Сырымның шешендік сөздері

Ата тұрып ұл сөйлесе ержеткен болар.

Сырым  жиырма  алты  жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
—         Балалар, аман ба? — депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
—         Жүр, кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! — дейді.
Малайсары жалт қарап:
—               Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып қыз сөйлегеннен без.
Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? -— дейді.
—               Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар,— дейді Сырым.
—         Сен толған екенсің, мен тозған екенмін,— деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен.

Қадірсіз десең халқымнан сұра.

Сырым сынамаққа Бөкен биге сәлем бере барса, қарт:
–       Қай баласың? – депті.
–       Даттың баласымын, – депті Сырым.
–       Қой баға алмайтын жаманнан да қолақпандай ұл тауды екен-ау! – дейді Бөкен.
–                    Отындық ағаштан оқтық мүсін шығады деген қайда? Шалдың үш түрі болады деуші еді: қадірсіз шал, қазымыр шал, қыдырма шал. Өзің соның қайсысың? — депті Сырым.
Сонда Бөкен қарт селк етіп:
—    Бала, қадірсіз десең халқымнан сұра, қазымыр десең қатынымнан сұра, қыдырма десең көршімнен сұра? — деген екен.

Жігіттің түп атасын қазған ит.

Cырымның атасы Шолан батырды төрелер қылыштап өлтіреді. Шоланнан Дат іште қалып дүниеге келгесін, қара қазақ жиналып төрелерменен арадағы зіт (зіт-деген ескі сөз, бұл жерде кек деген мағнада алынған) ұмытылмас үшін жас баланың атын Дат қояды. Дат атасының кегін ала алмайтын жасықтау болып өседі.
—    Ей, Дат, сенің атың заманында қойған Дат еді-ау, есіміңе жесімің лайықты емес, тек бір қоя салған ат еді-ау — деп қазақтың қарттары Даттың бетіне соғып жүреді.
Дат өсіп бір тәуір әйелге үйленеді, одан Сырым туады. Сырым өсіп ат арқасына мініп, ағайын аралап Байбақтының Сасай дейтін атасының аулына келеді. Келсе ағайындары қаумалап ортаға алып, жылап қоя береді.
—    Мына атаңа нәлет Нұралының баласы Есім сұлтан біздің бір ағайынның Ақмоншақ дейтін жүйрік атын ылауға мінемін деп ұстатып алып еді, енді бәйгеге қосып Есімнің Ақмоншағы атанып, атағын шығарып тасып жүр. Міне биыл екі жыл болады, талай рет кісі жіберіп сұрадық, берер емес. Бүгінде «құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ ал» дейтінді шығарды,—- дейді.
—    Ақмоншақты бір жесірге балайтын едік, бүкіл Байбақтының атағын шығарған Ақмоншақ еді. Шырағым, сол атқа сен бар, саған берер,— дейді ағайындары.
—Ей, ағайын, сіздер мені Нұралыға жұмсамаңдар, ол ит маған да бермес. Берсе жақсы, бермесе тегін қайтпаспын, бір жанжал туып кетер,— деп өтінеді Сырым. Ағайындары қаумалап болмайды, ақырында Сырым көнеді. Барып Нұралы ханның өз үйіне түседі.
—    Сырым, жай жүрмісің, жұмысың не? — дейді Нұралы.
—    Сіздің Есім деген балаңыз менің бір ағайынымның атын ұстап ылауға мінген екен, оған екі жыл толыпты.
—               Мауқы басылса, сол аттың сүйегі болса да алып кетейін деп келіп едім,— дейді Сырым.
—     Жарайды, олай болса Есімді шақыртып айтайын,— дейді хан.
—     Есім шырағым, мына Сырым Ақмоншақты сұрай келіпті. Бірталай міндің ғой, енді берсейші,— дейді Нүралы баласына.
—     Ағайыннан бір ат міне алмасам, мен несіне сұлтан болып жүрмін? Мен атты беремін деп алғаным жоқ, Сырымға ат керек болса құлаққа-құлақ, тұяққа-тұяқ алсын да кетсін,— дейді Есім.
—     Менің де естиін дегенім осы сөз еді,— деп Сырым үйден шыға жөнеледі. Нұралы хан артынан Есімді қайта шақырып алып:
—     Шырағым Есім, сен түсін, мына Сырым бір тайдың құнына келіп жүрген жоқ, бұл соғысқа келіп жүр, сен білмейсің, бұның атасы Шолан біздің бабаларымыздың қолынан жазымдалған, бұл соны әлі ұмытпай жүр екен, атын беру жөн болар,— дейді.
Есім Сырымның артынан кісі шаптырып: «Келіп қонақ болып, атын алып кетсін»,— дейді.
—     Атаңа нәлет Есімнің есігіне бір тай үшін екі барып еңкейсемау, бар ханыңа сәлем айт, келіп қонақ болатын күнімді өзім айтармын,— деп қайырылмай кете барады. Ағайындарына келіп атты әкеліп берсе аларсыңдар, өздері әкеліп бермесе енді сұрамаңдар,— дейді.
Сырым аулына келіп атын тастап, Есімнің ызасынан желмаяға мініп, ханды шабуға Сарыарқаның қазағынан көмек сұрайды. Сөйтіп жүргенде елдің ақсақалдары кеңесіп Сырымды Бақай сыншының алдынан өткізбекші болады. Сонда екеуі кездескенде, Бақайдың Сырымның қолын ұстап тұрып айтқан сөзі мынау екен:
—     Иә, Сырым бала, жоқтан бар болдық, айырдан нар болдық, көндей қамқа тозды, атадан ұл озды, анадан қыз озды, боздан бурыл озды. Осыған жауап берші, шырағым,— дейді. Сонда Сырым батыр:
—     Иә, жоқтан бар болсам, құдайдың құдіреті болар; айырдан нар болсам, атам үлек болар; көндей қамқа тозса, киюі салақ болар; атадан ұл озса, еркіндігі болар; анадан қыз озса, шіркіндігі болар; Боздан бурыл озса, жүйріктігі болар, Бақай ата! — депті.
—               Ей Сырым, әкең сенің Дат төмен, тентек, шұлғауын асына малып ішетін еді. Шешең Қараторы қайратты, күндіз келген жиырма кісіні түнде келген жиырма кісіні қонақ қылып аттандыратын еді. Сен шешеңе тартып туған екенсің-ау, балам,— дейді Бақай қарт.
—     Иә, Бақай ата, әкем Дат тентек болса болған болар, шешем күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды қонақ етіп аттандырса, қырықтың бірі қыдыр деген, онда мен қыдырдан жаралған болармын. «Өзін өзі езген ит, өзен бойын кезген ит, өзі болған жігіттің тұп атасын қазған ит» деп еді, Бақай ата,— депті. Сырым.
Сонда Бақай сыншы сөзден жеңіліп батырды қонақ қып, ат мінгізіп, шапан жауып батасын беріп аттандырыпты.

Мінезің ауыр болсын.

Сырым жас кезінде Есентемір Бөкен биге батасын алайын деп және ақыл сұрайын деп ат, шапан алып барады. Барып қонақ болғаннан кейін Бөкен Сырымнан келген жұмысын сұрайды. Сонда Сырым:
—    Менің сізге келген жұмысым — біріншіден, сіздің батаңызды алайын деп келдім, екіншіден, ақыл сұрайын деп келдім,— дейді.
Сонда Бөкен: «Саған батамды берейін, сен жас болғанмен елге бас болғандай екенсің»,— деп бата береді:
Арқаң қара нардай жауыр болсын,
Мінезің қара жердей ауыр болсын.
Өкпең жоқ — бауыр болсын,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін,
Жасың алпысқа жетпесін,— дейді.
Батасын бергеннен кейін: «Мен не десем де бәрінің де мағынасы бар, қалай түсіндің, өзіме айырып бер»,— дейді Бөкен қарт. Сонда Сырым:
—    Арқаң көп мінгеннен жауыр болсын дегенің — халық үшін жұмыс жаса, халықты өзіңе ерте біл — дегенің. Мінезің қара жерден ауыр болсын дегенің — беріден ойлама, әріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегенің. Өкпең жоқ бауыр болсын дегенің — не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп өкпешіл болма — дегенің. Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегенің — ел арасында дау-жанжал көп кездеседі, сол мәселені өзің шешіп, ақ-қарасын айырып, дұрыс төресін бере біл — дегенің. Жасың алпысқа жетпесін деген батаңызға мен түсіне алмадым,— депті.
Сонда Бөкен қарт Сырымға ақырған екен:
—    Мен сенен құдайдың берген жасын қызғанам ба, жүз алпысқа кел. Менің жасым сексен төртке келді. Алты бәлеге тап болдым. Мен сені сол алты бәледен аулақ болсын деп едім. Ол мыналар: үлкен үйге кіре алмадым, кіші үйге сия алмадым. Қара сақалды әкем болды, қара шашты шешем болды. Ауру келді, кәрілік жеңді,— міне, алты бәле деген осы. Бұған қалай түсіндің? — дейді.
Сонда Сырым батыр:
—    Үлкен үйге кіре алмадым дегеніңіз, адамның қатары кетеді, баратын үйі таусылады. Кіші үйге сия алмадым дегеніңіз өзінен жасы кіші адамдардың үйіне жасы үлкен адам шақырусыз бара алмайды. Қара сақалды әкем дегеніңіз өзіңнен туған кей бала, есейген соң әкенің тілін алмайды, әкені дұрыс баға білмейді. Бір сөз айтсаң бетіңді қайырып тастайды. Қара шашты шешем дегеніңіз сол баланың әйелі, келінің. «Осы шалға не керек екен, берген асты ішіп жата бермей»,— дейтін шығар. Ауру мен кәрілік түсінікті ғой, ата»,— депті. Сонда Бөкен қарт: «Бақытты бол, балам, жақсы шештің»,— дейді. Сырымға қарап Бөкен басын шерткен екен.
Сырым оған аузын ашып, тілін көрсетіпті. Сырымның қасындағы жолдастары: «Бөкең саған неге басын шертті, оған сен аузынды ашып, тіліңді шығардың, ол не сөз?»— дейді. Сонда Сырым: «Ол кісі маған басын шерткені — басқа бәле қайдан келеді»,— деген жұмбағы еді; менің оған тілімді көрсеткенім: «Басқа» бәле қызыл тілден келеді дегенім»,— депті.

Жаныңды жаралама алысты қаралама.

Малайсарының аулы төменгі Топайлы қаласының аузында екен. Сырым аулына келгенде қарт азғантай қойының алдында жүр екен.
—    Аға кім болдыңыз? — деп сұрапты.
Малайсары:
—    Шырағым, кім болайық, осы жердегі аз үй танамыз-дағы,— депті. Сонда Сырым:
—    Тананың қайсысың? Жеті үй — Жиенбекпісің? Бес үй Бессарымысың? Тышқан құлақ — Асанбысың? Төлеуден алған Құнанбысың? — дегенде, Малайсары:
—    Шырағым, Тананың пәленімін деп неғылайын. Танысаң танырсың? Мен де сені танып тұрмын. Даттың аузына шайтан түкірген, бір қу аяқ баласы атқа мінді деп естіп едім. Сен сол бала боларсың! — депті. Сонда Сырым:
—    Бәлі аға, сол бала боламын. Ауылдан шыққанда сізді сөзден ұтсам, Тананың алжыған шалы деп күлкі қылайын, сөзден ұтылсам, ат мінгізіп, шапан жауып батаңызды алайын деп аттанып ем, ұтылдым, батаңызды беріңіз, атыңыз — мына астымдағы атым, шапаным мынау! — деп үстіндегі шапанын шешіп беріпті.

Табалдырықтан биік тау жоқ.

Нұралыны шаппақ болғанда ағайыны бөгет жасай беріпті, сонда Сырым:
«Табалдырықтан биік тау жоқ, жаман ағайыннан мықты жау жоқ»,— деген екен.

Отын олжа су нұрлық.

Сырым он бес жасында бір құшақ отын құшақтап Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып далада тұрған хан баланы шақырып алып:
—    Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетіледі, ауыл сыртынан отын ұрлап, бала, есің неден кетіп еді?! —дейді.
—    Тақсыр, даланың оты олжа, суы нұрлық, біреудің малы мен ақысын жеу ұрлық,— деп жөніне жүре береді.

Тасып жүргенім жоқ. 

Сырым Нұралыға наразы болып жүргенде: «Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны теңгере алмадың, біреу-біреуді шауып жеп жатыр, оны басқара алмадың»,— деп өкпелепті. Нұралыға бір кез келгенде Сырым амандаспай жүре береді. Сонда Нұралы:
—    Батыр, қайырылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау! депті. Сонда Сырым:
—    Хан, тасып жүргенім жоқ, қазақ баласының басын қоса алмай сасып жүрмін,— депті.

Сырымның екі рет сөзден жеңілуі 

Сырым бір үйге қонса, бір келіншек шай құйып отырады. Келіншектің өзі жас, күйеуі шал адам екен. Сырым отырып өз жолдасына қарап:
—    Япырай, аққудың қасында жапалақ жараспайды екен-ау! — дейді.

Сонда келіншек түсіне қойып:
—    Батыр, сіз бір кезде тай жейтін Сырым едіңіз, енді қой жейтін Сырым болдыңыз, әр нәрсе өз уақытысында емес пе?! — депті.

Сырым шөлдеп келе жатып, бір үйден түсіп сусын ішіпті.
—    Япырай, бір аяқ сусын бір кісінің құны екен ғой!— депті Сырым маңдайының терін сүртіп.
—    Жоқ батыр, бір аяқ сусын бір емес, екі кісінің құны. Бұл сусын табылмаса шөлдеп сіз де өлер едіңіз, ұялып мен де өлер едім,— депті үй иесі.

Ер намысына қарай шабады. 

Сырым  бір    жылы Орта жүзге барғанда Балаби шешенге кез келеді. Сырым мен Балаби екеуі көп әңгімелеседі.
Балаби: «Сіз ағайынды нешеу едіңіз?»—дейді. Сырым: «Мен ағайынды екеумін»,— дейді.
Балаби: — Сізді Даттан ағайынды он бір деп естуші едік»,— дейді.
Сырым: — «Сіз түсінбедіңіз, мен Даттан он бір екенмін рас, бірақ та олардың маған далада қанша керегі бар, менің ағайынды екеумін — біреуі өзім, екіншісі — көпшілік халқым еді»,— дейді.
Балаби: «Үгітті, ақылды қандай адамға айту керек?»— дейді.
Сырым: «Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айту керек»,— дейді.
Балаби: «Ат пен ер қандай жерде, не үшін шабады?»— дейді.
Сырым: «Ат шабысына қарай, ер намысына қарай шабады»,— дейді.
Балаби: «Дүниеде не тәтті?» — дейді.
Сырым: «Аста тұз тәтті, адамда дос тәтті»,— дейді.

Құда болдым даңқымен.            

Сырымның қызын Алаша Байсал би көп мал    беріп  баласын айттырады. Бұдан бірнеше жыл өткеннен соң Байсалдың баласы Сырымның қызын алмайтын болады. Байсал Сырымға кісі жіберіп:
—    Балам қызыңды алмаймын дейді, менің берген малымды қайырып берсеңіз екен,—дейді.

Сырым: «Мен Байсалдың малын бағып беруге алғаным жоқ, алса қызымды берем, алмаса өзі білсін»,— дейді. Сонан кейін екеуі хан алдына барып айтыспақ болады. Жолда келе жатып кеңеседі: «Ханның аулында жақсы да, жаман да жиналған, ел көп болу керек. Екеуміз барып ханға жүгінуіміз жараспас, біз Атақозы батырға барып, соның үкіміне риза болсақ қайтеді?» — деседі. Бұл байлауға келісіп аулына келеді. Жай-мәністерін айтқаннан кейін, Атақозы айтады: «Сіз екеуіңіз белгілі Сырым менен Байсалсыздар ғой, сіздер ұзақ дау айтпай-ақ, екі-үш ауыз сөзбенен қысқаша жұмыстарыңызды айтыңыз»,— депті. Сонда талап иесі Байсал мына сөзді айтыпты:
—    Қозеке, мен Сырымға құда болып едім даңқымен, араласып, сыйласуға халқымен. Бес жиырма мал бердім, бұрынғы ата-бабаның салтымен. Қалы кілем қара нарға жауап бердім, арғымақ жылқының асылын тауып бердім. Алтын дегенім мыс шығып, күміс дегенім жез шығып, сондықтан малымды іздеп келген талапкермін.
Сонда Сырым айтады:
—    Байсалдың менімен құда болғаны рас даңқымменен, араласып сыйласты да халқымменен. Бес жиырма мал бергені рас, бұрынғы ата-бабаның салтыменен. Мұның баласы үш жыл қалыңдық ойнады, құлындай байлады, тайдай жайлады. Бар мақсаты біткен соң, енді алмаймын деген қиял ойлады. Мен онысына көнбедім. Сіздей әділ биді іздедім, осы еді алдыңызға келгенім.
Атақозы диуанды (билікті) Сырымға беріпті. Мұны хан естіпті. Хан ашуланып Сырым мен Байсалға ешнәрсе айта алмай, Атақозыны шақыртады. Келсе хан үйінің алдында жүр екен. Атақозы аттан түсіп: «Бас тақсыр!» — деп қолын алады. Сонда хан қолын ұстап тұрып: «Ойда орысты, қырда қазақты олжалап жүрсең де шыр бітпеген бір қасқа екенсің ғой, үйге жүріңіз»,— депті. Сонда Атақозы: «Тақсыр, тұра тұрыңыз, үйге әлгі сөзіңіздің жауабын беріп кірейін»,— депті де былай депті:
—    Бұрынғыдан келе жатқан бір сөз бар еді: «өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді, қаралысында қатын семіреді, халқының қамын ойламаған хан семіреді. Сіздің семіз болуыңыз халықтың қамын ойламағаныңыздан болар. Мен қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп, қазақтың жалғыз тайын жауға алдыр- маймын деп бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын, маған не ғылып шыр бітсін,— депті.
Хан жұмған аузын аша алмай үйіне кіргізіп, қонақ етіп, шығарып салыпты.

Сырымның үш қасиеті. 

Бір топ жолаушы Сырымды іздеп келе жатса, алдарынан әйел шығады. Жөн сұ- расып, жолаушылардың Сырымға бара жатқанын біліп, беріп жіберетін аманаты бар екенін айтып, оны Сырымға жеткізуді өтінеді.
—    Ол не аманат, жеңіл ме, ауыр ма? — деп сұрайды жолаушылар.
—    Қадірін білсеңіз жеңіл де емес, алып жүруге ауыр да емес,— дейді де, әйел басындағы орамалын көтеріп бір тал шашты желкесінен, енді бір тал шашты маңдайынан жұлып алып жолаушыларға береді. Содан кейін оң жақ қолтығынан бір жапырақ шүберек жыртып береді. Тезек теріп жүрген қабының бір бұрышын жыртып алып, оны да Сырымға жеткізіңіз деп береді. Жолаушылар «Мұны кім берді деп айтамыз»,— дегенде, әйел «Сырымның өзі біледі»,— деп жауап қайтарады- Жолаушылар Сырым аулына келіп, болған мән-жайды айтып, аманатын тапсырады.
—    Сендер мұны не деп шештіңдер? — дейді Сырым. Жолаушылар:
—    Шеше алмадық,— дейді.
—    Бұл әйел Байбақты баласы көрінеді, елден ерте кеткен екен. Желкеден шаш алғаны туған жерім, туысқан- елім артымда қалды дегені. Төбеден шаш алғаны — содан бері мына бастан бірталай уақыт етті дегені. Маңдайынан шаш алғаны — әлі жаспын, өмірден үмітім бар дегені. Көйлектің оң жақ қолтығынан шүберек жыртып бергені — қолтықта бауыр бар.— Мен сенің бауырыңмын дегені. Байбақтының баласы екенін осыдан білдім. Қаптың бұрышын бергені үйге тезекпен кіріп, күлмен шығып күң болып жүрмін дегені,— дейді Сырым.
Біраз күн өткен соң Сырым әйелдің аулына келеді. Мұндағылар қонақ етіп, біраз жатқан соң ауылдың бір үлкен ақсақалы: «Не жұмыспен келдің?» — деп сұрайды. Сонда Сырым:

—    Саған арзан, маған қымбат, сенің қолында менің бір сүйегім — қарындасым жүр екен, Бұлын алып бересің бе, құнын алып бересің бе? — дейді.
—    Бұрын сен ол қарындасыңды көріп пе едің? — дейді ақсақал.
—    Жоқ, көргенім жоқ! — дейді Сырым.
Сонда ақсақал: — Бір түсті киінген қырық әйел, қырық еркек қарама-қарсы жүреді. Сол уақытта бір-біріңді танысаңдар бірге ауылдарыңа қайтыңдар, танымасаңдар осында қалады,— дейді. Сөйтіп, қырық еркек пен қырық әйел қарама-қарсы жүргенде көп әйелдің ортасында келе жатқан байбақтының қызы қасында келе жатқан әйелдің құлағына:
—    Анау, қырық адамды бастап, қырық бірінші болып келе жатқан менің ағам Сырым,— деп сыбырлайды. Сырым да Байбақтының қызын тани кетеді Сонда ақсақал:
—    Бір-біріңді қалай таныдыңдар? — деп сұрағанда, Сырым:
—    Қырық әйелдің ішіндегі отыз тоғызы өтіп бара жатқан еркектің бәрінің бетіне қарап санап шықты, ал мына әйел қатарынан асып кеткенше менен көзін аудармады. Содан таптым,— дейді.
Ақсақал әйелден: — Сырымды қалай таныдың? — деп сұрағанда ол:
—    Сырымда ерекше үш қасиет бар: біріншісі—батырға біткен тұлғасы, екінші — өжет мінезі, үшінші — асқан даналығы бар деп еститін едім. Сырым маған қыран топшылы, толық денелі, кең кеуделі, шалқа төсті, жолбарыс бетті болып көрінді. Басы да елден ерек, торсық шекелі екен. Ағамды осыдан білдім,— депті.
Сөйтіп Сырым Байбақтының қызын күңдіктен құтқарып аулына алып қайтқан екен.

Сөз анасы не?

Сырым Үргеніштің ханына барып жүз керіс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық: «Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі»,— деп естиді екен. Хан Үргеніш шешені мен Сырымды айтыстырыпты:
Үргеніш шешені:
—    Сөз анасы не?
Су анасы не?
Жол анасы не? — деп сұрайды.
Сырым батыр:
—   Сөз анасы — құлақ,
Су анасы — бұлақ,
Жол анасы — тұяқ! — деп жауап береді.
Үргеніш шешені:
—   Дау мұрады не?
Сауда мұрады не?
Қыз мұрады не?
Жол мұрады не? — дейді.
Сырым батыр:
—   Дау мұрады — біту,
Сауда мұрады — ұту.
Қыз мұрады — кету,
Жол мұрады жету,— дейді.
Үргеніш шешені:
—   Намазда жан-жағыңызға қарай береді екенсіз, оныңыз не? — деп сұрайды.
—   Жан-жағыңызға сіз қарамасаңыз, менің қарағанымды қалай көрдіңіз? — дейді.
Үргеніш шешені:
—   Сізді екі аяқты, бір тілді адам баласы жеңді ме? — Дейді.
Сырым батыр:
—   Сырымның айтқанын тыңдамай, өз сөзін соға берген адам Сырымды күнде жеңеді,— дейді.

 Дерек көзі: Elana.kz