Әсия Бағдәулет, өнертанушы: «Кітап оқымайтындар кітап оқитындарға қызмет етеді»

Әсия Бағдәулет, өнертанушы: «Кітап оқымайтындар кітап оқитындарға қызмет етеді»

– Қазіргі кезде қыздарға көп сын айтылады. Жел сөзге жол бермес үшін қыздар өздерін қалай ұстауы керек? Жоғары сыныпта сіз қандай қыз болдыңыз?

– Мектептегі кезіңді бір сөзбен сипатта десе, ол «үздік оқушы» деген сөз болар еді. Сабақта ғана емес, көпшілік алдында да, жалғыз қалғанда да әрекет, қылықтарым соған сай болу керек деп өзімді көп нәрседен тыйып ұстайтынмын. Осы күнге дейін ата-анамды жерге қаратқан жоқпын, абыройлы болдым деп айта аламын. Солай тәрбиелегендері үшін алғыс айтамын да. Ал «жел сөз» дегенге келсек, біз Голливуд киносында өмір сүріп жүрмегенімізді ұмытпайық. Қазақ қоғамында әлі де қыздың абыройы – оның бары. Егер бұл өмірде қиналғың келмесе, өкінгің келмесе, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ішкі түйсігің біледі. Сол түйсікке сену керек. Кейде, әсіресе жасөспірім шақта, қыздар мен жігіттер өзгелерге еліктеп, «күшті» болу деген осы екен деп темекі шегіп, ішімдіктің дәмін татып көреді. Бұл саған не үшін керек? Содан «крутой» болып кетесің бе? Әлде бұл жай ғана әуестік пе? Өмірге бүгін деп қана қарамау керек, ертең мен оның арғы жағында қаншама ғажайыптың күтіп тұрғанын ұмытпаңыз. Ал «үздік оқушы» деген синдромның екінші жағы да бар. Өзгелер (мұғалімдер, олимпиадалардың, «Қыз сынының» қазылар алқасы) мені қалай бағалайды дегенді көп ойлап кеттім де, өзіме аса сенімді қыз болған жоқпын. Өзіме сенімділік есейе келе қалыптасты. «Өз алдыңдағы репутация» деген болады. Бұл барлық кезде өзгелердің сен туралы пікірінен маңызды. Сондықтан өзімнің сіңлілеріме айтатыным: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен еңбегің екі жақтап». Бәрің де сұлусыңдар, бәріңнің де өте табысты болып жарқырап жүруге мүмкіндіктерің бар. Ол үшін тек қана көбірек оқып, биігірек мақсат қойып, батылырақ болу керек. Адам өзінің алдында репутациясы жоғары болу үшін, белгілі бір ұстанымдармен өмір сүруі керек. Бәріне бірдей болсын демеймін, әркімнің фокусы әр жақта болуы мүмкін. Бастысы, «Өмірлік принциптерім не?» деп ертерек ойланған дұрыс. Сол принциптерді бекітіп алған соң, одан ешқашан аттамаңыз. Сонда толыққанды тұлға боласыз. Жоғары сыныптардан өмірлік мақсат қоюды, кемінде бес жылға жоспар құрып жүруді, мақсатты тұлға болуды үйренсеңіздер дер едім. «Бұйырғаны болады» деп пассив өмір сүру көп нәрседен құр қалдырады. Кейін уақыт өтіп кетсе, өкінесің де қаласың. Мысалы, өз басым ағылшын тілін екі жыл бұрын ғана қолға алдым. Егер мектеп жасымда ағылшынға ден қойсам, Англияға оқуға он жыл бұрын келген болар едім. Қазір ғана оқып жатқаным, басқа маңызды дүниелерді шегере тұруыма себепкер. Сондықтан, би кешіне де барған дұрыс, бірақ сабақты да оқу керек. Қазір қыздардың қоғамдағы рөлі артты, отбасына да, қызметке де бірдей үлгеріп, ғылымға, бизнеске, өнерге үлес қосып жатқан қазақ қыздары көп. Солардың қатарында болам деп, өз бағытыңды таңдап, ертерек мақсат қоя білу керек.

– Ата-анаңызбен, ұстаздарыңызбен қарым-қатынасыңыз қандай болды? Ашық сырласа алушы ма едіңіз?

– Сынып жетекшім Ардақ Бекбауылқызы ең жақсы сырласым болды десем, артық айтқандық емес. Өте жақын болдым, сөйлеу мәнері, талғамы, өзін ұстауы маған үлгі еді. Сол кісіге ұқсағым келді, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін деп армандайтынмын. Журналистикаға да сол апайымның ықпалымен келдім. Біздің отбасымызда әзіл көп айтылады, көп күлеміз, бір-бірімізді еркелетеміз. Бірақ, ата-анаммен айтылатын тақырыптар мен айтылмайтын тақырыптар болды. Мысалы, жігіттер туралы ешқашан айтпайтынбыз. Кітапты көп оқыдым, бала кезден мен туралы «ақылды қыз» деген пікір болды, «бәрін өзі де біледі» десе керек. Бірақ, бұл барлық оқушыға жүре бермейді. Идеалында, бәрін ашық сөйлесу керек деп ойлаймын. Бізде үлкен проблема болса, ата-анамызға келеміз, өйткені, барлық кемшіліктерімізді кешіре алатын, мінсіз қалпымызда қабылдай алатын, шексіз жақсы көретін сол кісілер. Ендеше неге қуаныш кезінде, жасөспірімдік толқу кездерінде (әлдекімді ұнатып қалдыңыз делік, құрбыңыз басқа бір қызбен дос болып, сізді ұмытып кетті делік, тағы басқа) ата-анаға келіп айтпасқа, бөліспеске? Сұрақ болса сыныптастардан емес, алдымен ата-анадан сұрау керек. Өйткені олар өмірді біледі және саған жақсы болатын жағын көрсетеді. Тіпті әкеңіз бен анаңызға ренішіңіз болса, ашып айту керек деп ойлаймын. Қазір, есейгенде жан-жағыма қарап түсінемін, көп отбасыларда балалар анасына, әкесіне ренжіп өседі, бірақ онысын ешқашан айтпайды. Теріс қылықтарға әуестенетіні де көбінде сол ата-анаға қырсыққаннан екен. Біреудің ата-анасы ажырасқан шығар, біреудікі ішімдікке әуес шығар, біреу әжесінің бауырында өсіп, ата-анасы өзін басқа бауырларынан кемдеу жақсы көреді деп санайтын шығар. Отбасы болған соң, әйтеуір бір кілтипан болады. Солардың бәрін ересек өмірге сүйреп әкелмей, дер кезінде айтып, бөлісіп, түйінін шешіп отыру керек. Түсінемін, біздің менталитет бөлек, сезімдеріңді, өзің үшін маңызды дүниелерді вербальды түрде жеткізу қиынға соғады. Бірақ тырысып көріңіз. Бірінші, екінші рет қиналарсыз, кейін әдетке айналады. Есесіне өзіңіздің өмір жолыңыз жеңілірек болады. Мысалы, америкалықтар, ағылшындар ата-анасымен сөйлескен сайын «лав ю» деп аяқтайды қоңырауды, бәрін ашық сөйлеседі. Ата-анамен еркін сырласқандықтан, көп комплексте-рін балаң кезінде жеңеді. Сондықтан өзіне сенімді болып өседі.

– Жоғары сынып – есейе бастаған кез. Бұл кезде қандай қыздар-мен дос болған дұрыс? Сіз құрбыларыңыздың арасынан дос таңдадыңыз ба?

– Еліктеушілік, киімге, бояуға әуестік осы кезде басталады ғой. Боянатын қыздарға іштей қызықсам да, «үздік оқушы» деген статусым ондай жеңіл нәрселермен әуестенуіме жол бермеді. Соған қуанамын да. Кейін, есейгенде боянуға да, киінуге де болады екен. Есеюге асықпау керек, өмір өзі есейтіп алады. Қыздар әртүрлі топтарға бөлініп, өздерінше ерек-шеленуге тырысады ғой. Мен бәрімен теңдей араластым десем де болады, ұсақ-түйек өсек-аяңға араласпайтынмын. Әрі кетсе тыңдаушы едім. Үнсіз қалатынмын. Аудандық, облыстық олимпиадаларға, Мұқағали оқуларына, «Мың бала» жарыстарына қатысатын өзге «үздік оқушылармен» жақынырақ болдым. Ең жақын құрбым Жанерке студент кезінде өмірден өтіп кетті, ол да сабақты өте жақсы оқитын, екеуміз «қыздар мен жігіттер» ғана емес, кітаптар жайлы да, музыка жайлы да, кино жайлы да көп пікірлесетінбіз және талғамымыз ұқсас еді. Адам досты қызығушылығына қарай таңдауы керек деп санаймын. Сонда айтатын әңгіменің де сапасы артады.

– Бос әңгімемен уақыт өткізетіндерге әлеуметтік желі жақсы болды. Олар уақыттарының босқа өткенін білмей де қалады. Сіздер құрбыларыңызбен не туралы әңгімелесуші едіңіздер?

– Мектеп жасында балалар өте қатыгез болады. Бізде жазықсыз болса да сыныптас қыздарды өсектеу деген болды. Сыныпта етеккірі бірінші болып келсе де «бұзылған», омырауы ерте бұлтиса да «бұзылған»… соның бәрі ол үшін жай әңгіме болғанымен, басқалар үшін санасына өмірлік реніш қалдыратын соққы екенін ойлай бермейді. Тіпті жазықты болған күннің өзінде де. «Дұрыс болу мен мейірімді болудың арасында таңдау тұрса, мейірімді болуды таңда» деген сөз бар еді. Өзгелерді бөліп тастауға емес, қатарыңа қосып, ертіп жүруге әуес болу керек. Әрине, топтарға бөлініп, өзіңді ерекше сезіну әркімге де ұнайды, бірақ кейін соның бәрі қалады. Теңдікті, өзіңе ұқсамайтын адамды өзіңдей қабылдауды, өзгелердің кемшілігіне көз жұма қарауды Англия сияқты елдерден үйрену керек деп ойлаймын. Чеховтың «Тәрбиелік деген соусты төгіп алмау емес, тәрбиелілік деген соусты біреу төгіп алса, соны байқамағандай болу», – деген сөзі бар еді. Айтпағым, сыныптастардың кемшілігін бетіне баса бермей, үлгерімі нашар ма, тазалығы нашар ма, басқа ма, көмек қолын соза білуге үйрену керек.

– Бұрын кітап оқымау ұят саналатын. Қазір кітап оқымағанын мақтан етіп айтатындар бар. Бұған не айтасыз?

– Кітап оқымайтындар ВК мен Инстаграмда отырып, өздерінің гламур суреттерінің астына өзгелердің кітаптарынан алынған үзінділерді қоятын посттарды оқиды. Қашан да фейк пен көшірмеден оригинал артық емес пе? «Гуччидің» оригиналына қол жеткізу қиын шығар, бірақ Абай мен Достоевский сияқты «оригиналдар» қолжетімді ғой. Кез келген саладағы адамның, кітап оқымағаны көрініп тұрады. Бұл оның сөз саптасынан, талғамынан да байқалады. Қаншама ақша тапса да, қаншама жылтыр бояу жақса да ішіндегі сол вакуум бос болып қалады. Ал есейгенде, еңбекке араласқанда кітап оқу тіпті қиындап кетеді. Сондықтан мектеп жасы кітап оқитын, талғам қалыптастыратын, интеллектуалдық өрені өсіретін ең ыңғайлы кезең. Өз басым оқыған кітаптың алпыс пайызын мектеп жасында оқыған шығармын. Сондықтан сіздерге де уақытты босқа жіберіп алмаңыздар деп кеңес айтамын. «Қызық емес» деген сылтау ғана, әр адам үшін қызық кітап табылады. Бірақ мектеп жасында кітап оқымағандар кейін детектив пен сериал деңгейінде қалып қояды. Егер ертеңгі күнге амбицияларыңыз жоғары болса, кітап оқыңыз. Өйткені «кітап оқымайтындар кітап оқитындарға қызмет етеді». Ал қазір сіз ойлап жүрген «Айфонның» жаңасы, жыртық джинсы мен кюлот шалбар дегеннің бәрі жай ғана ұсақ-түйек, болмашы ғана дүние. Сәл күтсеңіз, есейгенде оның бәрін өзіңіз де аласыз. Ең жақсы көлік те мінесіз. Ең жақсы елдерге де барып демаласыз. Егер мектеп жасында кітап оқыған болсаңыз…

– Шығармашылықпен, өнертапқыштықпен айналысу қыздарға не береді?

– Бұл қыздардың эстетикалық талғамын қалыптастырады, фантазиясын дамытады, ізденуге жетелейді, нәзік жанды екенінесіне салып тұрады және өзіндік «фишкасына» айналады. Тігін, қолөнер, әшекей жасаумен айналысса, қазіргі кезде тіпті, қосымша қаражат табуға да болады. Инстаграм арқылы қаншама бойжеткен үйінде отырып та бизнес жасап отыр. Кез келген қыз баланың өзгелерден артығырақ қолынан келетін бір дүниесі болу керек. Ол торт пісіру ме, «ободок» жасау ма, дорба тігу ме… Инстаграмда отырасыздар ғой? Атақты блогерлерге қызығасыздар ғой? Егер қолөнердің, шығармашылықтың бір түрімен шындап айналыссаңыз, әлеуметтік желіде танымал блогерге айналып шыға келесіз. Кейін, есейгенде бұл шаршауды басатын, жүйкені тынықтыратын сүйікті демалысыңызға айналады.

Жазып алған Б.МҰРАТҚЫЗЫ
www.zhasorken.kz 

А. Оралқызы