"Дюма" деп жүргендері Пушкин бе екен?!-2

"Дюма" деп жүргендері Пушкин бе екен?!-2
Фото: vk.com

Петерборда – Пушкин, Парижде – Дюма 

Әлгіндей күмәнтүп дәйектерді көгеннен шешкен қозыдай қаптатып, көкейге қонбайтын болжамдарды алға тартқан аталмыш зерттеушілердің өздері «Пушкиннің Дюмаға айналуы мүмкін бе» деген сауалдың жауабын негіздер тұсқа келгенде тығырыққа қамалып, француздың классик жазушысының оқулықтарда жазылған ғұмырнамалық баяны мен әдеби-шығармашылық иірімдерінен ілік тауып, бетке ұстар деректерді іздеуге кіріседі.Мәселен...

Атышулы Бонапарт Наполеонның генералдарының бірі әрі жанына жақын тұтқан досы Тома-Александр Дюма бақиға аттанып, артында төрт жастар шамасындағы баласы – Александр қалады. «Өлдің Мамай – қор болдың» демекші, бір кездері атағы ат үркітіп, ай сескенткен даңқты әулетбасын француз жұртшылығы ілезде ұмытып, жүдә есіне де алмайды. Кенет... 1822 жылдың жаймашуақ бір күнінде Париж көшесінде өзін даңқты генералдың «ұлы едім» деп таныстыратын бір бозбала төбе көрсетіп, әкесінің көкке тірек – жүнді білек бұрынғы әріптестерін жағалай бастайды. Париждегілер оның сөзіне шәк келтірмейді, себебі, бозбаланың түр-әлпеті еуропалыққа келіңкіремейтін, олардың бәрі даңқты генерал Дюманың түп нағашылары африкалық зәңгілер екенін алдымен еске алатын. Әйтсе де, көзкөргендердің ешқайсысы «генерал Дюманың ұлына» елп ете қалмайды, тек герцог Дюфуа ғана өзі әлпеттес шынжар балақ, шұбартөстердің бірі – герцог Орлеанскийдің (кейін Луи Филипп деген атпен ел басқарған) кеңсесіне қызметке тұру үшін қузаухат жазып береді. Сөйтіп, маржандай тізілген көркем жазуының арқасында Дюма болашақ француз королінің қоластында хұснихатшы болады. Міне, осы үшбу хат әлемдік тарихта теңдесі жоқ өтіріктің – жалған баян, жасанды тұлғаның тууына түрткі салуы мүмкін! Бірақ та...

Бұл сәтте Александр Пушкиннің тірі екені, сау-саламат Ресейде жүріп жатқаны,атышулы жекпе-жекке шығуына әлі аттай он бес жыл бар екені кесе көлденеңдей тұрып алады. Тек мінез-құлқының аумалы-төкпелілігі, тумысынан авантюраға бейілдігі ғана ақын ғұмырнамасын аударып-төңкеріп зерттеушілерге «Петерборда – Пушкин, ал Парижде Дюма болып жүрген шығар» деген жорамал жасауларына желеуболғалы тұр. Өйткені, нақ осы 1820-жылдары Александр Сергеевич орыс астанасынан қарасын батырады: төрт жыл оңтүстікте тым-тырыс өмір сүреді. Сол кезде бірнеше рет Парижге бой тасалап барып, «Дюма» деген бүркеншек атпен француз тілінде бірнеше шығарма жазуы әбден мүмкін ғой дейді зерттеушілер. Тіпті, 1824 жылы екі жыл жер аударылған Михайлов селосынан да жырылып шығып, француз еліндегі «болашағына» негіз қалап қайтуына еш кедергі жоқ еді. Өйткені, оның қатардағы қара табан шаруа – қара танымайтын можантопай мұжық емес, Еуропалық барлау қызметімен иық тіресіп, бүйір қағыстыра бастаған патша жандармериясының жоғары шенді құпия қызметкері, қиыққұлақ тыңшысы екенін ұмытпайық. Оның үстіне, нақ осы кезде, 1824 жылы Дюманың некесіз жаралған баласы дүниеге келген...

Айтпақшы, бірде Александр Дюманы да «тірілей көмген» екен. 1832 жылы француз газеттерінің бірінде көтеріліске қатысқаны үшін Дюманы полицейлер атып тастады-мыс деп хабарлайды. Осы дабырадан соң ол Франциядан сайғақ құрлысая таппай, шетел асқан көрінеді. Егер де біз Пушкиннің Дюмаға айналуы туралы ертегіден бетер әңгімеге құлақ асар болсақ, онда ол осылайша француздар арасында – прозашы, орыс ортасында – ақын ретінде танымал қылған «алаяқтығына» – алдампаз тірлігіне нүкте қойғысы келген шығар деген ойға маңдай сүйейміз. Себебі, содан бір жыл бұрын Наталья Гончаровамен неке қиып, бас қосқан еді. Көп ұзамай жауылғы бұлттай түйлігіп, ала құйындай үйіріліп жүретін албырт сезімді, адуын мінезді Александр Сергеевич жүрек қалауымен, әлде астыртын тапсырма жүктеп келген патша ағзамның құпия нұсқауымен өзінің париждік нұсқасына – Дюма бейнесіне қайтадан, біржола оралғысы келген шығар деп пайымдаймыз.

Бір ескерерлік жәйт, Пушкин өлгенге дейін Дюма бірнеше шағын шығарма жазған әрі есімі де елеусіз болған. Ғұмырнамасын дәйектейтін оқулықтар мен ресми жазбалар оның «Аңшылық пен махаббат», «Христина» атты алғашқы пьесалары сәтсіз шығып, сахналауға жарамсыз болып қалғанын баяндайды. 1829 жылы қаламын ұштаған «ІІІ Генрих және оның сарайы » деген кеккетпес жекпе-жек пен кесірлі қаскөйлікке, саяси сайқалдық пен пендәуи тоғышарлыққа толы романтикалық драмасы «Комеди Франсез» театрының репертуарына ілікті. Кейін Дюма осы пьесаның негізінде атақты «Графиня де Монсоро» хикаясын туындатып, француз жұртшылығының назарын аударды. 

 Тек 1830-ыншы жылдардың аяғына таман том-том романын баспаханаға тоғытып, атақ-даңқы жер жүзіне жайылып бастағаны. 

Жазған – «құл» Маке, ал, Дюма – «әке»... 

Қағазды қалам ұшымен тырнай жазбақ түгілі басынан аяғына шейін парақтай оқып шығуға бір адамның ғұмыры шақ келместей мол мұра – шамамен алты жүз томдай әдеби-көркем шығарма қалдырған Александр Дюма-әкейдің жанкешті «жасампаздығының»ақиқи сырын ресми ақпарат көздері – әр алуан оқулықтар мен анықтамалықтар да әуелден ашық айтады; атақ-даңқы алысқа шаппай жатып-ақ,оныңқоластына жазарман жалдаптар («литератуные негры») жиып, ойына келген сюжетін ауызша айту арқылысоларғажаздырып отырғанын жасырып жатпайды. Әсіресе, Дюма Петербургке келген кезде жақын танысып, артынан Парижге іздеп барған орыс жазушысы әрі өнертанушы Дмитрий Васильевич Григорович(1822 – 1899)"Ретвизан" кемесі»атты жолсапар очеркінде: «...сондай-ақ, еріксіз езу тартқызатын француз – Ипполит Оже мырзамен де таныстым... Оже мырза дақолжазбаларына от беріп, жан бітіретін, қызғылықты ете білетінөз қожайынының дарындылықауқымын толықтырып жүрген маркиз де Шервиль, Бенедикт Ревуаль, Макежәне т.б. мырзалар сияқты Дюмақызметшілерінің тобына жатады екен; жандарын сала жұмыс істегендерімен, бұларөте можантопай, өздігінен жөпшеңді жетістікке жете алмайтын жандар еді» деп жазады.

«Таң атпайын десе де, Күн қоймайды» демекші, 1845 жылы Эжен де Мерикур деген біреу «Дюманың сауда үйі және К» деген кекесінге толы атпен шағын кітапша шығарып, даңқты жазушының шығармашылық тәсілін аймаңдай қылуға тырысады. Себебі, ақшаға жалданып, болашақ романдарының дүмбіл нұсқасын («черновигін») жазып беруге тіленген оны Дюма жанына жақын жуытпай, қуып жіберген еді. Cоған өкпесі қарайып, кегі қайнаған Мерикур даңқты жазушыны аяусыз мұқатып, әбден мүштитіп тастау пиғылымен оның құпиялы мәміле құратын бір топ «әдеби құлдарының» – Адольф де Левен, Анисе-Буржуа, Гайярде, Жерар де Нерваль, Теофиль де Готье, Огюст Маке және т.б. жазарман жалдаптардың ұзыннан-шұбақ тізімін жариялайды да, «атышулы романдардың шынайы авторлары – осылар» дейді. Әсіресе, соңғы тіркес айыптау үкімінен бетер ауыр тиіп, Дюманың шымбайына батып кетеді. Бұл – жәй ғана күстаналау емес, атағы аспан астын шарлап, даңқы жаһанды жайлап кеткен жазушының ағлақи тазалығына, кәсіби адалдығына шәк келтіру нышаны-тұғын. Бұдан кейін жұртшылық көкейінде «Сен кімсің, Дюма мырза? Енді «жазушы» атанып, бөркің қарқарадай болып жүруге қақың бар ма?» деген тәрізді сұрақтар туындауы әсте мүмкін еді. Иә,мына біз де...

Әйтсе де, тарих пәні мұғәлімі ретіндегі машығын мандыта алмай, басын тауға да, тасқа да соғып жүрген Огюст Маке деген байшікештің басынан өткен жәйт әлгі сауалдың тоқтамды жауабы болуға жарарлықтай...

Ол, зерттеушілердің дәйектеуінше, 1838 жылы «Карнавал кеші» атты драма жазып, аяғы жететін жердегі француз театрларын түгеладақтап шығады. Бірақ, бәрі қолға ұстауға келмейтіндей көжежасық, былжыраған пьесаны сахналаудан бас тартып, ат-тондарын ала қашады. Бәлки, «қарт капиталист, жас жазушының» шығармашылық жолы – жазармандық тыраштығы сонымен тыншу табар ма еді, кім білсін, егер оның – Жерар де Нерваль деген әдебиетшалыс досы, ал, Нервальдің Дюма ныспылы мойынсеріктескен мәмілелесі болмағанда... Нерваль оның бір қайнауы ішінде қалып, жорытарға жол таппаған пьесасын Дюмаға береді, ол шалажансар шатпақтың айдалаға лаққан тұстарынаяусызкүзеп-түзеп, ауы мен бауын түгендеп, арқауын ширатып шығады; сөйтіп, «Карнавал кеші» 1839 жылғы қаңтарда Париж театрларының бірінде сахналанады. Сол, сол-ақ екен, оңайдан оңғақ тапқанына мәз-мәйрам Макенің бойын бір алапат желік буып, қолды-аяққа тұрмай кетеді: көп қағазын қобыратып Дюмаға алып келебереді. Солардың арасынан тарихи тақырыпты төңіректейтін бір шатпақты іліп алып, майталман жазушы үстінен өңдеп, қайта жазып шығады, яки, бетін бері қаратып, атақты шығармаға айналған «Шевалье де Арманталь» атты авантюралық роман деңгейіне жеткізеді. Оқырманқауымныңкөкей-көрігін қыздырып, құштарлығын қандыратын осындай оқыс ойлы, шытырман оқиғалы шығармаларға шөліркеп отырған атақты «Ля Пресс» газетінің қожасы Жирарден қолжазбаны Дюманың қолымен қосажұлып алардай жабыса кетеді, алайда, тап осы сәтте бір күтпеген кілтипан басын қылтитады. Өйткені, жазушы мойынсерігінің ныспысын мансұқ етпей, романға адал көңілімен «Дюма-Маке» деп қол қойған-тұғын. Баспагер бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, «атақты А.Дюма қол қойса, романның әр жазба жолына – 3 франк, ал, ешкімге мәлімсіз Маке қосақтасса –3 су төлеймін» деген шартын көлденең тартады. Қалай дегенде де,  Маке мьёсе тиынның татын жалаған француз емес пе, аты-жөнін кітаптың шекесіне бадырайта бітіктегенненгөрі 8 мың франкті тып-тыныш қалтасына басып, талтаңдап жүргенді көңілге тоқ санайды. Содан мойынсеріктік мәміле жалғасын тауып, жандана түседі: Маке түпнұсқаларды түртіншектеп, болашақ романдардың дүмбіл нұсқаларын жұмбаздайды, Дюма оларды қызыл шимай қылып, бастан-аяқ өңдеп, баспаға дайындайды. Қаламақыны екеуі теңдей бөліп алады. Сөйтіп жүргенде Макенің ішіне қызылкөз қызғаныштың жегі құрты түсіп, кеулеп бара жатады. Мойынсерігінің есімі жаппай мойындалып, жан-жаққа танылғаны мазасын май ішкендей қылады. Галл ұрпақтарының еңкейген кәрісінен еңбектеген сәбиіне дейін «Дюма» деп ұйықтап, «Дюма» деп оянады, ал, Маке байғұсты жан баласы білмейді, тіпті, мына өмірде мүлде болмағандай... Ақыры, Дюмамен бет жырта ұрсысып, ашуға булыққан Маке сотқа беттейді. Соңында малайы бума-бума қолжазбаны – үш мушкетші туралы, Марго ханшайым хақындағы, Диана де Монсороның сүйіспеншілігі мен өшпенділігі жайындағы... жауһар романдардың «қара нобайын» арқалап, ырсылдап келеді. Қобыраған көп қағазын судьяның алдына үйіп қойып, әділетке жақ болуын, яки, тасқа басылысымен аяғы –жерге, төбесі көкке тимей жүрген шығармалардың – бүкіл бестселлер романдардың авторы Александр Дюма емес, мына Өзі екенін мойындауды талап етеді.

Содан іс қозғалады. Қапелімде Макенің дәлелдемелері бетқаратпайтындай көрінеді. Шығармалардың әртүрлі деңгейі – дүмбіл қолжазбалар мен баспадан шыққан роман нұсқалары мұқият салыстырылады. Ақырында үкім айтып, кесімшығарар күн де келіп жетеді. Маң-маң баса залға кірген әділқазы ине үстіне отырғандай тыпыршып, тағаттан айырылған бұрынғы екі досқа –мойынсерік қаламгерлерге, аузын ашып, құлағын тосқан тілшілерге жағалай жүгірткен көзін қолындағы қағазға аялдатып, асықпай сотшешімін оқуға кіріседі. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтқанда, ол «иә, біз қолымызға тиген материалдарды зерттей тексердік. Обалы не керек, Маке мырза Дюманың тапсырмасымен қыруар зерттеу жұмыстарын атқарған, сондай-ақ, аткөпір дүмбіл нұсқа жазған. Іс жүзінде ол Дюманың оң қолы болған. Алайда, Маке мырзаның өзі мойындап отырғанындай, қара жұмысы үшін өзіне тиесілі ақысын толықтай алған. Енді мәселе мынада: Маке мырзаның рөлі қаймана қолбала болумен ғана шектелген жоқ деп айта аламыз ба? Ол даңқты романдардың қосанжар авторы еді деуге хақымыз бар ма?» деп, бір тоқтайды.

Тымырсыған үнсіздік жайлап, зал іші сілтідей тұнады.

«Қарауымызға тапсырылған материалдардың бәрін сараптай келе, біз бұған «жоқ» деп жауап қайтарамыз» дейді қазы сөзін келте қайырып. 

Айқай-шу кернеп, зал ішідауылды күнгі теңіздей толқиды. Макенің бет-әлпеті бояуы оңған шүберекше бозарып, ал, Дюма... әрине,құр атқа мінгендей қунақ қалпынан жаңылмай, жан-жағына жайраң қағыптұрады. Қапелімдеқаптағантілшілердің бірі:

- Сонда бұл қалай болғаны?-деп айғай салады.

Судья асып-саспайды. «Маке мырза шынында да дүмбіл нобайларды ғана жазды, бірақ, оларға Дюманың қаламұшы тиіп, түзеп-күземесе, ешқашан да роман бола алмас еді. Әлгінде аталған шығармалардың бәрі – Дюманың, иә, тек қана Дюманың туындылары: өрімін өзі ойлап тауып, оларға демсалып, өзі жан бітірді. Олардың әкесі – Дюма. Ал, Маке... Маке әрі кеткенде олардың кіндік шешесіндей ғана » дейді.

Зал қыран-топан күлкіге батады. Сот сонымен тәмамдалады. 

Жазармандық қалмайды-ау жағаласып

Маке содан кейін де алған бетінен қайтпай, «Үш мушкетші» және басқа романдардың нағыз авторы – «дәлдүріш Дюма-әкей емес», өзі екенін қақсай береді. Бірақ сөзінің дәлелі жоқ: егер айтқаны рас болса,тап сол Дюманың жауһар шығармалары сияқты талай жылдар бойы қолдан қолға өтіп, қаны жерге тамбайтын романдар жазып, хас талант екеніне жұртшылықтың көзін жеткізер еді ғой. Ешкімге қосарланбай-ақ еркін көсіліп, шабыттана шығарма туындатамын десе, қолын кім қағыпты?!. 

Жоқ, бірақ, енді қайтып Маке ешқандай да бестселлер жасай алмады, - Дюмаға кездескенге дейінгі таз кепеш қалпына қайта оралып, көзден –таса, көңілден қағыс қала берді.Өйткені, қағаз бетін күйелеп, шимай-шатпақпен толтыру – бір басқа да, жартыкеш жазбаны жұртшылық жүрегіне жол салардай сұңғаттылықпен әрлеп, әдеби көркемдеуге, артығын қырқып, кемтігін толықтыруға қабілетті тарлан талант, қарымды қаламгердің жөні, әрине, мүлде басқа.

Мәселен, «Шевалье де Арманталь» жарық көріп, бірден француз оқырмандарының жастана жатып оқитын шығармасына айналғанын көргеннен кейін оңай олжаға дәніккен Маке мырза Дюмаға қобыратып «Патшайым мушкетшілерінің бірінші ротасыныңкапитан-лейтенанты д'Артаньян мырзаның мемуары» атты кітапсымақты алып келеді. Қолдан жасап, ойдан құрастырылған мемуарды Гасьен де Куртильдегенбіреу домбайлап жазып, 1700 жылы Кёльн қаласынан шығарған екен. Дюма шала түзіліп, шашыраңқы баяндалған «Мемуарды» бастан-аяқ қайта жазып шығады, Макені жұмсап, біршама жаңа эпизодтармен толықтырады, ең бастысы, Гасьен де Куртиль тоңмойын тоғышар, азғын құлықты арандатушы кейпінде сипаттаған мушкетшілерді айдарынан жел ескен даңқты қаһармандарға айналдырады. Кезінде үш Дюма (ата, әке және бала) жөнінде ғұмырнамалық кітап шығарған белгілі француз жазушысы Андре Моруа нақ осы хақында: "...Маке тек мәрмәршінің рөлін атқарды, ал, Дюма мүсінші болды... Қосанжар автор сценарий жазды. Дюма оны «бір отырғанда» оқып шығып, «қара нобай» ретінде пайдаланды. Ол мәтіндімүлде өзгертіп, өзегіне жан бітіріп, тамырын бүлкілдететін мыңдаған иірімдер үстеді, теңдессіз шеберлікпен диалогтарды қайта құрып, тараулардың түйінін қырнап-жонды әрі оқырманды ұдайы ынтықтырып отыратын роман-фельетонға қойылар талап үдесінен шығу үшін көлемін ұлғайта түсті» деп жазады. Иә, 1844 жылы жарық көрген «Үш мушкетші» бірден бестселлерге айналып, ұзақ уақыт қолдан түспейді. Сол кезде «егер әлдебір елсіз аралда Робинзон Крузо бар болса, ол да, сірә, қазір «Үш мушкетшіні» оқып отырған шығар» деген рәуіш ел аузында жүреді...

Айтпақшы,«Дюманың сауда үйі &К-ның романдар фабрикасы» деген сайқымазақ кітапша шығарғаныүшін Эжен де Мерикурді іле-шала Дюма- әкей сотқа беріп, екі апта абақтыға қаматып қояды. Не үшін? Сол заманда екі сөздің басын құрап, болашақ шығарманың қарабайыр нұсқасын қағазға түсіріп беруге шама-шақаты жететін қызметкерлерді қол астына құрықтап, шөмеле шөп арасынан ине іздегендей азарлы, шұқыма жұмыстарға жегіп қою амалы жұртшылықтан жасырып, жақаурататын аса құпия тірлік емес еді. Әлемдік әдебиет тарихынан азды-кем хабары барлар атақты Жорж Сандтың да, Виктор Гюгоның да, Сент-Бёвтің де небір жауһар шығармаларын атқа жеңіл телпекпайлардың – жазарман жалдаптардың жәрдемімен туындатқанын жақсы білуге тиіс.Қазіргі кезде де... жыл – он екі ай аралатып жатпай-ақ шытырманы шиыр, шырғалаңы шұбақ, бірінен бірі аумайтын «оқылымды» кітаптарды конвейерден шығарып жатқандай қаптата беретін Андрей Воронин, Дарья Донцова, Татьяна Полякова, Марина Серова, Юлия Шилова, Полина Дашкова , тіпті, Дмитрий Быков и Виктор Пелевин сынды танымал Ресей қаламгерлерінің жалдамалы жазармандар еңбегін пайдаланатыны мерзімді басылым беттерінде ашық айтылып келеді. Тіпті, басқасын былай қойғанда, КСРО «көсемі» болған, жағы түскенше жағаласып орден-медальге кеудесін тосудан, ернін үшбұрыштап алып, беттескенін былшылдата сүюге басқаны білмеген Брежнев жарықтықтың да «Қайта өрлеу» , «Тың» және «Кіші жер» кітаптарын жазып шығуға Анатолий Аграновский, Леонид Замятин, Виталий Игнатенко, Александр Мурзин және т.б. қаламы желді журналистердің жегілгені ресми түрде жария етілмесе де, ауыздан ауызға көшіп жүрді. Сол кезде ел ішіне мындай астары қатпар анекдот жайылып кең жайылып кеткені еді: «Брежнев кабинетінде отырса, Суслов келіп:

-Құрметті Леонид Ильич, неткен талантты жан едіңіз! Жақында баспадан шыққан «Кіші жер», «Тың» атты кітаптарыңызды бас алмастан оқып шықтым. Ғажап жазыпсыз!-деп құттықтап шығады. Бас хатшы ойланып қалады. Іле-шала Косыгин кіріп:

- Леонид Ильич, кітаптарыңыз өте тамаша екен, барша совет халқының баға жетпес рухани қазынасына айналғалы тұр,-деп кетеді. Брежнев толқи түседі. Содан соң... әйтеуір, Брежневтің кабинетіне кіріп шыққан Кремльдегі бөркі қарайғандардың бәрі кітаптарын жалпылдай мақтап, таңдай қаға тамсана береді. Оңашада өз-өзіне сүйсініп, масаттанған Брежнев:

- Қой, мыналардың бәрі бекер мақтамаған шығар. Сол кітаптарды мен де оқып шығайыншы ерінбей,- деп күбірлейді»...

Біздің айтайын дегеніміз, әдебиет әлемінде белгілі бір халықтың рухани рәмізіне айналар асқын дарындармен жағаласып, атақ пен сыйлық шүленінде есіктен кіргізбесе де, бәрібір, тесіктен кіріп кететін дәлдүріштер тасасында жалдамалы жазармандардың да нәпаха айырып жүретіні. Тіпті, Брежнев сияқты билік басында ұзақ отырып, оясы әбден баздана бастаған біраз көшбасшылардың кейде үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін тақырыптарды жағалап, талайлы «тарихтың толқынында» қалқып, футурологиялық- пәлсапалық иірімдерге бойлап алатыны – жасырын жәйт емес. «Әдеби құлдардың» арқасында, әрине... Иә, әлгі анекдоттағы Брежневтің орнына тәуелсіз Орта Азия елдеріндегі президенттердің кез келгенін аты-жөнін қойсақ та тап ештеңе өзгере қоймайтынын, күнделікті өмірдегі көз үйреніп, көңіл бастыққан құбылыстың бірі ретінде ұғылатынын барша біледі. 

Міне, сондықтан, Александр Дюма, шын мәнінде, Эжен де Мерикурды «әдеби құлдарының» тізімін жариялап, әлемге даңқын жайған өнікті шығармашылық тәсілін әшкере қылғаны үшін сотқа берген жоқ деп ойлаймыз, өйткені, ол жеті қат жер астына жасырып, жұмбақ ұстардай аса құпия нәрсе емес-тұғын. Құпия Дюманың өзінде еді: «сезікті бұрын секірер» дегендей, оңтайлы «кілтін тапқан» шығармашылық тәсіліне, жазушылық кәсібіне емес, Мерикур кінә таққанжеке басына қатысты әлдебір тылсым сырдың тастүнек қамалына сәуле түсіріп алудан қорқып, қарсы шабуылға шыққан деп топшылаймыз. Өйткені...

Біріншіден, ғұмырнамасын егжей-тегжейлі баяндайтын анықтамалық мақалалар мен ресми мәтіндерде де Дюманың жазушылық дарындылығы мен ой-өрісінің алымдылығына шәк келтіретін «Никому не приходило в голову, что он может стать историческимроманистом, для чего требовалась большая эрудиция. Библиотеки же, как известно,не его стихия» деген сияқты жолдар жетерлік. Иә, Дюма өз тұрғыласы Пушкин сияқты император қанатының астына алып, тікелей қамқорлық жасаған ең таңдаулы оқу орны – атақты Царское село лицейінде білім алып, мемлекеттің геосаяси мүддесі тұрғысынан әлем әдебиеті мен тарихын індете оқып, шұқшия зерделей алмады.Әкесінен он жасында жетім қалған, ішер ас, киер киімге жарымай өскен Дюманың кітапхана жағалап, білімін жетілдірмек түгілі, жегжаты Консей рухбан жетелеп апарған діни семинарияны аяқтауға да мойны жар бермегені оқулықтарданбелгілі.

Екіншіден, Францияның солтүстік-шығыс шалғайындағы кантон орталығы - Виллер-Котре елдімекенінен Парижді «бағындыруға» қалтасында қара бақыр ақшасы болмай, түтінге ысталғантөрт қоян, он екі шіл мен екі бөдене арқалап келген, одан соң алты жыл жұмыссыз, әкесінің көзкөргендерін сағалап жүрген Александр Дюма әдеби қызметшілер жалдап, шығарма жаздырды деген уәж ләмі, қалай айтқанда да, көкейге қонбайды. Ал, Александр Пушкиннің жөні бір басқа: әлемді тітіреткен Наполеон армиясын күйреткеннен кейін Еуропа кеңістігінығында ұстап, ықтиярына көндіруге дәмеліРесейдей алып империя артындатұрған ол мемлекеттің геосаяси мүддесі үшін барлау қызметінің қаржысын оңды-солды шашып, француз жұртшылығын мойындатуға жол ашқан еді деген жорамал қисынға келеді. Себебі, сол жылдарымонархиялық қасаңдықтан құтылған Француз үкіметі галл ұрпақтарының өткен кезеңдерін біліктілікпен бедерлеп, ерлік пен елдіктің жылнамасын тізбелер тарихи шығармалар туындатуғаден қойып, тапсырыстар ауқымын тиянақтай бастайды. Алайда, бұл қолына қалам қыстырып, қағаз күйелеп жүргендердің кез келгеніннің оң жамбасына келе қалар оңай шаруа емес екені белгілі. Сондықтан, олардың Батыс тұрмақ, Шығыс (соның ішінде, татар, қазақ халқының) тарихына қатысты әдебиет атаулыны жеке кітапханасына тірнектей жиып, патшаның құпия архивіне дейін ақтарған, орыстың өткен дәуірлерінің өзегіне жан бітіретін жауһар шығармаларын жариялапүлгерген жарық жұлдыз Александр Сергеевичке құсы түсулері әбден мүмкін. Осы жорамалды мақаламыздың ілкі бір орамында келтірген дәйек – публицист әрі аудармашы Владислав Поляковский «Дуэльге шығатын күні Пушкин француз елшілігіне арнайы барып, әлдеқандай мәселенің түйінін шешуге тырысқан» дегені шындыққа бір табан жақындата түсетіндей.«Орыс поэзиясының Күні» ретінде танығанымен, кәнігі барлаушы, қиыққұлақ тыңшы екенінен бейхабар француз билігі оны сол кезеңдегі идеологиялық міндет,институциялық мұғдар– мемлекет тарихын әдеби-көркем әдіппен түзу ісіне«1832 жылы генерал Ламаркты жерлеу кезіндегі бүлікте париж полицейлерінің қолынан қаза тапты» немесе «қаптаған қарызынан қашып, Брюссельге бой тасалады-мыс» деген дақпырт тараған Дюманың атымен астыртын қатарға тартып, қараға іліктірулері де ғажап емес.Бұған дейін бір-екі пьеса жазғанымен ешбір театр қабылдамай, тек «Комеди Франсезде» аншлагпен өткен«ІІІ Генрих және оның сарайы» спектаклі ғана көпшілік есінде қалған сол Александр Дюманың түр-түсі, кескін-келбеті мен мінез-құлқы өзінен аумай қалғанорыс ақыны – Пушкин қаза тапқаннан кейінПарижде қайта төбе көрсетуі әсте кездейсоқ уақиға емес екенін топшылаймыз. Ресей Сыртқы істер министрлігінің Үшінші бөлімі(барлау қызметі) үшін де өлең-сөздің өріне самғап, төріне тұрақтаған арынды ақын ретінде танымал өз қызметкерінің –құпия агентінің «арғы-бергі тарихтарыңды тастай қылып жазып беремін» деп, француздардың жабық архивіне ашық қол жеткізіп жатқандығы ірімшік май қондырғандай бола кеткені кәміл. Бұған дейін де «жемісті жұмыс істеп», досы – көрнекті криптограф, құпия барлау бөлімінің белді қызметкері П.Л.  Шиллинга фон Канштадтпен бірге поляк бүлікшілерін астыртын әшкерелеп, әсіресе, дүрбелеңгедем берушілердіңшытырман шифрларын шапшаң шешкені, сөйтіп, 1830-31 жылғы көтерілісті бетқаратпай басып-шаншуға белсене үлес қосқаны үшін камергер А.С. Пушкинді үшінші дәрежелі құпия кеңесші лауазымынакөтеріп, жалақысын өсірген еді. Алайда, бұл еңбегі мемлекеттік құпия мәліметтерге тікелей тамырласыпжатқандықтан, еш жерде аталмай, күні бүгінге дейін жабық архив құжаттарының жеті қат жықпылында қалады. Содан көп ұзамай оған Пугачев көтерілісінің тарихын жазу үшін деген желеумен жандармерия сардары, сонымен қатар Жоғары мәртебелі император ағзамның Жеке кеңсесінің ІІІ бөлімшесінің бас бастығы,граф А.Х. Бенкендорфтың қолынан 40 000 рубль күміс алады. Ал, бұл қазіргі нарықпен есептегенде 40 000 000 АҚШ долларына бара-бар қаражат еді. Осыншама қисапсыз қаржыны құпия барлау қызметі әлдебір көтеріліс тарихын зерттеп жазу үшін берді деу, әрине, қисынға келмейтін әңгіме. Еш елдің ақын-жазушысы, тіпті, идеологиялық мұраттарынан ақша аямаған, шығармашыл интеллегенциясын үкілеп ұстаған кешегі КСРО -да дәурен сүріп, социалистік реализм артықшылықтарын аспандатып баққан атағы дардай қаламгерлер де қарпі алтын, қағазы күміс кітап жазса да, мұндай шаш та төк қаламақыны өңі тұрмақ түсінде көре алмағаны анық. Ал, астыртын қимылдап, жасырын жол салатынәлем елдерінің арнаулы қызметтері тарихында әлдеқандай жанама себептерді желеу етіп, сындарлы геосаяси мүдде, түбегейлі мемлекеттік мақсат үшін ақшаны уыстап шашу деректері аз кездеспейді; ендеше, І Николай патшаның өзі көз қырына алып, басқан ізін аңдытып қойған А.С.Пушкинге әдеби үрдістен алшақ қонған жандармериялықбарлау бөлімінің басшысыБенкендорф жасаған мырзақол ілтипаттың арғы жағында Еуропа кеңістігінде 2 әскери-саяси мүдделері бірде шабысып (Наполеон басқыншылығы), бірде қабысып (ұшы-қиырсыз француз модасы, әдеби-мәдени үрдістері), үнемі иық тіресумен келе жатқан Франция империясының «аузы- мұрны жоқ отаудай» архивіне «тың алқаптай тусыраған тарихыңның жоғын түгендеп, барын көгендеп беремін» деген сылтаумен өз адамындай еркін де жария түрде кіріп, ешкімнің қолы жетпейтін мәліметтерді моншақша тізіп шығу құқына ие болулы құпия агентіне Ресей арнаулы қызметінің жан-жақты жағдай жасау әрекеті жатқанын пайымдаймыз. Егер де осы топшылауға табан тіреп, ден қояр болсақ, айлақтан аш-жалаңаш Парижге келген, «бір өліп, бір тірілген» аты да, заты да дүдәмал «Дюманың» (біздің пайымдауымызша – А.С. Пушкиннің) он шақты жазарман жалдап, шығармашылықтың қара жұмысына құлша жегуінің де, том-том кітапты жыл сайын топырлата шығарып, кірпияз француз әдебиетінің көгіне лезде Күндей шалқып көтерілу дерегінің көмесі сейіліп, көрнеуі қаныға бастайды. Тіпті, осы мақаланың бастапқы бөлімдеріндегі басы ашық қалған мәселелердің – сол кездегі Ресей низамы бойынша дуэльде қаза тапқандар да, нахақтан қан төккендер де пидайыға, яғни, өзіне өзі қол салған жанкештіге теңеліп, илаһи нанымды православие дінінде де күнәһар санала тұра, «неге қазымырлығымен аты шыққан І Николай патша Пушкинге кешіріммен қарады, жұртшылықтан жасырын, түн жамылып, таныстары тұрмақ ет жақын туыстарын табыт маңына жолатпай, дворянға көрсетер құрметпен арулап жерлеуге нұсқау берді; неге арқалы ақынның мойнында кеткен қыруар қарызын өз қалтасынан өтеп, артында қалған отбасын жеке қамқорлығына алды; неге қандықол Дантесті сотқа тартып, жазаламастан шекара асырып, еліне – Францияға қуып жіберді?» деген сияқты қаптаған сауалдардың қисынды жауабын тауып, түйінді мәнісін ұққандай боламыз.

Үшіншіден,бір тілде ауызданып, әріп таныған, екі сөздің басын құрап, жазу өрнектеген адамның өзге, екінші тілді де тап солай меңгеріп кетуі, жәй ғана меңгеріп қоймай, ой-пікірін еркін де сауатты жеткізе аларлықтай жазып кетуі неғайбылдау екені белгілі. Табиғатынан дарынды, қабілеті қарымды жанның өзі, мейлі, ол Пушкин болса да, тілдік кедергілерге килігіп, мұз үстіндегі тағасыз атша тайғанақтамай тұра алмайды ғой деген тәрізді пікірлер кесе көлденеңдегенде де ақынның балалық шағын баяндайтын ресми деректерге жүгінеміз. Оқулық беттерінде оның жастайынан полиглот болғаны, неміс, ағылшын, грек, латын, тіпті, татар және т.б. тілдерін жақсы білгенін деректейді. Әсіресе, сол кездегі кез келген орыс дворяны сияқты А.Пушкиннің де французша өте жатық сөйлеп, майсақтата жазғанын, жеке кітапханасындағы кітаптардың басым бөлігі француз тілінде болғанын атап көрсетеді. Бұған қоса, ана тілінде сөйлеуге арланып, өз қағынан жерінетін қазіргі қазақ «каймактары» сияқты ол кездегі Ресей зиялылары «маубас мұжықтардың тілін» - орысшаны менсінбей, шетел, негізінен, француз тілінде сөйлеп, жазуға әуейі болған. Ол туралы Г.М.Герасимов «Реальная история России и цивилизация» атты кітабында : «Николай I начал программу национального самоопределения. При нем русский язык стал государственным языком. Однако, он везде на культурном уровне встречал негласное сопротивление своим программам. Русский язык стал общегосударственным, но пользование им в высшем свете считалось плохим тоном. Париж перестал быть мировой столицей, но из-за протеста против политики Николая I все интеллигенты говорили только по-французски. Значительная часть русских произведений девятнадцатого века была написана по-французски и только позже переведена на русский» дейді. Ендеше, сол кездегі қол ұшына қалам қыстырып, қағаз күйелегендердің кез келгені кітабын шығарып жатқан тілде, яғни, французша екінің бірі емес, атадан алғыр туған Александр Сергеевич те төгілте жазып, том-том роман құрап еді десе, тосын құбылысқа балап, тосырқай қараудың әсте жөні жоқтай... 

«Өзге емес,өзі жазған өз жайында...»

Сонымен, Пушкиннің қапиялы қазасына Ресей жұртшылығы қабырғасы қайыса қайғырып, аза тұтып жатқан шақта француз әдебиетінің көгіне күтпеген тұстан бір жұлдыз жарқырай көтеріліп, самала нұрын жер-жаһанға жамыратты дейді зерттеушілер. Оның да аты Александр еді, тек ныспысы – Дюма...Екеуінің де тұла бойында қара нәсіл – құтан зәңгінің қаны ойнап жатты, тек Дюманікі – нағашы жағынан еді дейді... Тіпті, кескін-келбеттері мен мінез-құлықтарына шейін бір-бірінен ажыратып алғысыздай ұқсас екенін алға тартқанымен, олар, обалы нешік, екі бөлек елдің маңдайалды қос қаламгері – бір адам, жалқы тұлға еді деп кесіп-пішуге әлгі дәйектердің әлі де жеткіліксіз екендігін ептеп мойындайды. 

Қырық төрт томдық «Табиғи тарих» анықтамалығының авторы, әмбебап француз ғалымы Жорж Луи Леклерк де Бюффонның «Стиль дегеніміз – адамның өзі, басқа түк те емес» деген қанатты сөзін қаперге алған кейбір зерттеушілер енді Дюма мен Пушкиннің шығармаларына зер салып, жазу әдібі мен шығармашылық машықтағы ұқсастықтарды індетеді. Өйткені, өрбіткен ой желісі мен көтерген идеялар ауаны көпке ортақ, жалпыға тән болғанымен, жазу әдібі, көркемдеу мәнері ғана кез келген жазушыны өзгелерден ерекшелендіріп тұратын қайталанбас қасиетке, даралық сипатқа ие болады екен.

Әдебиет көгіндегі жарқын жұлдызға айналған қос Александрдың да ерте есейіп, егде тартқан Еуропаның ой-санасына тұңғыш рет алып-ұшқан африкалық албырттық пен қайнап төгілген қызуқандылықты ала келді. Ал, екі иығын жұлып жеп, айғайға аттан қосқандай алапат әуенді Африка кәрі құрлықтың музыкалық мәдениетіне бұдан біраз кешігіп, ХХ ғасыр басында америкалық қара нәсілдер джазымен жеткен. Иә, Дюманың да, Пушкиннің де шығармаларында ой тұңғиығына бойлатып, астарлы иірімдерге малтықтыратын пәлсапалық толғамдар жоқ, сөйлемдері қауырсындай жеңіл, қалемшедей үлбіреген нәзік әдіпке құрылады, қыздың жиған жүгіндей әсемдігімен баурап, жұтынып тұрады; әсіресе, махаббат шырғалаңынан өрбитін уақиғаларға келгенде екеуінің де қаламы аяңшыл аттай желе жөнеледі, тіпті, әулекінің өзінен жағымды кейіпкер сомдап шығаратын батыл шешімдерге бара алатынын алға тартады зерттеушілер. Осыған орай француз жазушысының замандасы әрі жалдамалы жазарманы, кезінде ауызын айға білеген білікті сыншы санатында танылған шикіл сары Сент-Бёв те «Дюма дейсіңдер ме?!. Оның жазуы сүр бойдақтың таңғы асындай жеп-жеңіл...» деген екен. Сол сияқты Александр Сергеевич те «босағада тұрмады, төрге өрледі» дегендей, өзіне дейінгі орыс поэзиясындағы болбыр қалып, мимырт мақамды бұзып-жара, арнасынан ақтарыла, аспан асты, жер үстін шарпыған алапат сезім жалынымен, ағынан жарыла келді. «Я вас люблю, хоть я бешусь, хоть это труд и стыд напрасный...», «Я помню чудное мгновенье, передо мной явилась ты...» деп,ол өзгенің емес, өзінің ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін –ажарлы ару, әдемі әйел көрсе, отқа ұмтылған көбелектей айналып-үйірілетін алып-ұшпа мінезін өлеңмен жая берді. Бұл кезеңде «...Когда, склоняяся на долгие моленья, ты предаешься мне нежна без упоенья, стыдливо-холодна, восторгу моему едва ответствуешь, не внемлешь ничему. И оживляешься потом все боле, боле – и делишь, наконец, мой пламень поневоле!» деп, махаббаттың мырғамына батып, мауық басар мезетті мұншалық ашық жырлау үрдісі Ресей аумағы тұрмақ, әлем әдебиетінің кеңістігінде некен-саяқ ұшырасатын. Осы алкеуде албырттығына бола Пушкинді «қуыс кеуде, рухани жұтаң, ақылы аз» ақын ретінде жақтыртпады. Солардың бірі –кезінде ақын жырларына тамсанып, аспандата мақалалар жазған В.Белинскийді «жалаң эстет, жадағай жазарман» деп аяусыз сынаған белгілі орыс сыншысы Д.И.Писарев бұл хақында « 20 жыл өткеннен кейін Пушкин туралы мәселені ғажап сыншы, адал азамат әрі тамаша ойшыл Виссарион Белинский қолға алды. Мұндай адам әлгі мәселені жөпшеңді шешіп, Пушкинді ақыл-ойлы тірлігіміздің тарихындағы тиесілі орнына апарып қоятындай көрінген. Алайда, бәрі керісінше болып шықты. Белинский Пушкин жайында төгілдіре он бір мақала жазып, адам құқылары мен міндеттері, еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынас, махаббат пен қызғаныш, жеке және қоғамдық тұрмыс туралы ең жарқын ойларын үйіп-төгіп бақты да, ал, Пушкин жөніндегі мәселе бәз баяғы күңгірт қалпында қала берді. Оқырмандарға, бәлки, Белинскийге де әлгі әйбат ойларды нақ Пушкин өз шығармалары арқылы айтқандай көрінген шығар, алайда, олар түгелдей сыншыға тиесілі еді және де олар талданып отырған ақынға мүлде ұнамауы да мүмкін. Белинский Пушкиннің барлық басты шығармаларының мән-маңызын әсіре әспеттеп, олардың әрқайсысына автордың өресі жетпеген, тіпті, бой соза қоймаған байыпты да терең мағынаны дарытты» деп мошқағаны мәлім (Пушкин и Белинский// Литературно-критические статьи. Избранные..,"Художественная литература", М., 1940)

Ойнақы романтикалық-лирикалық сарында жазуға бейім қос қаламгердің атан түйе белін қайыстырардай қисапсыз әдеби мұраларын стилистикалық-лексикографиялық тұрғыдан шұқшия зерттеп, әлдеқандай ұқсастық немесе ортақ ыспат бар-жоғын салғастыра талдаған ешкім жоқ әзірге. Тек Пушкиннің де, Дюманың да өз мемлекеттерінің тарихымен бел шеше шұғылданып, соның арқасында уақыт өкпегіне өң бермес беллетристика (французша belles lettres — «көркем сөз») туындатқанын, тіпті, кейбір шығармаларының тақырыптары ортақ екенін ғана айтады зерттеушілер. Мәселен, кейбір деректер бойынша – 1820 жылғы желтоқсанда, ал, бірсыпыра хронологиялық тізбелерде 1821 жылғы қаңтарда жазылды дейтін «Қанжар» атты өлеңін А.С.Пушкин ХІХ ғасырдың бас кезіндегі неміс жастары ұйымдарына қарсы шығып, билік орындарын айдап салып отырған сыңаржақ жазушы Августа фон Коцебаны өлтірген студент Карл Людвик Зандқа арнады. Ал, А. Дюма тап осы оқиға орын алған шақта – 1819 жылы "Карл-Людвиг Занд" новелласын жазды. Бірақ, көлемі 25 беттен аспайтын шығармада әлі болмаған, алдағы жылдардың еншісіндегі уақиғалар да қылаң беріп қалады. Әсіресе, әуесқой әдебеттанушы Нина Милованың қос қаламгер шығармаларындағы ұқсастықтар мен сәйкестіктерге қатысты пайымдаулары аса қызық, пушкинтануға таласы бар, осы ерқашты тақырыппен табанын тоздырып, тақымын қажаған талай зерттеушінің құлай сенбесе де, көңіл жығып, қаперге алуына әбден лайықты дәйектер. Айталық, А.Дюманың атақты «Граф Монте Кристо» романындағы басты кейіпкердің ныспысы Дантес екенін ілік қылады. «Ау, бұл – басқа Дантес қой, мұның аты Эдмон емес пе?» дейтіндерге де Нина Михайлованың жауабы дайын: Дюма аталған шығарманың алдында, дәлірегі, 1843 жылы тарихи-шытырман оқиғалы «Жорж» романын жариялаған; автор ешқашан да көзі көріп, аяғы баспаған жер – Маврикия аралдарын мөлдірете суреттеген шығарма жұртшылық жүрегіне жол таппай, елеусіз қалғанымен, оның көптеген сюжеттері 1845-46 жылдары қағаз бетіне түскен «Граф Монте-Кристода» молынан пайдаланылған. Міне, осы арқылы «Дюма» атын жамылған Александр Сергееевич «өзінің өлуіне» туған бажасы – Жорждың (Дантес те Гончаревтің үш қызының біріне – Ольгаға үйленген – М.І.) түк жазығы жоқтығын ишаралап, астарлы шығармашылық амалмен жеткізгені шығар дейді.

«Көзі көріп, аяғы баспаған» дегеннен шығады, Ресей жеріне де ешқашан келіп көрмеген, орыс қоғамының саяси-әлеуметтік ахуалынан мүлде бейхабар Александр Дюма «Семсерлесу ұстазы» атты алғашқы романына 1825 жылғы 14 желтоқсанда Сенат алаңындағы көтеріліске қатысып, "ит жеккенге" айдалған дворян Иван Александрович Анненков (1802 – 1878) пен француздың сәнгер аруы Полина Гёбльдің (1800 – 1876) бастан кешкен хикметтері мен махаббат машақатын арқау етеді. Ал, шынтуайттап келгенде, тап сол кезде – бүкіл мемлекеттік басқару аппаратын қатаң жандармериялық құрылымға айналдырған І Николай билігі тұсында Декабрьшілер көтерілісінің иірім-үзіктері туралы Парижден қарыс-қадам ұзап шықпаған әрі кітап парақтап, архив ақтаруға желкесінің қыры жібермейтін, өз елінде Виктор Гюго, Жорж Санд сынды қарымды қаламгерлер бар екендігін театрда әлдебіреуден кездейсоқ естіп қалған жас қалам жазушы тұрмақ, Петерборды ен жайлаған орыс зияларының бәрі бірдей біле бермейтін. Себебі, І Николай патша сол көтеріліске қыл еніндей қатысы бар мәліметтерді кілтте ұстап, ол хақында көсілте шығарма жазбақ түгілі ауызға алып, дауыстап айтуға қатаң тыйым салды; әуелі Францияда, содан соң Бельгияда басылып шыққан романды ел ішінде таратуға рұқсат етпеді. Соның салдарынан Ресей монархиясы мен тақ төңірегіндегілердің саяси қозғалысын кезеңдік-хронологиялық шеңберде баяндайтын француз романы орыс тіліне Кеңес билігі орнағаннан кейін, 1925 жылы ғана аударылды. Дюма-әкейдің ғұмырнамалық деректерін жіпке тізген ресми анықтамалықтар мен оқу құралдарында «романға желі тартқан уақиға – Декабрьшілер көтерілісі хақында Анненковті семсерлесу өнеріне үйретуші Огюстен Гризье деген біреуден естіп-біліп, соның ұзын-ырғасын көркем шығармаға айналдырған-мыс» деген дәйек те көкейге әсте қонбайды. Өйткені, Петерборға бірер жыл табан тіреп, жаттығу залында шпагасын шошаңдатумен күнін өткізген француз офицерінің патша билігі қатаң тыйым салып, аса құпия мағлұматтар санатында ұстаған 1825 жылғы Сенат көтерілісін індете зерттеп, сырт көзден сыры қымтау ақсүйек қауым – дворяндар ортасының әлеуметтік-психологиялық ахуалын, басқасын айтпағанда, атауының өзі құқай көрінер ібір-сібір өлкесінің табиғи-климаттық ерекшелігін байыптай ізерледі деу, қарапайым шындыққа қайшыласып қалары анық. Ал, енді «Семсерлесуді» бала шағынан бері Анненковпен арасы қыл елі ажырамаған, болашақ дворяндар ұясы – лицей қабырғасында қанаттанған, жергілікті тіл де, діл де бес саусағындай білетін «орыс поэзиясының Күні» – Александр Сергеевич Пушкин жазды дейтін болсақ, ешкім сөкет көрмес. Оның үстіне, ол Гризьемен жақын жора болып, көп достарымен бірге оның қоластында жаттығып, семсерлесу өнерінің қыр-сырын үздік үйренгені Л.И. Тарасюктің кітабында («Время» баспасы, Л., 1925) егжей-тегжейлі жазылған /feb-web.ru/feb/pushkin/serial/v70/v70-103.htm/. Осы тұста мынадай сұрақ еріксіз туындайды: егер «Александр Дюма» атын жамылып, француз тілінде жауһар шығармалар жазып жүрген, шынында да, біз білетін Пушкин болса, неге ол құйрығына қалжуырдай байланған батпан қарызын кешіріп, өзін өте құпия мемлекеттік миссиямен шетел аттандырған, атақ-даңқын аспандатып, артында қалған отбасына тікелей қамқорлық жасаған құдіретті жарылқаушысы – І Николай патшаны шабынан түртіп, шамына тиетін тақырыпты қозғайды? Бұл сауалдың жауабы ресми әдебиет пен оқу құралдарындағы А.Дюма ғұмырнамасының дилеммалы деректеріне көз қыдыртып, ой жүгірткенде де ғана мұнары сейіле көшкендей ақырын айқындала түседі:әлқисса, Дюманың шығармалары Францияда баспадан шыққан бойда дереу Ресейде аударылып жатады. Алғашқы аудармалардың бірінорыстың әдеби ортасына олжа салған беделді тұлға, белгілі сыншы Виссарион Белинский жасайды. Міне, сондықтан, өз пьесаларының Петербор сахнасында аншлагпен өтеріне бек сенімді Дюма орыс императорының қолынан «Қасиетті Станислав» орденін алуды армандайды (кез келген көрсеқызар, ұшқалақ мінезді пендеге тән осалдық – жылтыраған шен белгілеріне әуейілік онда да бар еді). Сол дәмемен жазушы шекесіне «теңдесі жоқ монарх-ағартушыға» деген арнау сөзін хұснилатып, І Николай патшаға«Алхимик» пьесасын тарту етеді. Алайда, тәж бен тақтың ортасын толтырып, мейманасы тасып отырған мәртебелі ағзам аяғына жығулы ақынның сұраған орденін бере салмайды, «оған осы да жарайды» деп, аты-жөні сіргеленіп жазылғанжүзік жолдаумен ғана шектеледі дейді. Бұған Дюманың, яғни,біздің пайымдауымыз бойынша – Парижге қарасын батырған алкеуде, шығашап Пушкиннің талағы тарс айырылып, апшып қалады. Патшамен ашық түрде араздасып, ат құйрығын кесісуге ешқандай негіз жоқ, жеке басының өкпесіне бола мемлекет мүддесін мансұқ ете алмайды, оның үстіне, талай жыл түсіне кіріп, қиялынан шықпаған шетелге, «әлем астанасы» атанған Парижге қайыншылап келсе, бір сәрі, астыртын қызмет, құпия миссия атқарып жүргендіктен, жоғары шенді, асқақ лауазымды басшыға, әсіресе, империя билеушісіне қарсы шығып, бетінен алу әскери әдептің аясына сыймайды. Сондықтан, І Александрдың тақтан тайып, І Николай билік басына келген бұлғақтау кезеңнің бүркеулі шындығын әдеби-көркем амалмен жария етіп, талай жылдан бері бірде тату, бірде қату қарым-қатынас жасап келе жатқан монархтан есесін алып, өшін бір қайтарғысы келді деп топшылаймыз.Сөйтіп, «Семсерлесу ұстазы немесе Санкт-Петербургтегі он сегіз ай» романы – оған арқау болған декабрьші Иван Анненков пен француз аруы Полина Гебльдің (романда аты-жөні өзгертілген) ессіз махаббаты арқылы І Николай патшаның көлденеңнен көлкештеп, аса құпия қалыпта ұстаған 1825 жылғы 14 желтоқсандағы дворяндар бүлігі, сарай төңірегіндегілердің құйтұрқы әрекеттері, І Павелдің өлімі, жер аударылғандарды құлша жұмысқа жегіп, діңкелете құртып тынатын сібір рудниктері хақында Еуропа жұртшылығы біліп қойды. Осы шығарма жөнінде белгілі әдебиеттанушы С.Дурылин: «І Николай үшін бұл аса жағымсыз сый болды. Дюманың романы қалың Еуропа жұртшылығының І Николай үшін аты-жөндерінің өзі жеккөрініш тудыратын адамдарға назарын аударып, жанашырлық сезімін оятты. Декабрьшілерді сібір жазығының үнсіздігіне үкім ете отырып, Николай оларды қатаң жазалағысы – толықтай ұмыттырғысы келді. Ал, Дюма өзінің романымен декабрьшілердің бірінен осы үкімді алып тастады, сөйтіп, басқаларының тағдырына назар аудартқызды. Осы басқаларыроманда қаһармандық елесімен сап түзе өтіп жатады» деп жазған (Александр Дюма-отец и Россия//Лит.наследство, №31-32, М., 1937,с. 513). Шындығында да, 14 желтоқсан күні Сенат алаңында орын алған оқиғаны зер сала оқыған жан Дюманың бастарын өлімге байлап, көтеріліске шыққан ержүрек солдаттар мен офицерлерге іш тартып, бүйрегі бұрғанын аңғарар еді дейді зерттеушілер. Осыдан кейін өкпесі қарайған І Николай француз жазушысының (сондай-ақ, неге екені белгісіз, А.С. Пушкиннің де) шығармаларын таратуға, орыс жеріне аяқ басуына тыйым салады. Дюма талайдан аңсары ауып, ындыны құлаған Ресей аумағына І Николайдың дүние салғанына үш жыл өткеннен кейін, 1858 жылы, ІІ Александр патшаның тұсында ғана келеді. Бір кездері орыс әдебиетінің көгіне жалындаған жас ақын – Пушкин деген атпен жарқ ете шығып, жалт ете жоғалған ол енді әбден шау тартып, тұрғылас андасы тұрмақ туған анасы датанымастай өзгерген еді. Сондықтан, Петербор, Мәскеу қалаларындағы жиырма жыл бұрын ірге ажыратқан ортасы –дворяндар қауымымен етене қауышып,Г.А. Кушелев-Безбородко, Д.В. Григорович, А.К. Толстой,Л.А. Мей, Н. А Некрасов, И. И. Панаев сынды орыс әдебиетінің көрнекті өкілдерімен бір ай жарымдайемін-еркін сұқбат құрады. Жиырма жылдай бұрын жүріп өткен таныс жол, ескі сүрлеумен –Еділ бойымен Нижниий Новгородтан Астраханьға жетіп, одан Кизляр мен Баку арқылы Қап тауының топырағына табанын тигізеді. Бар-жоғы сегіз айға ғана созылған осы саяхат барысында Дюма «Парижден Астраханьға дейін» (1859) және «Кавказ»(1860) атты жеті томнан тұратын танымдық кітаптар жазғанына таңғалып, тамсанады ресми зерттеушілер. Аренаны шыр айналып, бір ізін шиырлап шаба беретін цирк аты тәрізді Парижден бұра шығып көрмеген, әрі кеткенде Бельгиядан кері қайтып жүрген, орыс тілінде «аузың қайсы» десе, мұрнын көрсететін француз прозашысының бір сапар барысында «өзі бұрын-соңды көріп білмеген Ресей империясының өлкелері» жөнінде соншалықты ұшан мағлұматты қағаз бетіне түсіруі сау адамның ақылына сыймас құбылыстай көрінеді, расында. Ал, осыған қатысты «баламалы тарихтың» туын көтеріп жүрген зерттеушілердің байыпты пайым, байламды уәждері бар: егер де 1858 жылдың 10 маусымында Ресейге келіп, 1859 жылдың 16 ақпанында Францияға қайтқан шетелдік жазушы «Дюма» атын жамылған өзіміздің А.С. Пушкин болса, оның таңғалатын түгі жоқ. Ол бұған дейін – 1817, 1829 жылдары Кавказға барып, жергілікті халықтың тіршілік-тынысымен жете танысып, «Кавказ тұтқыны» поэмасы мен басқа да бірнеше шығармасын жазғаны; Пугачев көтерілісінің тарихын зерттеймін деген желеумен, 1833 жылы Орынбор, Орал аумағы арқылы Астрахань губерниясының шегіне барып қайтқаны белгілі.Енді, араға біраз жыл салып, көзге ыстық, көңілге таяу жолдармен қайта жүріп, жас шағынан жасампаздығын жанып, құштарлығын қоздатқан тақырыпқа төгілте қалам тербеп, өнікті де өміршең шығармалар туындатып жатса, таңғалатын несі бар, ұлы ақын, дарынды қаламгердің де кез келген жұмыр басты, жұлын өзекті пендеге тән табиғи сезім – өткен өмір белесіне тағы бір оралғысы келгені шығар. Иә, айтпақшы, Дюма деген бүркеншік есіммен «Үш мушкетші» сияқты талай жауһар дүние жазған ол 1845 жылы «Жиырма жыл өткен соң» деген романын шығаруы да тегін емес. Сол арқылы Пушкин өз қазасынан кейін туған топырақ, өскен ортаға – Ресей аумағына жиырма жылдан кейін қайтып оралатынын аңғартқысы келгені анық» дейді. 

Жалпы, Александр Дюма шығармаларындағы кейіпкерлердің болмысына мұқият үңілген зерделі оқырман, «орыстың терісін тырнай берсең, тырнай берсең, ар жағынан татар шыға келеді» демекші, біз білетін Пушкинге тумысынан тән мінез-құлық нышандарын айқын аңғаратынын айтады әлгілер. Мысалға д’Артаньянды алады. Адуын мінезді гаскондық жігіт сияқты Пушкин де құбатөбел, қысқақол дворян әулетінен шыққанымен, көптің бірі, етектің кірі санатында қалмас үшін жолындағы бұзып-жарып, биіктерге ұмтылады; оқа тағып, шен қадар төрелікті ғана місе тұтпай, өзгелерді ығына жығып, ымына елпеңдетер төбелікті қалайды; кеудесінен қағып, намысына тигендермен түстенбей төбелесе кетеді. Ресми әдебиет беттерінде Пушкиннің жанжалдасып, жаға ұстасқан қарсыластарын он бес (кей деректерде – жиырма бір) мәрте дуэльге шақырғанын, олардың төртеуі жекпе-жекке шығып, оқ шығындаумен аяқталғанын, Дантеспен арадағы атыс соңғысы (біз оған алдағы тараулардың бірінде кеңірек тоқталамыз –М.І.) екенін дәйектейді.

Әрине, дәйек – дәлел емес. Дей тұрғанмен, мистикалық-мәжусилік пайымдағыдай Пушкиннің жаны тәнді тастап, басқаның қауашағына бақилы көшуіне (перевоплощение) емес, ақиқи танымдағыдай тірілей А.Дюмаға айналып, соның аты-жөнімен пәнилі тірлік кешкеніне аққұла ден қойдырарлықтай нақты дерек болмағанымен, жанама дәйектер жетіп артылады. Басқасын айтпағанда, «неге Дюма өзінің шығармашылық жолын Ресейдегі сырт көзден таса саяси тұрмыс құйтұрқыларын жазудан бастады?!. Мал құлағы саңырау провинциядан дилы да дулы Парижге тесік қалта, түлкіқұрсақ қалпында жеткен француз бозбаласы Декабрьшілер қозғалысына қатысты құпияны бүге-шігесіне дейін қайдан біледі?» деген сауал тағы бас көтеріп, қайта-қайта алдымызды орай береді. Ал, Пушкин...

Иә, екі жазушы да тарихи тақырыпқа арналған шығармаларында халықтың билікке наразылығы мен патша үкіметінің ел басқаруға дәрменсіздігін суреттеуге бейім тұрады. Әсіресе, Пушкин «Еркіндік» (1817) одасында, «Евгений Онегин» (1823-31) романының 10-тарауында, сондай-ақ, «Борис Годунов» (1824-25) пен «Капитан қызында» (1836) Ресейді басқарудың монархиялық пішіміне жан-тәнімен қарсылығын білдіріп, республикалық билеу құрылымына жету мұратын көксейді. А. Дюма да үш мушкетші туралы хикаялар легін түйіндейтін «Виконт де Бражелон...» (1847-50) романында осы тақырыпты тереңінен қаузайды. Бұл кітапта үш мушкетші монархиялық билікке қарсы шыққанымен, д'Артаньян алған бетінен қайтпайтын роялист, яки, монархияны жан-тәнімен жақтап, үстінен құс ұшырмайтын қалпынан танбайды, сөйтіп, «біріміз –бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деп серттесе кететін қандыкөйлек достардың арасы бір өзеннің екі жағалауындай алшақтап, ашылып кетеді. Тап сол сияқты Жорж Дантес те роялистік ауан қанына қатып, сүйегіне сіңген жанның бірі еді. Тіпті, төңкерісшіл күштердің тегеуірінімен Францияда кертартпа билік кескен теректей құлағанда, тура д'Артаньян сияқты ол да Ресей монархиясына қызмет ету үшін қузаухатпен Петерборға келеді. Ал, сол кезде барлау қызметіне біржола басын байлап, патша сарайын жағалап жүргенімен, Пушкиннің антимонархиялық көңіл ауаны көпшілікке білініп қалған еді. «Орыс поэзиясы Күнінің» өлгеніне 84 жыл толуына орай Мәскеудің Әдебиетшілер үйінде өткен салтанатты жиында А.Блок «Біз Пушкинді – адам, Пушкинді – монархияның досы... ретінде білеміз» деп толғанады. Сірә, орыстың символшы ақыны бұл жерде Пушкин атына жапсырылып, жарыса айтылуға тиіс анықтамалардың кейбірін сөз ойнатып, ой толқындату ырқымен ауызға алған шығар. Әйтпесе, атақты «Еркіндік» атты одасында:

Самовластительный злодей! 

 Тебя, твой трон я ненавижу, 

 Твою погибель, смерть детей 

 С жестокой радостию вижу. 

 Читают на твоем челе 

 Печать проклятия народы, 

 Ты ужас мира, стыд природы, 

 Упрек ты Богу на земле -,

деп, жеке-дара, абсолютшіл билікті жеккөре, жирене жырлаған Александр Сергеевич «монархияның досы болғанын» екпіндете айту – естір құлаққа ерсілеу. Жә...

«Баламалы тарих» бастамашыларының бірі – Н.Милова деген әдебиеттанушы тек атақты романдағы д'Артаньянның ғана емес, сонымен қатар, басқа да кейіпкерлердің басынан өткен уақиғалар тізбегі үнемі А.С. Пушкин өмірбаянын еске сала беретінін алға тартады. Мысалына опасыз неке отына шарпылған, соның күйік-шалығынан жалған ат жамылып, жасырын күн кешкен асыл текті Атосты алады. Граф Монте-Кристоның, Лэди Винтердің, сондай-ақ, Дюма шығармаларындағы өзге кейіпкерлердің де тағдыры тап осындай. Ал, «таза ойдан қорытып, қиялдан құрастырған» дейтін әдеби тұлға – көркем бейнелердің болмысы мен бітім-қалыбына жазушының өз басынан өткерген уақиғалары із салып, сәулесін түсірмей тұра алмайтынын ескерер болсақ, онда аталған кейіпкерлердің жазмышы – автордың өз тағдыры еді деген уәж көкейге жақын қонады. 

Тіпті, Н.Милова сәуегейліктен гөрі сандырақ деуге бейілдеу батыл да қисынды болжамдарға барады: «вероятно что в трёх мушкетёрах автор разложил себя на три личности. В нём одном как бы сидят 3 человека. Атос – сложный, инертный, разочарованнй в жизни скептик. Это было его настоящее. Портос - добродушный и простой человек, желающий стать отцом семейства. Это было его будущее. Арамис – молодой соблазнитель, пользовавшийся успехом у женщин, но не принимавший их всерьёз, желающий сохранить себя для высокой роли священнослужителя. Это было похоже на его прошлое. Похоже, что в авторе и вправду скрывалось как три известные личности. Кстати, слово «мушкетёр» происходит от слова «мушкет». Это – средневековое орудие артилллерии, аналогичное пушке, и значит в названии «Три мушкетёра», вероятно зашифровано «Три Пушкина» дейді.

Аталмыш шығарманы оқыған адамның, әсіресе, асыл текті Атосқа айрықша көңілі құлап, тіпті, ол он алты жасар зайыбын аяусыз дарға асса да, неге екені белгісіз, жанына жақын тұтып қалатынын зерттеуші әйелзатына тән нәзік түйсікпен жете сезініп, ұңғыт аңғарған. Тіпті, Миледидің дар ағашынан аман қалуы да тегін емес екенін, сол арқылы бүркеншік есім жамылып, бөгде тілде топырлата шығарма жазушы автор «ау, бұл – мен ғой, танымадыңдар ма, Пушкинмін... Мен әлі тірімін. Кей кезде өлгендер де қайтып келеді» деген жан айғайын астарлы ой, тұспалды әрекетпен жеткізгісі келгенін айтады. Егер де «Үш мушкетші» шығармасының авторы, шынында да, Пушкин болса, онда асыл текті Атос та сол – Александр Сергеевичтің нақ өзі; ал, Миледи дегеніміз – Наталья Николаевна Гончарева болып шығады. Осы тұста Атостың Миледи туралы әнінің «Невесте графа Де Ла Фер всего шестьнадцать лет, Таких изысканных манер во всём Провансе нет» деген сөздері зерттеуші болжамын беркіндіре түседі. Өйткені, Пушкин де Наталья Николаевнаға 16 жасқа толған шағында құда түседі, оны да қалыңдықтың аққудың көгілдіріндей мінсіз әсемдігі мен балдан тәтті былдыр қылығы баурап алады. Бірақ, айданай аруға автор неге жантүршігерлік жаза қолданып, әдеби шығарма желісінде әуелі дарға асады, содан соң басын кесіп алады!?. Неге? Себебі, «Үш мушкетші» жазылып жатқан шақта, 1844 жылы Наталья Гончарова екінші рет тұрмыс құрып (өз күйеуі тірі бола тұра), төрт баласымен генерал-лейтенант Пётр Ланскийдің етегінен ұстайды. Сірә, осы жағдаятқа жүрегі нәзік, мінезі адуын ақынды қатты ашынып, жанына жақын да алыс тұтқан жарын әдеби-көркем тәсілмен жазалағаны шығар дейді зерттеушілер. Айтпақшы, Миледи ханым да Де Ла Ферден (яғни, мушкетші желеңін жамылып, Атос атын арқалаған графтан) ажырасқаннан кейін екінші рет күйеуге шығады.

Тарихта түптұрпаты (протипі) графина Люси Карлайл болып саналатын Миледидің әдеби-көркем бейнесіне басқаның емес, нақ Наталья Николаевнаның болмысы жасырылғанын жеріне жеткізе дәлелдеу мақсатында кей зерттеушілер «Миледи» атауына талдау жасайды. Ол ағылшынша «My lady» немесе «My ladyship» сөзінің қысқарған нұсқасы, «менің ханшам», «ханымым» деген мағынаны білдіреді әрі италия тіліндегі Мадонна (Ma Donna – «менің ханшам») атауының баламасы болып шығады. Бір ғажабы, Пушкин аралары суымай, ынтықтығы басылмай тұрған кезінде Н.Гончарованы тап осылай атықтырып:

- Исполнились мои желания. Творец

тебя мне ниспослал, тебя, моя Мадонна,

чистейшей прелести чистейший образец,- дейді. 

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп Қасым ақын жырлағанындай, А.С.Пушкин де «француз жазушысы А. Дюмаға айналғанға» дейінгі кей шығармаларында өзінің өткен шағынан «тірілей» («Нет, весь я не умру – ...») бой үзіп, бөгде бітім, басқа кейіпте даңқы жер жара ораларын «... И славен буду я, доколь в подлунным мире/ Жив будет хоть один пиит» деген жолдармен астарсыз жеткізгендігін ілкіде ілік еткен едік. Тіпті, онысы аздық қылғандай, атағы жастай шығып, өз ортасында кенен абыройға кенелген орыстың ұлы ақыны енді бір сәтте шығанға жырақтап, түбінде елден ірге ажырататынын, өлең құрап, жыр жазудан да жерігенін ағынан жарыла ашық айтады: «...Давно, усталый раб, замыслил я побег /В обитель дальную трудов и чистых» немесе«...Я перестану быть поэтом, /В меня вселится новый бес» дейді. Сондықтан, Дантеспен арадағы дуэльді ойдан шығарылып, ұзын-ырғасы алдын-ала түзілетін сценарий бойынша өрбіген алдамшы оқиғаға балайтын «баламалы тарих» зерттеушілерінің пікір-жорамалдарына мүлде құлақ аспау, яки, «терістеуді терістеу» жүдә мүмкін емес.  

Ендеше, «Дюма» атымен жариялаған романдарында Пушкин әр алуан әдеби-көркем амалдармен – кейіпкерлердің аты-жөндері, тартысты уақиғалар шиеленісі мен түйіні арқылы өткен шағына жиі оралып, оқырмандарына өзінің әлі тірі екенін астарлай жеткізуге талпынса, ал, «көзі тірісінде», яки, орыс топырағында ойнақтап жүрген шағында туып-өскен ортасынан, түтін түтеткен отбасынан жырақтап, Жаратушы ие нәсіп еткен өлең-жырдан да қол үзіп кететінін, араға бірнеше жылдар салып қайта ораларын аңғартып отырған. Мәселен, оның 1833 жылы жазылған «Дубровский» повесінің біз білетін нұсқасы 19-тараумен аяқталады: қолға түсуден қорыққан басты кейіпкер қарауындағы қарақшылар тобын таратып, ну орманның жынысына сіңіп жоғалады да, «Оның қайда кеткенін ешкім білмейді» деп түйіндейді автор хикаясын. Ал, бірақ, кезінде сыншылар Вальтер Скоттың «Гай Мэннеринг» атты романынан көшіріп алды деп сынаған, әсіресе, А.Ахматова Пушкиннің ең сәтсіз шығармасы ретінде мінеген осы хикаяттың кейін табылған қолжазба нұсқасы 20-тараумен аяқталатынын, онда біраз жыл шетелде бойтасалаған Дубровскийдің елге ағылшын саяхатшысы кейпінде оралуы туралы баяндалатынын былайғы жұрт біле бермейді. Алғаш рет 1842 жылы жарық көрген повесьтің соңғы тарауы неліктен қысқарып қалғанын шамалай шалып, долбармен топшылауға болады: автордың өзі немесе оны шетелге агент ретінде асырған барлау қызметінің басшылығы алдын ала мұқият ойластырылған мемлекеттік құпия шараға себезгілей сәуле түсіріп, астарын айналдырардай ишаралы иірімдердің қаралай бой көрсетіп, қалың оқырманға жол тартуын қаламаған секілді. Айтпақшы, Дубровский де «француз Дефорж» атын жамылып, астыртын әрекет қылып жүреді ғой.

Жалпы, Пушкиннің де, Дюманың да шығармаларында мұндай мысалдар жетіп артылады: айталық, «Евгений Онегин» романының 6-тарауында өзінің жеті-он жылдан соң шығатын дуэлі мен өлімін айна-қатесіз суреттейді. Әу баста тоғыз тараулы осы романның да Ресейдегі әскери құрылымдар ахуалына қатысты бөлігін - «Онегин саяхатын» қысқартып тастап, сегіз тарау қалдырғаны белгілі (Примечания // Собр. соч. в 6 т. –М.: «Правда», 1968,т. 4, С. 455).Бір ғажабы, сүйген жарына қосыла алмаған соң торығып генерал-лейтенант Пётр Ланскийге күйеуге шыққан Наталья Николаевна сияқтыТатьяна да бір «маңғаз генералдың» етегінен ұстайды... сондай-ақ, Гончарованың соңғы күйеуінің ныспысы(Ланский)романдағы басты кейіпкердің бірі – Ленскийдің тегінен бір әріппен ғана өзгешеленіп тұруы да еріксіз назар аудартады: бұл –кездейсоқтық па, әлде?!.

Мүбәда, осындайда Дюмаға және оның белгілі шығармаларына қатысты әдебиет зерттеушісі Н.Милованың  «...егер де осы романды мұқият сараптап талдаса, әлі күнге дейін астары ашылмаған көптеген қызықты мән-мағына табуға болады. Дюманы бетінен қалқып жеңіл жазатын, өмір шындығынан алшақ кететін шытырман уақиғаға қаламы жортақ жазушы ретінде бағалайды. Жо-жоқ, олай емес... Дюма бетінен қалқып оқығандарға ғана солай көрінеді! Шынтуайттап келгенде, Дюманың жұмбағы оқырманды тұңғиық түбіндегі маржандай мағынадан адастырып әкететін беттен қалқуға бейімдігінде жатыр» деген сөзі ойға оралады. 

Иә, біз бір халықтың руани рәмізіне, мәдени мақтанышына айналған даңқты тұлғаның тағдыр-таланына қатысты соңғы жылдары жауыннан кейінгі қозықұйрықтай қаулай жөнелген ұғымға сыйымсыз, қисынға қайшы біршама дәйектеменің басын шалып қана шықтық; ал, күндердің бір күнінде мектептердегі орыс әдебиеті пәнінеАлександр Сергеевичтің жұртшылыққа бұрыннан белгілі өлең-жырларымен қатар, «өмірінің соңғы кезінде жазған шығармалары еді» деп, «Дюма» атымен жариялаған романдар легін кіргізіп жатса да, түк таңданбаймыз...

Мақсот Ізімұлы
madeniportal.kz 

А. Оралқызы