше өмір сүремін» дегені түсінікті болатын, себебі ол өнер адамының екі жақтылы болмысынан келіп шыққан — онда бостандыққа иемін және жұрттың топ ортасында жүремін дейтін еріктен туған. Біздің дәуірімізде, «өнер адамы мен бұқара» дегеннің қатынасы қарабайырластырылғаны соншалық: әдебиеттің өзіне қондырма деп әдемі ат қойылды да, «базис» делінген саясиға қызмет ететін болды, оған әкімшіл-әміршіл біреулер басшылық етті. Әу баста әдебиет те басқа ғылымдар сияқты «тапқа» айрылды, соңынан ол сөздің кетеуі кеткен тұста, тағы бір термин — «халық өнері» деген пайда болды. «Халық өнері» деген не дейсіз ғой? Олардың түсіндіруінше, ол «партияның енері» деген сөз екен.

Мандельштамның сәт сайын жоғалу үстіндегі уақытқа қатысты көзқарасы символистермен қарама-қарсы болатын. Символистер уақыттан сытылып шығып, қарсы беттен мәңгілікке қол созу керек дегенді дәріптейтін. Мандельштам жөнінен алғанда жұлдыздай ағып бара жатқан уақыт «осы сәт» ұлы мүмкіндік болып есептелетін, оның бұл мүмкіндіктен бас тарту ойы жоқ еді, қайта ол сол «осы сәт» арқылы мәңгілік дегеннің сырын ұққысы келді. Оның әр күнін мәнді өткізіп, сағымдай сырғыған уақыттың болмысынан қорқынышты емес, өз мүмкіндігін көргісі келгені де сол сенімнен болар. Егер де ондай сенім болмағанда, ол 1937 жылы өлең жазбас еді, сол тұста Мандельштам ақырғы сағатының таяп қалғанын сезді, бірақ оған бола босаған жоқ. Ол өз бойындағы көңілділік пен мендегі үміткерлікті оятатын, таяп келе жатқан қасіреттің қара бұлты алдында асқақ тұруыма дем берген де болатын. Мүмкін, кейбіреулер оның 1937 жылы жазған өлеңдерін оқыса, оның жағдайы бұрынғыдан жақсарып қалған кезі екен деп ойлап қалар. Бірақ бәрі басқаша еді ғой... 

Ертеректе жазған мақалаларында Мандельштам өзінің жандүниесіндегі бостандықты қорғауға мүдделі болған жоқ, себебі онда бостандық болды. Ол сол тұстағы бәрін ауыздарына қаратқан символистермен ашық тіреске шыққан жоқ, қайта, олармен арасын ашып алуға ғана тырысты. Бұл бозбала ақынның өз ұстанымын айқындауға тырысқан шағы болатын. Айта кетерлігі, бұл мақалаларды Мандельштам 22 мен 24 жас аралығында жазды. Ол сол жасында-ақ есейгенін көрсеткен. 
Біз жасап жатқан дүниеде, көптеген нәрсенің басы ашылған емес, соның ішінде поэзия да бар. Сен поэзияға анықтама беремін деп қалай жанталассаң да, бәрібір оған анықтама бере алмайсың, тіпті келешекте де оған жарытымды анықтама бола қоймас. Соған ұқсас ненің жақсы өлең, ненің татымсыз айғай өлең екеніне де бір кесім жоқ. Бұл жағынан поэзияны қастер тұтатындардың өмірі ат бәйгесіне ақша тіккен құмарпаздарға ұқсайды: олар кейде мына атқа үміт артса, кейде ана атқа көңіл аударады. Бірақ поэзияны жақсы көретіндердің құмарпаздарға бір ұқсамайтын жері — олар өз аттарының қайсысының алдымен келгенін бәрібір көре алмай кетеді. Кейде, бұның бәріне уақыт төреші болады деп жататынымыз бар. Дегенмен уақыттың да қателесетін, көпірген өтіріктің шаңы астында ұзақ қалып қоятын кезі болады... Дегенмен, бүгінде уақыт толқыны екшеп, төрт адамды көмескіден көрнеуге шығарды. Ол: А.Ахматова, Б.Пастернак, Цветаева және Мандельштам. Бұлар мәңгілік болып қала ма?... Білмеймін. Бүгінде жұрт Пушкинді де оқымайды ғой... 

А.Ахматова туралы, оның бойындағы қасиеттер туралы айтқанда, оның ғасырдың алғашқы он-жиырма жылдығында өзінің поэзия майданында қол жеткізген жетістігін бағалай бермейтінін айта кеткеніміз жөн сияқты. Оның: «ондай істер болып тұрады. Ол ешнәрсені түсіндірмейді», —дегені бар. Мандельштам келер күнге бас қатырып жатпайтын, ол көз алдындағы істермен ғана айналысуды ұнататын. Солай істеуге тиіс те еді. Меніңше, Цветаевада да сондай қасиет болды... Б. Пастернак өзіне бір өлшем жаратуға ұмтылатын. Бір жолы ол маған өзімен салыстырғанда, «А.Ахматова мен Maндельштам өздерін жақсы жағынан көрсете алды», — деген еді. Ол Мендельштамның көзі тірі кезі болатын, мен Б.Пастернактың сөзін оған айттым. Мандельштам оған күліп қойды да: «Ол Б.Пастернактың жәй айта салған сөзі ғой, шындығында ол басқаша ойламайды — мүмкін, жұрт райын баққаны шығар», —деген... А.Ахматованың да өзіне ыңғайлы сөз алысы бар болатын, айталық, ол «бірдей көз сүріндіреді екен...» дегендей сөздерді көп қолданатын. 

Тіпті ұлы ақындардың өзі де поэзия туралы анық бір қортынды жасай алған емес. Гете «көп сөйлегенімен» бәрібір поэзияны «мынау» деп айта алған жоқ. Поэзия туралы тек жекелеген ақындарға тоқталғанда ғана аздап өнегеге жетесің... Бұл менің өмірден түйген жеке қорытындым. Мүмкін әйел ретінде, ақынның жары ретінде мен басқаларға қарағанда көбірек қателесетін де шығармын. Дегенмен, әдебиетті өз меншігі санайтын, сот сияқты қолында билігі бар адамдар әйелдер мен мен сияқты ақынның жарына қарағанда көбірек қетелеседі, олар жіберген қателіктер тіпті ауыр болады. Мен әлгіндей адамдардың — өтіріктің қолымен тұрғызылған, сансыздаған жалған «ұлы тұлғаларды» білемін, бірақ бүгінде солардың бірде-бірі орнында қалған жоқ. Соған қарағанда әлгіндей әдебиеттің тізгін-шылбырын ұстаған адамдарға салыстырғанда, біздер — жарының, досының, сүйген жанының талантына сенген бейшара әйелдер — дұрыс сөз айта алған сияқтымыз... 

Дегенмен, Мандельштамды символистер толықтай мойындап кеткен емес, бұны А.Ахматова естеліктерінде жазды, мен ол жайды да өз көзіммен көрдім. Олар Мандельштамға топталып қарсы бағытта жұмыс істейтін (тек Блоктың естеліктерінде сипай қамшылап «еврей сайтан», «актер» деп жазғаны бар). Алдашабарлар да Мандельштамды ұната бермейтін. Акселеевтың демі үзілер шақта да Мандельштамды аузынан тастамай, боқтап жатқанын білеміз. 1932 жылы «Әдебиет газетінің» редакциясы Мандельштам шығармашылығы туралы поэзия кешін ұйымдастырды, соңынан ондағы материалдар газетте басылды — сол кездің өзінде жасырын басылымдар шыға бастаған еді, бірақ, шағын көлемде таралатын — осы материалдар ұзақ жылдар бойында жұрт назарынан өшкен жоқ. Сол кеште символистердің Мандельштам туралы түрлі-түрлі сөз сейлегені бар... Бүгінде солардың көбі әуелгі ойларынан қайта бастаған сыңайлы, бірақ, мен олардың айтқандарында тұрып, баяғысындай Мандельштамды жек көре беруін тілер едім. 
Өмірінің соңғы мезгілінде Мандельштам айналасындағылардың сұмдығына төзе алмай, өршелене қарсы шабатын болды. Ол Тренеевке жазған хатында: «ширек ғасырдай уақыт өтіп кетіпті, мен болсам жоқтан өзге ұсақ-түйек іспен айналысып жүріп, орыс поэзиясының ортасынан бір-ақ шығыппын. Дегенмен, көп өтпей мен осы поэзияның айрылмас бір бөлөгіне айналамын және оған өзімше өзгеріс те әкелемін», - деп жазды. Мен бұл хаттың Тренеевтің мұрасының ішінде бар-жоғын білмеймін. Оның өзі немесе әйелі мен қызы бұл «қауіпті хатты» қорқыныштан өртеп жіберсе, мен оған еш таңқалмаймын. Кезінде Мандельштам осы хатты жолдардан бұрын Наташа Стенфель бір көшірмесін өзіне сақтап қалған екен. Бұл хат осылайша менің қолыма түсті. Тренеев қайтарып хат жазған жоқ. Оны хат жазбадың деп кінәлаудың да орны жоқ — ол сондай заман еді ғой. Бүгінде Мандельштамның баспагерлері оған жазылған хаттардың бәрі менің атыма келгеніне таңқалады. Бұл да еркімізден тыс еді. Бүгінгі жұрт ойлап жетпеуі мүмкін, бірақ, біз сондай ортада өмір сүрдік... Біз шексіз-шетсіз үлкен, онымен қоймай ақыл-естен жұрдай болған елде өмір кештік. 

Тренеевке жазған хатынан біз Мандельштамның поэзияның бойындағы «әділеттілік» дегенге жасаған түсінігіне куә боламыз. Мандельштам жас кезінде осы қасиеттің баулуында өмір сүрді. Бойында мұндай қасиеті бар ақындар мақтау мен даттауға онша көп мән бере бермейді, қайта олар үшін поэзия өмірде өтейтін борыш сияқты. Мандельштам «өзі» үшін өмір сүретін, өзінікін өзгеге зорлап таңбайтын. Ол: «қажет болса, өздері тауып алады!» — деуші еді. 

Ақынға «мойындадым, сен ақынсың!» — деген сөздің қажеті жоқ, себебі оған қажеті — «өзіндей оқырман». Ал, мұндай оқырман көп кездесе бермейді. Нағыз ақындар ақындық мәртебеге — атақ-абыройдың орындығына таласпайды. Таласатындар — ақын емес, жәй оқырман. 

Аударған Ардақ Нұрғазы

А. Оралқызы