Нұрбек Нұржан. Сенбі

Нұрбек Нұржан. Сенбі
Фото: vk.com

Жас әдебиетші Нұрбек Нұржан Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақмерен ауылында 1995 жылы 29 мамырда дүниеге келген.

Ол –  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Өлеңдері жас ақындардың "Алатау жырлайды", "Күн сәті" және қазақ поэзиясының антологиясы "Жыр маржаны" сияқты ұжымдық жинақтарға енген. Баларларға арналған әңгімесінің бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Айналама көз жүгіртіп тұрғанымда, анам мен апайым әңгімесін тауысып болды-ау деймін, екеуі маған қарап «әлі-ақ үйреніп кетеді. Жұрттың балалары оқып жүр ғой» деді. Анам маңдайымнан сүйіп «әр аптаның соңында келіп, сені үйге алып тұрамын, бұзық болма, ұстазыңды тыңда. Жылы киініп, тамағыңды уақытылы ішіп жүр» деді. Басымды изедім. Сөйлей алатын шамам жоқ, сөйлеп қалсам ішімнен біреу шөмішпен көз жасымды құйып алып жанарыма төгіп жіберетіндей көрінді. Анам бұрылып, мектеп қақпасынан алыстап кете берді. Баян апай қолымнан жетектеп жүр де жүр деп, сыныптастарымның қасына апара жатты. Ал менің жанарым әлі анам кеткен жол жақта. «Құдайым-ау, қашан аптаның соңы болады екен?! Қашан сенбі болады екен?» деген сұрақ қана көкейімді тесіп бара жатты. Сыныптастарымның қасына келгенімде, ұзын-сорайған оқушалар маған төбемнен тесіліп қарап тұр. Әсіресе қыздардың бойлары теректей. Алматылықтар ұзын болады екен-ау деп, қайран қалдым. Жоқ, қысқалары да бар екен, ұзын бойлылардың қолтықтарының арасынан менімен қатар екі-үш баланы көріп қалдым. Бірісінің жүзі маған ыстық көрінді. Құдды бұрыннан танитын сияқтымын. Шет жақа қарай ығысып жақыннан қарайын дедім. Бойы менімен шамалас, әйтсе де менен арықтау. Аққұба өңді, шашы майда, қой көзді, қарапайым киінген бала екен. Көзінен көрініп тұр бұл ортаға үйренісіп қалғаны. Бөтенсімейді. Танысуға батылым жетпей аңырап қарап тұра бердім. Оның танысам дегені ойында да болған жоқ. Мектеп жиналысы басталып, қоңырау соғыла бастады. Ығы-жығы оқушылар. Үлкен жетекшілер иығымыздан сүйреп, шахмат тастарын қойып жатқандай «сен мұнда, сен мұнда тұр» деп, орын орынымызға тізіп жатыр. Осылай интернаттағы алғашқы күнім де басталып кетті.

Кешке, жатын бөлмесіне кіріп киімдерімді реттестірдім. Бір бөлмеде жеті бала жатамыз. Жетеумізде тентекпіз. Алайда, менің тентектігім Алматыға келгелі бері мүлдем басылып кетті. Бұрын қолға ұстатпайтын, дегенімді істемей қоймайтын әдетім, мына аймақта қой аузынан шөп алмас жуас бола қалдым. Әлгі жүзі жылы ұшыраған баламен бір бөлмеде екенбіз. Соған қуандым. Есімі Аслан екен. Өте момын, көп сөйлемейді. Жүргенде талтаңдап жүреді. Қашан көрсең жерден бірдеңе іздеп жүргендей, басын көтермейді. Екі қабатты төсектің үстіңгі қабатынан маған орын тиді. Басым терезе жаққа қарайды. Қандай жақсы, ата-әжемді осы жерден көріп жататын болдым. Бұлттарға рахмет, олар ата-әжемінің мейірімді жұздерін айнытпай салып береді. Жапырақтардың сыбдыры тура біздің үйдің ағаштарының сыбдырына ұқсайды екен. Көзімнен сұп-суық бірдеңе сырғып кетті. Содан ауылыма байланысатын дүние іздеп жатып, бір жағынан бөтенсіп жатып ұйықтап кетіппін.

Ертесі күні, бөлмедегі балалар маған тиісе бастады. Біресе, қағып кетеді, біресе, көзімен жеп өтеді. Не керек, сөйтіп жатқанда бөлмедегі біреуімен ерегесе кеттім. Есімі Бақтияр екен, бойшаң, арық. Қайта-қайта аяғымды шала бергесін, одан соң «микимаус» деп мазақтамасы бар ма,  шыдамай кеттім, алып ұрдым, содан төбелес бастала кетті. Бойының ұзындығы демесең, қозымен ойнағандай болдым. Қайдан білейін бұлардың көздегені, мені жабылып ұру екен. Артымнан алдымнан жабыла кетті, қанша намысқа тырысқаныммен көптің аты көп. Бірақ есіктен, бар болғыр Аслан кіріп келіп, маған жақтаса кетті. Мені барынша қорғап бақса да олар жеңіп шықты. Содан, мектеп алдындағы орындықта бетіміздің ісігін уқалап Аслан екеуміз ұзақ отырдық. Осы отырған сәтіміздің еш ұмытылмсын мен біліп пе едім? Ол үйреніп қалған төбелеске еш қынжылмастан, ашуланбастан отыра берді. Сырласып, сөйлесе бастадық. Маған жатақтағы барлық жүйені жік-жіктеп түсіндіріп берді. Мені қорғаштағанына оған рахмет айтып, апам салып жіберген құрттан бердім. Ол мәз боп қалды. Сосын екеуміз айрылмастай дос боп алдық. Қайда жүрсекте бір-біріміздің сойылымызды соғып, сөзімізді сөйлейтін болдық. Мен өте талғампаз һам кірпияз болып шықтым. Асханадағы шөп-шалаң тамақтарға үйрене алмай жүрдім. Қолдың айран, майын сағынып, етін аңсадым. Әйткенмен асхананың тамағына тойып жарымайсың. Нанды өлшеп береді. Тоймай қалған күндері, Аслан екеуміз даладағы терезеден асхананың қоймасына кіріп нан ұрлайтынбыз. Көбіне нандар қатып тұратын. Ағынан, қарасынан жұмсақтарын тауып алып, қалтамызды қомпайтып жатын бөлмеге келетінбіз. Түнімен нан жеп жатып, армандап жатып, сағынып жатып ұйықтап қалатынбыз. Таңертең нан үгінтілерін қағумен әлектенеміз. Балалар біздің мінезіміз бен жұдырығымызды көрген соң тиісуін доғарды. Әйткенмен арамыздағы қорқақтау Орынбасар деген баланы әбден мазақ қып бітірді, күнде таңертең бетіне тіс пастасын жағып кетеді, болмаса, сөмкесіне жеген тәтті-пәттісінің қағаздарын тығып тастайды. Не керек, аяп кетемін. Бірақ, бір екі рет Аслан екеуміздің түнде нан жеп жататынымызды, директордың үйінен алмұрт ұрлайтынымызды тәрбиеші апайға айтып бергеннен бастап, өзіне де сол керек дедім. Тәрбиеші апайдың көзі қыли, көзілдірік тағатын, күрек тісінің арасы ашық әрі сәл мұрты бар болатын. Одан бәріміз қорқатынбыз. «Көзілдірікті пері» деп лақап есім тағатынбыз. Ол кешкі тексеруде жүргенде, астыңғы, үстіңгі қабат шулап кететін «көзілдірікті пері келе жатыр, тығылыңдар, жатыңдар» деп. Ол апай бәрін қырып-жойып, ұсталғандарын таяқшасымен ұрып соғатын. Алихан екеумізге орындық көтерткізіп қойған күндерде болды. Сондайда екеуміз бір-бірімізге жұмбақ айтып жарысып, қолымыздың да ауырғанын, шаршағанымызды да ұмытып кететінбіз.

Таңертең сабаққа костюм-шалбарымызды киіп, галстугымызды тағып, ала сөмкемізді асынып мектепке баратынбыз. Сабақ ұзаққа созылатын. Кейде кешігіп қалып бұрышқа тұрғанымызда бар. Мен жалқаулау болдым, бір-екі сабағым ғана бес, дене шынықтыру мен бейнелеу өнері ғана. Асланның барлық сабағы бес. Барлық сабақты содан көшіретінмін. Ол өзі беретін. Бірақ, мұғалімдердің бірі білсе, бірі біле бермейтін. Білгендері екеумізді де жазалайтын. Сабақ біткен соң, түскі асымызды ішіп, сосын асық ойнайтынбыз, одан қалса фудбол бар. Ол жақтарынан енді дес бермедім. Жеңген асықтарымызды дорбаға жинай бердік. Іңір түсе бастағанда Аслан екеуміз белтемір, турник жақа баратынбыз. Жо-жоқ спортпен айналысу үшін емес, белтемір өте ұзын болатын, соның төбесіне шығып ап үйімізге қарау үшін. Ол өз үйіне ұзақ қарайтын, ал  мен ауылыма қарайтынмын. Астыңғы темірге аяғымызды сұғып-ап, үстіңгі темірді қолымызбен қысып-ап жол жақа қарап отыратынбыз. Дарбазаның ар жағы біз үшін үлкен әлем еді. Осыдан аттап қалсаң болды ауылым шыға келетіндей сезінуші едім. «Әне, дәл анамның көйлегіндей алқызыл көйлек киген бір әйел өтіп барады, менің анам емес пе екен? Мүмкін қазір бұрылып қарайтын шығар, қолында пакеті бар, ішінде не бар екен? Жоқ анам емес екен, кетіп қалды. О, анау біздің көрші Еділдің «мерседесіндей» көлік екен, Еділ аға емес пе екен? Сол шығар, ауылға бара жатса мені бір-екі күнге алып кететін шығар. Жоқ, ол емес екен, өтіп кетті. Не деген көп көліктер, не бітпейді, не тоқтамайды. Ішінен мені танитын, біздің ауылдан біреуі болмауы мүмкін емес. Апам не істеп жатыр екен? Нанын көміп болып, кешкі асқа атама кеспе көже пісіріп жатқан болар. Ал атам ше, тракторының моторын тазалап болып, беті,аузын жуып-шәйіп жатқан болар. Екеуі кешкі асында тентегін ойлап, қам жеп отырған шығар. Мені сағынып жатқан шығар. Тоқпын ба, киімім бүтін ба, соны ойлап отырған шығар? Қашан сенбі болады екен? Қашан жаз болады екен? Әлі көп бар, біте ме екен?» деп, ауыр ойымнан арылып қасымда ойға батып отырған Аслан досыма қарадым. Ол ылғи ой үстінде жүретін. Әке-шешесі жайлы көп айтатын. Олар тату отбасы екенін мақтан ететін. Қарындастарының сүйкімді, бауырмашыл, бұзық екендігін ылғида айтатын. Өз отбасын қатты жақсы көретінін аузынан тастамайтын. Мен :

- Аслан?

- Ау?

- Не ойлап отырсың?

- Анамды және әкемді, - деді.

- Неге сенің анаң мен әкең сені алып кетуге кеш келеді? – дедім.

- Білмеймін, жұмыстары бар шығар. Мен екеуінде жақсы көремін. Екеуі де мені жақсы көреді. Әне, қарашы ракета ұшып бара жатыр.

- Мәәәссаған, не деген әдемі!

- Ғажап, мен өскенде ұшқыш болам. Сен ше?

- Мен, мен... Таксиші боламын.

- Таксиші? Неге таксиші болғың келеді?

- Өйткені, біз секілді үйлердің арасында, мектептің арасында, шәрдің ішінде тығылған, ата-анасын сағынған балаларды тауып алып үйіне апарамын.

- Сенің жұмысың әдемі екен. Бірақ менде сөйтетін шығармын. Мен ұшақпен апарамын, сен көлікпен. Біріміз жерде, біріміз көкте.

- Сен ұшақтың терезесінен маған қолыңды бұлғап тұр жарай ма?

- Жарайды! Таксимен жүргеніңде аспанға келіп тұр, мен ұшақта боламын. Екеуміз әлемді бірге ұшып аралаймыз.

-  Мақұл, тек мен жерде, сен көкте бір-бірімізді таппай қалып жүрмейік.

-  Аспан біреу, жер біреу. Сен қарасаң да, мен қарасам да көрінеді ғой, қорықпа досым.

-  Ұқтым. (сәл ойландым) Аслан, қашан жаз келеді?

-  Ой, оған әлі көөөп бар. Оған дейін біз өсіп кететінде шығармыз.

-  Ал сенбіге қанша бар?

-  Сенбіге, і-і-і-і қазір, (бармақтарын көтеріп, түсіріп) төрт күн бар екен.

-  Көп уақыт бар екен ғой...

Апталар, айлар айналып келе берді, кете берді. Жазға Аслан айтқандай-ақ әлі көп уақыт бар екен. Сыныптағы ұлдар мен қыздардың көбінде телефон, тетрис деген дүниелер толып кетті. Қашан көрсең, соған үңіліп отырады. Жоқтарымыз солардың қасынан шықпаймыз. Кейбіреулері тіпті, сол үшін оларға жағымпазданып дос боп та алады, кейбірі айтқанынан шықпай мінездері өзгеріп жатты. Телефоны барлар сонысын пайдаланып, оларды басына түседі.  Аслан екеуміздің қызығушылығымыз артқанымен, ішімізден тына бердік. Дүйсенбі күні бәріміз мектепке келгенімізде Асланның құлағында құлақлық бар екен. Ішімнен «бұл да телефон алыпты ғой» деген қызғаныш бойымды билеп алды. Ол қасыма келіп, ыржиып амандасты да, қалтасынан телефон деп ойлағаным радиосын шығарды.

- Анам маған радио әперді, құлағыңның құрышын қандыратын әндер көп екен. Өзі арзан әрі сапалы 150-ақ теңге. Сосын анама досыма да әперші деп жалынып тұрып алдым. Мінекей, мынау саған, - деп күрткесінің төс қалтасынан тағы да бір қалта радиосын шығарды. Күлімдеп тұрып маған берді. Мен не қуанарымды, не жыларымды білмей қалдым. Өйткені жаңа ғана ішімді қарыған қызғаныш үшін өзімді қоярға жер, тығарға тесік таппай тұрған бетім еді. Мұрнымнан «рахмет» дедім. Сол радио әжептәуір жаныма серік болды. Бірақ, радионы асыққа айырбастап жібергенін кейін білдім. Өйткені асық дорбамызда он шақты асықтан басқа қыл да жоқ болатын. Мені қуанту үшін осылай істегеніне іштей риза болдым.

Радио біздің мұңдасымызға айналып кеткендей болды. Өзгелер көрсін деп шалбарымыздың белдігіне іліп қоятынбыз. Қазақша, орысша, ағылшынша әндерді тыңдап, көңілімізді түрлі алаңға апарып қайтамыз. Радионың астында кішкене шамы болатын. Түнге таяу соны жағып ап, көрпенің астында Аслан екеуміз әңгіме-дүкен құрып жататынбыз. Ол маған Брюс Ли деген әртісті өте жақсы көретінін айтты. Әрі соған ұқсайтынын да. Мен де қалыс қалам ба, біздің ауылда әр жексенбі cайын клубта театр қойылатын. Сонда өзіміздің ауылдың адамдары ойнайтын. Ішінде ең шебер ойнайтыны Үсен деген аға болатын. Өзі армиядан келгеніне екі жылдай болса да, әскер киімін шешпей жүретін. Бәріміз соның актерлық шеберлігіне тәнті боп, ол сомдаған образдарды біз балалар өзіміз жиналып ойнайтынбыз. Үсен клубтан шыққан кезде жұрттың бәрі соған қарап қалатын. Ешкімді менсінбей, мұрнын аспанға көтеріп, керемет болып жүретін. Бізде сол сияқты танымал болсақ қой деп армандайтынбыз. Енді міне Аслан, оны танымаймын деп тұр. Және «Оны сендердің ауылдарыңнан басқа еш жерде танымайды ғой» деді, мен ойланып қалдым, расымен-ақ солай екен ғой, «Ал Брюс Лиді бүкіл жер шары таниды» деп қосты Аслан. Екеуміз сыбыр-сыбыр әңгімелесіп жатқанымызда қалай байқамағанбыз «Көзілдірікті пері» келіп, көрпемізді көтеріп алды да, төбемізден қаһарын шашып қарап тұрып алды. Құдды ертегідегідей, бізді жеп қоятын шығар деп қорықтық. Аяқ-қолымыз дір-дір етеді. Бізге біраз қарап тұрды «Екеуің тағы таяқ жегілерің келіп тұр ғой деймін, неге ұйықтамайсыңдар» деді зілді сесімен. Сосын қолымыздан шамы жанып тұрған радиомызды көрді де, жұлып алды. «Ақыры ұйықтамайды екенсіңдер, мыналарыңды енді көрмессіңдер» деп, алып кетті. Артынан қанша жалынсақта бермей қойды. Біз үшін аса бағалы зат еді, әсіресе мен үшін. Ән тыңдасам болды радионы ойлаймын. Радионы ойласам Аслан есіме түседі. Сол радионы алу үшін есейгенімде бар байлығымды беруге дайын екенімді түсіндім.

Аслан екеуміздің көңіліміз құлазып біраз жүрдік, сосын жаңа ермектер ойлап таптық. Бір күні сыныпта отырғанымызда, Айжан есімді еркекшора қыз болатын. Сол қыз ылғида біреулерді ызаландыратын да жүретін. Сурет салып отырған бетім еді, басымнан бір итерді да қаша жөнелді. Ашуланып кеттім де артынан жүгіре бастадым. Баспалдақпен түсе бергенімде аяғым шалынысып қалпақтай ұштым. Тұрайын десем тобығым ауырып, тұра алар емеспін. Жоғарыдан Асланның қарасы көрінді. Қасыма жүгіріп келіп, тұрғыза бастады. Тұра алмайтынымды айтып едім. «Мектептегі медбикеге барайық» деді. Сосын, мені арқасына көтеріп алып, медбикеге барсақ, жатақтағы кабинетінде екен, амал жоқ сол жақа шейін көтеріп апарды. Мейірбике тобығымды қарап, «еті ауырып қалған, мына майды екі мезгіл жақ» деп бір қораптағы дәріні берді.  Сосын жүзіме қарап «мына түріңмен мұнда қалуыңа болмайды үйіңе қайтуың керек» деді. Көзім  бақырайып «өтінем апай, үйге бармай-ақ қояйыншы» дедім. Медбике «Неге бармайсың? Шұғыл түрде анаңа хабарласуымыз керек, телефон нөмірі қандай еді» деп, сарғайып кеткен, нөмірлер жазылған дәптерден  анамның нөмірін іздеп жатты. Мен  «Апай, өтінем анама хабарласпаңызшы, ол уайымдайды, оның үстіне жұмыс істеп жүр. Маған қарауға қолы босамайды. Маған қараса ақша таба алмай қалады. Осында жатып-ақ, тез жазылып кетем, сөз беремін» деп едім медбикеге бұл сөз әсер етті-ау деймін, келісті. Сабағыма бір аптаға справка жазып беріп, жатақта емделуіме рұқсат берді. Ал Аслан ары-бері жүгіріп мені емдеп бақты.  Дәрі-дәрмек береді, асханадан лимон қатып шәй әкеледі. Терлеуің керек деп өз көрпесін жауып жүрді. Бес-алты күннің ішінде аяққа тұрып кеттім.      

«Сенбі қашан келеді» деп жүргенде, қылышын сүйретіп қақаған қыс та келді. Интернаттан бізге әдемі күртке, аяқ киімдер таратты. Біз қуанып апыр да топыр алып жаттық. Бір ыңғайсызы, бәрінікі бір-біріне ұқсайды екен. Далаға шықсаң егіз қозыдай боп қаласың. Мектептің артында жолда ұзыннан ұзақ мұздан сырғанақ болатын. Бәріміз соған жүгіріп барып сырғанаймыз. Бір әттең-айы, біздің етігіміз бір метрден аса жерге сырғанамайды. Басқалардың 10 метрге дейін еркін сырғанағанына қарап күйіп, пістім. Аслан ойланған әдетінше біраз тұрып, екінші саусағын аспанға көтеріп «ой» деді. Мен «қандай ой?» деп едім, «жүр» деді. Сосын мұз қатқан жерге етігіміз бен үйкелей бердік, үйкелей бердік. Етіктің табанындағы қатпар-қатпарлары түзелгенге дейін үйкеледік. Екі-үш күнде табанымыз теп-тегіс жылтырап тұрды. Аслан «енді кеттік» деді. Әлгі сырғанаққа барып сырғанап қалып едік «көп жасағыр Аслан», сырғанамадық, ұштық десем өтірік айтпағаным. Отырып сырғанаймыз, тұрып сырғанаймыз, қолымызды жайып аламыз, әйтеуір басқа балалар қызығатындай хәлде болдық. Өзгелердің алдында абыройымыз арта түсті. Интернатта біз жайында аңыз тарады «етіктері сиқырлы» десе бірі, бірісі «бұлар бәтеңкелерін жер астындағы жалмауыз кемпірден сұрап алған» деді, енді өзгелері «етіктерінің табанында алтын жалатылған мұз бар» деді, не керек, сөйтіп Аслан екеуміз әпсанаға айналып кеттік. Бірақ, бір жаманы қай жерде жүрсек те тайып жығыламыз. Сол үшін аяғымызды сырғытып жүретін болдық. Біздің аяқ киімге қызыққандар көп болды. Екеумізді көрсе болды, етігімізді бағалы бір затқа айырбастауымызды өтінеді. Нан, құрт, тетрис, алма нелері бар болса, бәрін әкеледі. Ешқайсысына көңілімізді аудартпадық. Мен бір рет әлсіздік танытып қоя жаздадым, бір бала маған телефонын беріп «айырбастайсың ба» демесі бар ма, көзіме жарқ ете қалған телефонның сәулесінен ұйқылы-ояу тұрған жерімнен Аслан келіп оятып жіберді «қандай жағдай болмасын, біз етігімізді ештеңеге айырбастамауымыз керек, әйтпесе атағымыздан айрылып қаламыз» деді. Мен амалсыз көніп, етігімді ең бағалы заттарға да бермей қойдым. Көктем келіп айналамыз жасара, нұрлана түскен шақта біздің даңқымыздан да, аңыз болғанымыздан да ештеңе қалған жоқ. Бәрі ұмытылып кетті.

Уақыт – көліктердің дөңгелектерінде дөңгелеп, жапырақтардың реңкінмен ауысып, адамдардың үйлеріне кіріп, шығып, Аслан екеумізбен бірге жүгіріп бара жатты. Өткен бір жылымыз біздің ең тамаша өткізген сәттеріміз еді. Оқу жылы аяқталып, 25 мамырда бәріміз ата-анамызды күтіп тұрған бетіміз. Бәрі қуанышты, бәрі бақытты. Бірақ біз неге қуана алмай жатырмыз, кетуге асығушы едік, ал қазір неге асықпаймыз?    

Белтемір жақта ата-аналарымызды күтіп Аслан екеуміз тұрдық. Турник аласарып кеткендей. Аслан: 

- Мінекей жаз да келді, сенбі де келді, ауылға қайтасың, - деді. Мен:

- Сен де үйіңе барасың. – дедім.

- Ұшақпен сенің ауылыңның төбесімен өтетін болам.

- Олай болса, маған қолыңды бұлға, - деп едім, дарбаза жақтан анамның нұрлы жүзі күлімдеп шыға келді. Қуаныштан жадырап келді де менің бетімнен сүйіп, досымның басынан сипады. Сосын «жүр, балам кеттік» деді. Мен де басымды изеп, Асланға қолымды бердім. Ол жазғытұрыда да мұп-мұз боп тұратын қолын ұсынды. Осы мұздай қолының ар жағында ып-ыстық жүрек жатқанын білетінмін. Қос жанары мөлдіреп, маған жәутең-жәутең етіп қарайды. Бір-бірімізді қимай біраз тұрдық. Сосын ол маған қарап: «Досым, сау бол, біраздан кейін менің де әке-шешем және қарындастарым келеді. Мен де үйге қайтамын.» деді. Осы сөзі мен үшін дүниедегі ең ауыр, ең азапты сөз еді. Анам екеуміз Асланмен қоштасып, бір-біріміздің қолымыздан ұстап кете бердік. Артыма қарасам Аслан әлі қарап тұр. Ол менен таксиді, ұшақты, радионы, етікті, алмаларды, асықтарды, сырғанақты, тіпті интернатты да тартып алғандай болды. Ешқашан бермейтіндей ұзақ қарап, көзін алар емес. Ал мен одан ең қымбат, ең бағалы әке-шешесін, қарындастарын тартып алып бара жатқандай болдым. Өйткені оның ешкімі жоқ еді. Ол отбасын ойдан шығарып бәріне өтірік айтатын. Мен оның бұл ойдан шығарған отбасын алғашқы күнінде-ақ біліп қойғам, анам мені алуға келген кезде, ол «біраздан кейін келеді» деп, мені дарбазаға дейін шығарып салатын. Бірақ оған бір жыл бойы ешкім келген емес. «Көзілдірікті пері» де бірнеше рет, «жетімек» деп қалғанын құлағым шалған еді.  Мен оның бұл ғажап өтірігін білсем де, білмегендей жүре беретінмін. Дарбазаның есігінен соңғы рет қарағанымда ол турниктің қасында есікке қарап, біреуді күтіп әлі тұрған еді...

Мен Асланды одан кейін көрген емеспін.      

А. Оралқызы