Алматыда ақын Бауыржан Халиолланың жыр кеші өтеді

Алматыда ақын Бауыржан Халиолланың жыр кеші өтеді
Фото: http://ult.kz

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, танымал ақын Бауыржан Халиолланың "Жан тебіреніс" атты жыр жинағы оқырманға жол тартты.

Осыған орай 15 мамыр күні, сағат 14:00 Алматы қаласы Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен "Жан тебіреніс" атты кітаптың тұсаукесері мен әдеби-сазды жыр кеші өтеді.

Айтыс пен жазба поэзияны қос қанатындай ұстап, халықтың ықыласына бөленіп жүрген ақынның бұл жинағы "Ана Арыс" баспасынан 2000 данамен жарыққа шықты.

Жаңа кітап "Көне сүрлеу", "Махаббат майданы", "Жаңа соқпақ", "Ағымнан ақтарылсам..." және "Көңіл пернесі" атты бөлімдерден тұрады.

Бауыржан Халиолла Ергенұлы, 1979 жылы 24 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Қособа ауылында туған. 2001 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. «Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы» баспасы, 2001 жыл), «Нәзік бұлт көшіп барады» (Орал қаласы, 2005 жыл), «Жұлдыз жауған жарық түн» (2012 жыл, Орал) атты жыр жинақтары жарық көрді. Халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы.

Өтетін орны: Қазақстан Жазушылар Одағы үйі, Абылайхан көшесі, 105. Кіру тегін.

Т. Раушанұлы