Лашынның Мұқағали туралы естелігі

Лашынның Мұқағали туралы естелігі
Фото: vk.com

Ауру бір жабысқан соң кетуі қиын екен. Мұқағали тағы ауырып, төсек тартып жатып қалған соң, дәрілерін бердім де, Алмаға тапсырып, жұмысқа кеттім. Үйде бір адам ауырса ештеңенің берекесі болмайды ғой. Кешке келсем Мұқағали ұйықтағандай кейіпте, көзін жұмып жатыр екен. Өңі боп-боз. Жүрегім алай-түлей болып, ас әзірлейтін бөлмеге кірсем, Алмагүлім боздап отыр.

— Папам тіпті нашарлап жатыр ғой, дәрігер шақыр. Ерні кеуіп, әлсіреп қалды. Аздап сусын бердім, көп іше алмайды. Күндіз бір дәрі бергенімде: "Алма, анау балконның бұрышында өрмекшінің торы бар екен. Соған өрмекші бір шыбынды қамап алып, кешке дейін зарлатты. Көріп жатып одан әрі қиналдым. Сол торды құртшы!" деген соң торды сыпырып тастадым, — деді Алмагүл көз жасын сүртіп. "Ақынның жаны не деген нәзік! Өзі әрең отырып, шыбынға жаны ашығанын қара" — деп ойлап отырмын. Алдымда ауыр қайғы күтіп тұрғандай соны ойлап едім денем дірілдеп кетті. Түнге қалса сырқаты одан ары ауырлайтынын білем. Не істерімді білмей, ой түбіне жете алмай отырып, Мұқағали өлеңіне бірінші "сәт сапар" тілеген Әбділда ағамыздан көмек сұрадым. Әбекең қалалық денсаулық бөліміне телефон шалып, жағдайды айтыпты. Бір демде бір топ дәрігер машинамен жетіп келді. Мұқағалиды ептеп қарай бастады, қан қысымын өлшеп, жүрегін тыңдап, уколын салып, дәрісін берді. "Ауруханаға жеткізбесе болмайды, үйде ауыр болады", — деген соң Мұқаңды дереу киіндіріп, ауруханасына апардым. Дәрігерлер бірінен-бірі естіп дереу жәрдемдесе бастады. Солардың арқасында, Әбекеңнің арқасында, Мұқаңның беті бері қарай бастады. Жиырма шақты күн емделіп, тәуір болып, емханадан шықты. 

Әсет Ақмолданың Facebook парақшасынан

А. Оралқызы