Бүгін – Қазақстан Жазушылар Одағының құрылуына алғышарттар жасалған тарихи күн

Бүгін – Қазақстан Жазушылар Одағының құрылуына алғышарттар жасалған тарихи күн
Фото: baq.kz

Бүгін – Қазақстан Жазушылар Одағының құрылуына алғышарттар жасалған тарихи күн. 1925 жылы 12 шілдеде құрамына арыстарымыз Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин кірген Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясын (ҚазАПП) құру жөнінде бюро жасақталған болатын. Оның төрағасы боп Сәкен Сейфуллин сайланды.

1932 жылы Қазақстанның Кеңестік жазушылар одағы ұйымдастырылды. Оның алғашқы құрылтайы 1934 жылы 12-18 маусым аралығында өтіп, онда Қазақстан жазушылар одағының Төрағасы болып Ілияс Жансүгіров сайланған еді. Содан бері Одақ басшысы қызметіне мына қаламгерлер сайланған:

Ілияс Жансүгіров (1932-1935),
Ғаббас Тоғжанов (1935-1936),
Сәбит Мұқанов (1936-1937, 1943-1951),
Мұхамеджан Қаратаев (1937-1938),
Дихан Әбілев (1938-1939),
Әбділдә Тәжібаев (1939-1943),
Ғабиден Мұстафин (1953-1956, 1962-1964),
Ғабит Мүсірепов (1956-1962, 1964-1966),
Әди Шәріпов (1966-1971),
Әнуар Әлімжанов (1971-1979),
Жұбан Молдағалиев (1979-1983),
Олжас Сүлейменов (1983-1991),
Қалдарбек Найманбаев (1991-1996),
Нұрлан Оразалин (1996-2018
),
Ұлықбек Есдәулет (2018 жылдан қазіргі күнге дейін).

Бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар одағының 806 мүшесі бар. Оның 400 – Алматы қаласында, 186 – Астана қаласында, қалғандары облыстарда тұрады.

Қазақстан Жазушыларының ұлттық құрамы қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, күрд, кәріс, шешен, белорус, татар, неміс қаламгерлерінен тұрады. Республикамыздың 14 облысында Одақтың филиалдары жұмыс істейді. Оның жанында 17 жанрлық кеңестер мен комиссиялары бар. Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайшылығымен "Қазақ әдебиеті" газеті, "Жұлдыз", "Простор" журналдары жарық көреді. "Қазақ әдебиеті" газеті 1934 жылдың 10 қаңтарынан бастап шығады. Қазіргі таралымы (тиражы) 14 779. Бас редакторы – Қуат Дәурен (2018 жылдан бері).

"Жұлдыз" журналы 1922 жылдан бастап шығады. Қазіргі таралымы (тиражы) 5 105. Бас редакторы – Жайлыбай Ғалым (2018 жылдан бері). "Простор" журналы 1933 жылдан бастап шығады. Қазіргі таралымы (тиражы) 1100. Бас редакторы – Бақбергенов Қайрат (2017 жылдан бері). Қазақстан Жазушылар одағының меншігінде (Абылайхан даңғылы 105 үйге орналасқан) орталық ғимараты, онымен бірге тұрған 400 орындық мәжіліс залы (Әдебиетшілер үйі) 250 орындық асханасы және Тайманов көшесі "222 а" үйге орналасқан 1982 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Әл-Фараби атындағы шығармашылық үйі бар. Келесі жылы Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толады. Бүгінгі таңда алдағы мерейтойды атап өтуге дайындық жұмыстары басталып та кетті. 

Дереккөзі: Қазақстан Жазушылар Одағы

Т. Раушанұлы