Жайықтан ескен сағыныш самалы

Жайықтан ескен сағыныш самалы
Фото: vk.com

Сағыныш самалы ақ ерке Жайықтың жағалауынан есіп тұрады. Өйткені, жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген Төлегеннің басқан ізі бар. Жалғыз Жайықтың жағалауы ғана емес, сонау, Алатау мен Тарбағатай тауларынан жететін сағыныш сарқыты өлең сарайының іргетасын қалауға күш салды. «Сағыныш» ұғымы қазақ поэзиясында Төлегеннің өлеңдерінде ғана көрініс табады. 

О, адамдар біргемін мен сендермен, 
Ықыласыңа ешнәрсені теңгермен. 
Сендер менің бақытымның бұлағы, 
Сендер менің дарыныма жел берген, – деп адамзатқа деген сағыныш сәлемін, перзенттік тілегін жеткізеді. Төлегеннің тұла бойына біткен бекзат болмыстың ақ парағы сағынышпен жазылып, күні бүгінгі заманның тарауында жалғасын тауып келеді. Күзгі жаңбырдың тамшысындай жылауық өлеңдер көбейді. Төлегеннің тұнық жырларында әуезді үн естілді. Тұғыры берік шығармалар әнге сұранып тұрғандай болады. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», – деп хакім Абай айтқандай, Төлеген ақынның жырлары келешекте әндермен астасқан шығармалар болады деп, өсиет қалдырғандай кейіп танытады. 

Рухани сұраныс деген ұғым бар. Руханияттың жаршысы – ақберен ақындар мен қарымды қаламгерлер. Жойқын жарылыстай қазақ поэзиясына ерекше леп әкелген Төлеген сойқан таланттардың санатына қосылды. Қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова: «Талантты болу қауіпті – талантсыздардың ішінде», – деген екен. Таланттар тасада қалады, талантсыздар төрді аңсайды. Төрді аңсаған қауымды Төлеген поэзиясы түп-тамырымен жойып жіберетін алапат күш пе? – деген саналы сұрақ ойға оралады. Төлеген өлең оқудың өзіндік ізін оқу ордасында қалыптастырды. Қа­дыр ақынның өлеңдерінде: «нағыз қазақты» домбырамен суреттейді. Ал, Төлегеннің домбырада ойнағанын бірі білсе, бірі білмейді. 

«Ақын – ұлт болмысы», – деп ұғынсақ, ұлттық бояу, сезімнің сиқырлы нақышынан көруге болады. 
Сен менің өзімді көрсең, 
Тұрысым осы менің. 
Ал, мендегі ғаламат сезімді көрсең 
Шошыр едің!.. 

Өзіндік болмысты төрт жол өлеңімен суреттеп береді. Ғажайыптан өрбіген тәтті сезім ғаламат сезімге ұласа жөнеледі. Сағыныш ұғымының қатарына сезім қосылды. 

… Кім білсін талай күнгі тілегім ед, 
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның. 
Иә, ақын жүрегі көрегенділіктің белгісі ме?! Рас, Мәңгілік Елдің тарихнамасына Төлеген жырлары ақын көңілінің жазбаларындай тасқа қашалып жазылды. Заңғар жазушы Ә.Кекілбаевтың: «Ақиқаттың мекені – жүрек. Оған кеңістіктегі ерен болмысты түгел сый­ғызуға болады», – деген көркем ойдың астарында жатқан ұлағатты сөзі бар.Төлеген поэзиясы – өлең сүйер қауымның жүрегіне жетіп жығылып, іргетасын қалады.Қазіргі қазақ поэзиясында Төлегеннің іздері көп. Құштар көңіл – өлеңнің ақжелкенін көтерді. «Арман сапары», «Өмірге саяхат», «Мен саған ғашық едім», «Құмдағы мұнаралар», «Аманат», «Бір тойым бар» дастандары мен шығармалары арқылы қазақ әдебиетінің алтын қанатына айналып, ел есінде қалды. «Құмдағы мұнаралар» атты өлеңдер жинағы үшін Ленин комсомолы сыйлығының иегері атанды. 

Жанассаң жанда жаз қалар, 
Жарқырай түскен жарықтар. 
Қазылмай жатқан қазбалар, 
Жазылмай жатқан тарихтар. 

Еліміздегі қазба байлықтардың жер қойнауында жатып, игерілмей жатқанын айтады. Қазақтың тарихына деген алаң көңіл ақын жүрегін бей-жай қалдырмайды.Ақынның қоғамдағы күрмеулі мәселелердің шешілуі үшін қолына қалам алып, қағаз бетіне өлең жолдарын түсіргені байқалады. Қызық сюжет. Астарлы ой. 

Айбергенов әлеміне бойласақ, «Арал жырлары» өлеңі көзге түседі. 

Шағалаң бейне төбеден, 
Әуелеп ұшқан ақ парақ. 
Аумағың толы көп өлең, 
Айдының фотоаппарат. 

Қарақалпақ халқы теңіздің бойын жағалап, балық аулап күн көрген. Қарақалпақстан мен Арал бойындағы ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігі ұқсас, ақындар мен жыршылардан кем емес екенін айтады. Жартасты жарып өтетін айдынның асау толқынын куәгер ретінде суреттейді. 

Төлегеннің сыни мақалаларын оқысақ, қатал сыншы, очеркіне зер салсақ, шебер журналист, әңгімелерінен зерделі сөздің зергері екен­дігін ұғынуға болады. 1962 жылы «Жұлдыз» журналының № 8 санында «Қоңыр күз еді» атты мақаласы жарық көрді. Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді» атты повесі хақында шығарманың табиғаты ашылғанын, үздік шығармалардың санатына қосу керектігін жазады. Ұлт ұстазы Зейнолла Қабдоловтың да тақырыпқа сәйкес мақаласы жарық көрген кез еді. Бұл Төлеген ақынның сөзді терең түсінген қаламгер екенін дәлелдей түседі. 

Төлегеннің Мұхтармен, Шәмшімен мызғымас берік достығы көпке үлгі. Айбергенов поэзиясының әсеріне еніп, атой салар ақынның егіле-төгіле жырлауына еліктеп өскен жыршылардың бірі – Мұхтар Шаханов. Ол өз сөзінде: «Төлеген Айбергенов, Шәмші Қалдаяқов үшеуміз ерекше достық қарым-қатынаста болдық. Анам марқұм 13 құрсақ көтерген, соның ішінде менен басқасы түгел о дүниелік болып кеткен. Неше балаңыз бар деп сұраған адамдарға: «Менің үш балам бар: үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – мына Мұхтар» – дейтін. Мұхтар Шаханов Төлеген шығармаларынан нәр алып, ағалық ақылын тыңдап, қасында жүріп, көп нәрсені үйренген. 

1965 жылы Атырау топырағында Шәмші екеуі сапарлап келген сәтінде, Жайықтың толқындары әсер етті ме, қайдам?! Жаға­лаудың ақ самалынан рақат күй кешкен Төлеген мен Шәмшінің «Ақ ерке – Ақ Жайық» атты әні дүниеге келді. Лирикалық ән. Фаризаның «Жайықтың толқындары» мен Төлегеннің «Ақ ерке – Ақ Жайық» атты туындылары Жайық бойына ескерткіш орнатқан, озық әндердің үлгісі болды. Апыр-ай, жағалауға тіл біткендей, ала дүлей сезім денемді бойлай жөнеледі. Қыздары Салтанат пен Айнар Айбергенова Атырау топырағына қадам басқан сәтте, «Қазақстан – Атырау» телеарнасы арнайы хабар түсірді. Хабарда қызы Салтанат: «Ақ Жайыққа әкемнің басқан ізін көрейін, әкемнің 80-жылдығын естеріне салайын», – деп келдім. Әке аманатын арқалаған ұрпақтың ішкі ой, жан дүниесіндегі алай-дүлей сезімі. 

…Із. Ұрпақ сабақтастығы. Жұмекеннің әкесі Сабыр соғысқа аттанған сәтте, Нәжімеден қарт Ашақ құмында ізін басқызып, қазанмен бетін жауып қояды. Ізді сақтау – қарттардың өнегесі. Төлеген мен Жұмекен – тағдырдың толқынында тербелген, тау тұлғалар екенін естен шығармауымыз қажет. 

Төлегеннің поэзиясы арқылы қа­зақтың сөз өнері биік деңгейге көтерілді. Қазақ поэзиясына ерекше үн қосып, екпінді поэзияның қалыптасуына күш салды. Себебі, 18 буынды өлеңді жазу, тек, Төлеген талантының бір қыры еді. Астарлы ойлардың түп-тамырына бойлап, бүтін болмыстың кем-кетігін түзеді. Көмбенің құпиясын ашып, алтын сандықтың кілтін XXI ғасырдың ұрпақтарына табыстады. Заңғар шыңға Төлеген есімі қазық боп қағылып, күллі қазақтың жүрегінде сақталды. Артында қалған адал перзенттері – әке өсиетін жалғаған, әдебиет әлемінен кейінгі жоқтаушылары. Төлеген 30 жасында өмірден өтсе де, өлмес мұрасын жинақтап, біреуіңде жоғалтпай бізге жеткізген – Үрниса ананың тәлім-тәрбиесін алып, адам қатарына қосылған төрт қыз бен бір ұлы – Айбергеновтер әулетінің терең тамырлы тарихын, шаң басқан шежіресін жаза түсті. 

«Өзгеге қалай көрінетінін біл­меймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірімнің ішінде ойланып өткізген уақыттарымды өз міндетін атқарып өткізген, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да, мен ойлар үшін, ойлану үшін қаншама уақытым кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтемін ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол, арзан күлкі мен болмашы ләззатқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қанша ойларды қағаз бетіне түсіре бергенде ғой, басқа үшін елеулі дүние болмағанмен, өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін!», – деп Төлеген ақын өз естелігінде өмірдің өзендей ағып өткенін ауыр күрсініспен суреттейді. Иә, өзі айтқандай, ғұмырдағы уақыты саналы әрі даңқты өтті. Сағаттың тілі тоқтамады. Әдебиеттің алтын кені – Төлеген мұрасын халқына жолдап отыр. Ақын ғұмырының есімін мәңгі есте қалдыру жұмыстары әлі де жалғасады. Төлегеннің тұңғиықтай терең, бұлақтай мөлдір жырлары қазақтай ұлт барда мәңгі сақталады. 

Әділбек Өмірзақов, Ұлт порталы

А. Оралқызы