Ардақ Нұрғазы. Өлең туралы өлең

Ардақ Нұрғазы. Өлең туралы өлең

Әдебиет тарихына назар салсақ, поэзия туралы түсінік поэзия туралы анықтама беруден әлдеқайда күрделі әрі маңызды саналады. Ақындар мен сыншылардың дені поэзия туралы айтқанда түрліше кесіп-пішкенімен, түп мағынасында белгілі бір қортындыға келіп отырады.

Ал шынайы шығармашылықта олардың бәрі дерлік өздері сызған сол шеңберден шығып кетеді. Бұның себебі, анықтама беру — ақылдық танымға тән болса, түсінік — аңдаусыз санаға тән дүние. Қас өнердің мәйегінде жатқан болмыс ретінде поэзияның ақылға ерік бере бермейтін аңдаусыз санамен тікелей қатысы бар. Аңдаусыз сана туралы сөз болғанда, рухтың мекені — тіл көкейтесті қасиетімен көзге түседі. Тіл пайда болғаннан бастап, әсіресе, өнер кеңістігі ашылған сәттен күрделі қайшылықпен өмір сүреді. Кейде тіл алтын теңгенің екі бетіне ұқсайды, сен оның бергі бетін көріп-біліп, тани алғаныңмен, екінші бетін көре алмауың мүмкін. Айталық, өлең туралы анықтамаға келгенде Абайдың төмендегі шумақтарын жиі еске аламыз:

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиып,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бұл өлең жолдарын «Абайдың поэзияға берген анықтамасы» деп қабылдау әлдеқашан аксиомаға айналып кетті. Осы анықтаманың негізінде біз өлең туралы көзқарас айттық, кімдікі жақсы өлең, кімдікі нашар өлең екені туралы кесім жасадық, тіпті, оны шығармашылықтағы басты ұстаным ретінде дәріптедік. «Поэзия деген осында айтылғандай болуға тиіс» дегенге дейін бардық. Алайда, оның өзіне тән шектеуі бар болатын. Біз оған мысал ретінде Абайдың ең таңдаулы өлеңін келтіре алғанымызбен, қаласаң, соған сәйкес өте қарапайым, түкке тұрғысыз өлеңсымақтарға да оны өлшем ретінде келтіруімізге бола береді. Айталық, ұйқасқа түскен, жеңіл оқылатын төрт тармақты қарапайым ән тексіне де бұл анықтама үйлеседі. Сонда біз Абайдың өлеңі мен әлгі қарапайым ән тексін қатар атап, бірдей қабылдап, оларды «поэзия» деп айта аламыз ба? Әлбетте, айта алмаймыз. Себебі, Абайдың поэзиясы мен қарапайым ән тексінің арасында мәндік парық бары анық. Ол парықтың бір аты — поэзия. Абайдың өлеңі, ол — поэзия, ал, әлгі ән тексі поэзиялық деңгейге жетпеген мәтін ғана. Ендеше, жоғарыдағы анықтаманы не деп түсінуге болады? Әлде, біз қателесіп жүрміз бе, ол поэзия туралы анықтама емес пе? Меніңше, ол ақын Абайдың поэзияға берген анықтамасы, бірақ, ұлы ақынның көкірегіне түйген поэзия туралы қордаланған түсінігі емес. Біз ақылдық танымның сүзгісінен өткен анықтаманы, алтын теңгенің өзімізге қараған бетін ғана көріп тұрмыз, арғы бетін, ұлы ақынның поэзия туралы шынайы таным-түсінігіне, пайымына, түйсігіне жете алып тұрғанымыз жоқ. Өйткені, ол ақынның тасадағы аңдаусыз санасында жатқан дүние. Ол анықтама ретінде айтып беруге келмейді. Тіпті, ақынның өзі «айтып беремін» деп ниет қылғанымен де, айтып бере алмас еді. Мәселенің түйіні де осында. Оның сірә не екенін бізге тек поэзияның өзі ғана жеткізуге тиіс. Одан өзге жол жоқ. Абайдың жоғарыдағы өлеңіне төмендегі өлеңін салыстырып оқиықшы: 

Алыстан сермеп, 
Жерктен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған,
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған — 
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл.

Өткірдің жүзі,
Кестенің біз,
Өрнегін сендей сала алмас,
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бэһра ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ — ойға олақ.

Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды — 
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз.

..........

Бұл шумақтарды ұлы ақынның поэзия туралы шынайы түсінігі мен түйсігінің бір көрінісі деуге болады. Абайға дейін қазақта өлең туралы жоғарыдағыдай анық анықтама мен түсінік болған емес. Бұл туралы Абайдың өзі де ашып айтқан. «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі — жамау, бірі құрау» дегенде Абай жоғарыдағы ақындардың өлеңіне емес, қайта, өлең туралы түсінігіне өзінің көзқарасын білдірген. Жоғарыдағы танымнан біз Абайдың қазақ өлеңінің бетбұрыс кезеңін бастауға түсінік тұрғысынан дайын болғанын аңғарамыз. Бұл ескінің аяқталып, жаңа дүниенің ортаға шыққан кезеңіне тура келеді. Соған дейінгі дүние дәстүрлі таным-түсініктің ақаусыздығымен селкеу түспеген біртұтас дүние болатын.

Абай жасаған кезеңде күллі адамзат қоғамы үлкен өзгеріске тап келді. Әлгі біртұтас таным аясына сызат түсті. Өнеркәсіптенудің аяқ алысына ілесіп, Еуропада ғылым мен техника қоғамға үлкен жаңалық енгізді. И.Ньютонның жердің тартылысына негізделген «күштің үш түрлі заңының» орнын А.Эйнштейнің әлемнің тартылыс заңын пайымдаған «Салыстырмалы теориясы» басты. Дәл сол шамада неміс философы В.Ницше «Жаратушы өлді!» деп жар салды. Философтың бұл сөзі жаратушы ұғымын өзек еткен дәстүрлі дүниетанымның аяқталып, оның орнын енді адамды негіз еткен жаңа дүние басталды дегенді білдіретін еді. Бұл идеяны өз кезегінде Абай да айтты. Ақынның «Ескендір» поэмасында әлемді жаулаушы белгісіз бір қамалға жолығады. Ішке кіре алмаған оған қамалдағылар шүберекке түйілген бір затты лақтырып жібереді. Бұрын болса, қамалдағылар оған әлдебір кітапты лақтырып беруі мүмкін. Оны «Інжіл», «Тәурат», т.б. біреуі деуімізге болар еді. Жоқ! Бұл жолы бәрі басқаша болады. Шүберектің орауын ашқанда одан қу сүйек шығады. Батыс философиясы мен әдебиеттану саласында теорияның негізін қалаған Аристотель Ескендір патшаға бұл қу сүйектің мән-мағынасын шешіп береді. Филоссоф «бұл адамның көз сүйегі!» дейді. Қарап отырсақ, Абай келе жатқан жаңа заманның мәні мен мағынасын терең түсінген. Таным саласында теорияның басымдық алатынын ескерген. Өлең туралы анықтама беруге ұмтылыс жасауының сыры да осында болса керек.

Одан да маңыздысы, Абай жаңа дәуірдің адамды өзек ететінін, адам мен қоғамның арасындағы қатынасқа құрылатынын аңғартады. Біз Ескендірдің алдынан шыққан белгісіз қорғанды келе жатқан жаңа заман десек, олар берген адам көзінің қу сүйегін оның мән-мағынасының түп негізі деп қарауымызға болады. Соған дейінгі қоғамда адам мен адамның, адам мен қоғамның қатынасы түбінде Жаратушы ұғымына барып шешім табатын болса, ендігі заманда барлық шешім адам табиғатындағы дүниелердің ерекшелігіне барып саймақ. Бұл дүниетаным Абайдың шығармашылығында жақсы көрініс тапты. Абайдың поэзиясы мен қарасөздерінің бәрі дерлік адам табиғатына үңілуден, оған сын айтудан тұрады. Абай ұлы жаратушы туралы да, табиғаттың тылсымдыгы туралы да емес, тікелей адам туралы, оның бойындағы қасиет туралы ойланды. Абайдың өзінен бұрын өткен жыраулармен, дала данагөйлерімен арадағы басты парқы да осында жатыр. Қорқыттан қалған аңыздар Жаратушы мен адамның қатынасын сөз етеді, Асан қайғы табиғат пен адамның байланысынан ой түйеді. Ал Абай тек қана «артық адам» туралы айтады. Ақынның дүниетанымындағы бұл «артық адамды» біз Қорқыт пен Асан қайғыдан келген дала тағылымындағы адам туралы түсініктің жинақталуының нәтижесі деп білеміз. Абай адам мінезіндегі жаман әдеттердің бәрін адамның тіршілікте өзіне артық алуынан, рухани кірлеуінен, жаман қасиетке бой ұруынан деп біледі. Абайдың назарындағы адам екінші планда, сөздің тасасында, көмескіде жатқанымен, рухы биік таза адам. Ақын осы биікте тұрып адамға қарайды, бағасын береді, сын айтады, жиып келгенде «артық адамның» кім екенін анықтайды. «Сегіз аяқ» өлеңін Абайдың осы азаматтығы мен ақындығының құрыштан құйылған бірлігі деп қарауымызға болады. Өлең поэзия туралы толғаныстан бастып, сол шабытпен асқақ, азаматтық биік рухани деңгейге көтерілген. Бұл Абайдың ақындығы мен азаматтығының өресін көрсетіп тұрған бірегей өлең. Содан да ол қайталанбайды, ешкім еліктеп шығара алмайтын өнер туындысына жатады. Онда сезім мен ойдың айнымас бірлігі бар. 

Поэзияның тарихы лирикадан бастау алып, эпоспен аяқтайтын тарих. Тіпті, модернистік, постмодернистік сана басымдық алған кезеңде де үлкен ақындардың санасынан бұл түсінік бір сәт те өшкін тартқан емес. Өнер туындысы ақын мен тілдің керісу мен келісуден тұрған тайталасындағы кездейсоқтықтың туындысы. Абай «Сегіз аяқ» өлеңі арқылы эпосқа бармағанымен, поэзияның лирикадан басталып парасатпен аяқталатынын көрсетті. Өлеңнің жоғарыда келтірген шумақтары ақын мен тілдің және оқырманның қатынасына тоқталады. Тіл дегеніміз — аңдаусыз санада жатқан сөз теңізі. Тасадағы бұл айдынға ақын лириканың шабыттық деңгейіне көтерілген сәтінде ғана шыға алады. Эпостық кеңістік содан кейін ашылуға тиіс. Ақындығынан философтығы басым түскен Абай поэзияны адам мен қоғам ортасындағы байланысты, бастысы, «артық адам» туралы танымын ақтаруға, соны жан-жақты тереңнен толғап, паш етуге арнады. «Сегіз аяқ» өлеңінен тыс, Абайдың өзге туындылары айқын екі арнаға жинақталған. Алғашқысы — «Ескендір», «Мәсғұт», «Әзім әңгімесін» қамтыған поэмалары. Бұлар дәстүрлі шығыстық сарындағы хисса-дастан үлгісіндегі туындылар. Абайдың поэзия туралы түсінігі қалыптасудан бұрын, дәстүрдің қыпалымен жазылған дүниелерге жатады. Бұлардан тыс, ақынның көптеген қысқа өлеңдері, негізінен, азаматтық жүк арқалаған лирикалар. Бұл шығармалар ішкі кеңістік жағында ол өреге жетпегенімен, поэзияның табиғаты тұрғысынан «Сегіз аяқ» өлеңіне жетіп-жығылатын дүниелер. Олардың қалыптасу арнасында да ортақтық жетерлік. Айталық, «Сегіз аяқтағы» сияқты бұл өлеңдердің көбі басталғанда күңгірттеу болып келеді де, жүре келе тақырыптың тереңдеуімен бұлты сейіліп, аспаны ашыла бастайды. 

Қазақ поэзиясына Абайдан кейін Мағжан Жұмабаев пен Ілияс Жансүгіров келді. Екі ақыннан да Абай поэзиясының ықпалын сеземіз. Ақын ретінде М.Жұмабаев лирикаға басымдық берсе, І.Жансүгіров эпостық поэзияға иек артты. Бірақ, екеуі де поэзия туралы танымда Абайдың биігіне көтеріліп үлгірген жоқ. Бұған екі ақынның да өмірден жас кеткендігі себеп болса, екіншіден, ақындық пен поэзия туралы талғамның қайталауға, еліктеуге, мұрагер болуға көнбейтін ерекше қасиет екені де байқалады. Поэзия майданына келген ақын өзінен бұрын өткен үздік өнер иелерінің шығармаларын оқып-біліп, жаттап, үйренуі мүмкін, бірақ, ондағы поэзияға тән қасиетті толықтай игеріп, сіңіріп кетуі мүмкін емес. Соңынан келген ақын қалайда өзі бәрін басынан бастауға міндетті. Бұл арада өнердің қайталанбайтыны туралы кәнігі заңдылық жатыр. М.Жұмабаев пен І.Жансүгіров те осы заңдылықтан асып кете алған жоқ. Келе жатқан жаңа заман туралы Абайдың жұмбақ қамалға барғаны сияқты М.Жұмабаев та өз деңгейінде толғанды. Ақынның «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңі, міне, осы толғаныстың көрінісі. М.Жұмабаев шығармада өлімнің өзін емес, өлім тақырыбын ала отырып, жеке тұлғаның жандүниесін жазды. Дәл осындай бір тақырыпты шұқшиып жазған шығарма соған дейін қазақ поэзиясында кезіккен емес. Ақынның келе жатқан жаңа дүниеден сондай қатал да қатігездікті көруіне назар аударуға тиіспіз. М.Жұмабаевпен бір кезеңде жасаған Батыс ақындары да сол тұста модернистік дүниенің соған дейінгі дүниетаныммен қабылдауға келмейтін қатігез тұсын жеткізе жазумен көзге түскен болатын. Бұл жерде Жаратушы жоқ әлемнің жаңа болмысы айқындалып тұрғаны анық. Бұны Абай даналығынан бастау алған адамға басымдық беретін қазақтың ұлттық модернистік санасының көрінісі мен өріс алуы деп түсінген дұрыс. Ішкі болмысқа үңілген бұл өлеңде ақын тілмен жаңа сапада байланысады. Өлең толықтай жаңа поэзияның тынысын беріп тұр. М.Жұмабаевтың өзге шығармаларында, айталық, поэмалары мен өлеңдерінде ақынның поэзияға қатысты жоғарыдағы түйсігі толық көрініс таппайды. Ол шығармалар, мықтағанда, өткендегі танымның жаңа кезеңдегі жаңғырығы сияқты сезіледі. Айталық, бізге кейін келген ақындар махаббат лирикасын М.Жұмабаевтан әлдеқайда жеткізіп жазғаны мәлім. І.Жансүгіров поэзиясында әне сондай ерекшелік бар. Ақын шығармашылығының асқар шыңы саналатын «Құлагер» поэмасы өзіне дейін болмаған дара шығарма делінгенімен, жаңа эпостық кеңістікке көтеріле алмаған туынды. Оқиғасы, сюжеті, композициясы, бастысы ақынның тілге деген түсінігі тұрғысынан «Құлагер» қазақ поэзиясының Абайға дейінгі кезеңімен үндеседі. Ондағы заманның басты белгісі — мәтінде жазба өлеңнің қасиеті бар. 

М.Жұмабаевтардан кейін қазақ поэзиясына келген үлкен ақындардың бірі — Қасым Аманжолов. Өлеңінде таудан аққан тас бұлақтай табиғи сұлу лирика бар Қ.Аманжолов заманы жаншып, түп болмысына қайта қайрыла алмастай етіп кұйретіп жіберген ақын. Ақынның сұлу поэзиясын күреткен, еркінен айырған, оның орнына қаталдықты, қалт мінезді, жалпы өлең туралы реализмге бейім түсінікті аңдатпай сіңірген — соғыс. Қ.Аманжолов шығармашылығында Абай поэзиясының азаматтық ұстанымы берік негіз қалағанымен, ұлы ақынның поэзия туралы нәзік түсінігі көрініс таппай қалған. Қ.Аманжолов өлеңінің тілі аңдаусыз санаға тән поэзия тіліне қарағанда, ақылдық танымға тән, ауыз әдебиетіне бейім тіл қолданысына көбірек ұқсайды. Содан да ақын Абайша сыртқы әлемді ішкі рухани әлеміне, тұнық мәтінге — саф өнер туындысына айналдыра алмаған. Заманы ақынды ол деңгейден әлдеқайда алысқа лақтырып жібергенін түсінеміз. 

Өткен ғасырдың 60-жылдарында әдебиет майданына келген ақындар қазақ поэзиясын Абайдан кейінгі биікке көтерді. Оның ішінде Мұқағали Мақатаев пен Жұмекен Нәжімеденов поэзиясын ерекше атауға болады. Бұл жолы да бір кездегі М.Жұмабаевтардың басындағы жағдай тағы қайталанды. М.Мақатаев лирикаға, Ж.Нәжімеденов эпостық поэзияға бейімдік танытты. Сол кезеңде М.Мақатаевпен қатар Сағи Жиенбаев, Тұманбай Молдағалиев, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырза Әлі, Фариза Оңғарсынова, т.б. тамаша лирк ақындар шықты. Бірақ, М.Мақатаев поэзиясы дара тұрды. Бұл соғыстан кейін ел етек-жеңін жиған, қатал идеологияға сүйенген саяси қоғам кемеліне келген тұс болатын. Сталин жүргізген мұз құрсауы босап, желдей ескен жылымықтан қоғам өз арнасын таба бастаған шақ еді. Қоғамдық ортада билік жүргізген саясат пен өнер иелерінің тұрғысында жаңа байланыс қалыптасты. Соғыс кезінде және соғыстан кейін көп жазылып дәріптелген отаншылдық, еңбекті, елді-жерді сүю, халықтар достығы туралы әлеуметтік тақырыпқа жаңа мазмұн қосылды. Айталық, махаббат тақырыбы, таза лирика үстемдік ала бастады. Жоғарыдағы ақындардың бәрі дерлік жаңа тақырыпты шабытты жырлаумен көзге түсті. М.Мақатаевтан өзгешелігі, олар заманмен бірге желпініп, шығараларында азаматтық саяси романтикаға жақын көңіл-күйге басымдық берді. М.Мақатаевтың Отан, партия, күн көсем туралы жазған өлеңдерінде де осы ерекшелік бар. Бірақ, ақынның нағыз біртуар келбетін басқа өлеңдері тұлғалады. Бұл өлеңдерде ақын өзін Абайдың талантты шәкірті екенін әйгілейді. Абай адам мен «артық адам» туралы жазды. М.Мақатаев өзінің ақындық тұрғысын Абай құрып берген осы өлшемнің аясына кіргізді. Ақын «артық адамдардан» «таяқ жеген» адам ретінде ортаға шыға бастады. Абайдың көкірегіндегі, тасада жатқан, анау «артық адамдарға» айна болған образды жеке тұлғаға айналды. Бұл М.Мақатаев поэзиясындағы лирикалық кейіпкердің тұрғысын өзгертіп жіберді. Өзге ақындар шығармашылықта рухани тұрғыда биікке ұмтылса, М.Мақатаев шыңырауға құлады. Басқалар өлеңге қайрат-күш, мұқалмас жігер, асқақтық қосса, М.Мақатаев адамның әлсіздігін, үнемі жолы болмайтынын, қорғансыздығын сіңірді. Өзге ақындар «жырласа», М.Мақатаев «жылады», өлеңдерінде бастан-аяқ элегиялық сарын есіп тұрды. 

М.Мақатаев таңдаған бұл тұрғы оған тұнық та таза, ешкім еліктей де алмайтын керемет лирика сыйлады. Ақынның көзінің жасына шыланып тұрғандай сезілетін осы өлеңдер қазақ поэзиясын шырқау шыңға көтерді. Бірақ, М.Мақатаевтың лирикасының өзіндік шектемелігі бар болатын. Ол тұрғысынан айрылса, қуаты әлсіреп қалатын лирика еді. Мұны біз ақынның тұрғысын өзгертіп жазған өзге өлеңдерінің солғын шығуынан байқай аламыз. Оның үстіне ақынның жоғарыдағы тұрғысы шағын көлемді, шекті аумақта ғана рөл ойнай алады. Аумақтан шығып кетсе, ол өз құдыретін көрсете алмай қалатын еді. Ал қуатты ақынның үнемі шеңбердің ішінде қалып қоймайтыны белгілі. Әлбетте, өз кезегінде М.Мақатаев та жаңа эпосқа бағыт алып, өз өнерін тыңға салып сынап көрген. Бірақ, табысқа жете алғанын байқаймыз. Айталық, ақынның «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек» поэмалары оқиғасы, сюжеті, композициясы, дүниетанымы, бастысы, ақынның тілге деген эстетикалық түсінігі тұрғысынан қазақ поэзиясының Абайға дейінгі кезеңімен үндескен шығармалар. Қайталанбайтын шабытты лириканың иесі М.Мақатаев «Моцарт. Жан азасы» реквиемінде ғана жаңа эпостық кеңістікке құлаш ұрған. Бұл шығарма сәтті басталған, бірақ, «Беташар» мен «Табыт үнін» аяқтағаннан кейін, ақын алғашқы әуенінен жаңылып, одан ары түлеуге мүмкіндік таппайды. Содан қайырылып өзіне жақсы таныс, жаттанды тақырып — соғыс пен оның қасіреті туралы ойды шиырлайды. Бұл өзгеріс шығарманы құрылымдық жақтан бөлшектеп тастаған. Соның салдарынан біртұтас өнер туындысы ретінде шығармада ой мен сезімнің қиюы қашып, үндестігі әлсіреген. Шығарманың алдыңғы екі парағы бір әуенмен, соңғы төрт парағы тағы бір әуенмен шығады. Алдыңғы парақтар М.Мақатаевқа тән керемет лириканың қас үлгісін қайталаса, соңғы парақтар дидактикаға жақын жөнсал өлең үлгісіне жақындайды. Меніңше, «Моцарт . Жан азасының» сәтсіз шығуына М.Мақатаев лирикасы тұрғысының өзгеруімен әлсірейтіні және ақынның сұрапыл ішкі кеңістікті қажет ететін жаңа эпостық шығарма жазуға рухани тұрғыдан дайын еместігі басты себеп болған. М.Мақатаевтың өлең туралы таным-түсінігі күрделі емес. Ақынның поэзия туралы түсінігін төмендегі өлеңінен анық аңғаруға болады.

«Поэзия, менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алабуртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.

Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да.
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,
Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда,
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.

Махаббаттан іздедім, сағыныштан,
Арманымнан іздедім алып ұшқан.
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,
Сені іздедім жадырау, жабығыстан.

Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,
Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен.
Қуаныштан, түршігу, күрсінуден,
Сені іздедім жүректің дүрсілінен.

Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттардан іздедім, сағаттан да.
Сені іздедім, іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?»

Бұл өлең жолдарында ақын өмірдің өзін өлеңге арқау етемін деп ашық айтады. Бірақ, М.Мақатаев өмірді өзіне тән тұрғысын таба отырып, қайталанбайтын лирика деңгейіне көтерді. Ақын ретінде поэзияның табиғатындағы лирикалық иірімді қалай табуға болатынын терең меңгерген өлең өнерінің қас шебері екенін көрсетті.

М.Мақатаев қазақ өлеңінің лирикасын шырқау биікке көтерген тұста, Ж.Нәжімеденовтің жаңа эпос жасауға нық қадам басқанын байқаймыз. М.Мақатаев сияқты Ж.Нәжімеденов те лирикаға ден қойды. Бірақ, оның лирикасы эпостық поэзияға жұмыс істеуге бейімделген лирика болатын. Алғашқы кітаптары, айталық, «Жоқ, ұмытуға болмайды» (1965ж.) жыр жинағымен ақын ауқымы кең шығарма жазуға деген ниетін танытады. Жоғарыдағы кітапқа ақынның бес поэмасы кіріпті. Алайда, бұл шығармалардан ақынның өзіне тән өлең өрнегін әлі де толық меңгеріп кетпеген, лирикалық образдан гөрі баяндауға көбірек тізгін берген балаңдығы байқалып тұрады. Тақырып тұрғысынан да ақын соған дейін көп жазылған соғыстың салдарын шығармасына желі еткен. Десе де, ақын бұл деңгейде көп тұрақтап қалмапты. Ж.Нәжімеденовті 1967 жылы жарық көрген «Күй кітабы» поэмасы қазақ поэзиясының төріне шығарды. Бұл шығарма туралы «Жаңа эпос» («Алматы ақшамы» газеті, 28 қараша. 2009ж.) атты мақаламда жаздым. «Күй кітабын» — қазақ поэзиясының Абайдан басталған жаңа кезеңінің ең шоқтықты туындысы деуге болады. Онда «Ескендір» поэмасындағы сияқты сюжет те, «Құлагердегі» оқиға да, «Аққулар ұйықтағандағы» «аққуды атқан қарғысқа қалады» дегенге саятын анық түсінік те көзге түспейді. Оның орнына дәстүрлі дүниетанымдағы уақыт пен кеңістіктің бірізділігін бұзған, көп арналы, қатпары қалың модернистік түйсік бар. Содан да бұл шығарманы өнер туындысы ретінде дәстүрлі таныммен түсіну, қала берді, өз деңгейінде қабылдау оңай емес. Оқырманға үлкен салмақ салады. Ақын шығармада қазақтың мәдениет тарихын (күйдің тарихын), музыкасын және өнер адамдарының рухы мен болмысын үлкен кеңістікте бір тұлғаға сіңіріп, саф өнер туындысына айналдырып жіберген. Бұл біздің ойымызға Дантенің «Құдыретті комедиясын» салады. Данте тозақтан жұмаққа дейінгі үш бөлектен тұратын мазмұнды шығармасының ішкі кеңістігі етіп алады. Осы арқылы ақын орта ғасырдың дін, философия, саясат, экономика, салт-дәстүр, таным аясына дейінгі тұтас әлемді толықтай қамтыған ұлы шығарма жазған. «Күй кітабында» да осы тақілетті үлкен рухани кеңістік бар. Шығарманың жұмбағы оның біртұтастығын сақтап тұрған құрылымында десек, ол құрылымды ақынның өлең эстетикасы ұстап тұр. Ж.Нәжімеденов шығармасының қайталанбайтын қасиеті мен жаны да осы түйінге шоғырланған. Ақында мынадай шумақтар бар: 

Гүл құсатып жазар ем сызылдырып, бұл несі,
Соғып өтсе боз қырау — үзілді гүл сүлдесі.
Емен құсап жазар ем, ағаш-ау ол еменің,
Ағаш болып кете ме деп қорқамын өлеңім.

Шың құсатып жазар ем асқақтатып, астырып,
Шошытады шыңдарың шыны-суық тастығы.
Көл құсатып жазар ем, пәк болғанмен көл көңіл,
Көңіл су ғой, су болып кетер деймін өлеңім.

Бәрі саған бітеді момын далам, бұл да заң,
Ызың-ызың жел-құзың досым сын-ды бір мазаң.
Гүл мен емен, көл мен шың — бәрі сенде топырақ,
Саған ұқсап, сондықтан, қоңыр-шұбар жыр жазам.

Таным тұрғысынан күңгірт, бірақ, эстетика жағынан мөлдіреп тұрған мұндай тұнық тіркестерді Ж.Нәжімеденовтен бұрынғы қазақ поэзиясынан кезіктіре алмайсың. Бұл Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінің бастапқы шумақтары сияқты ақынның поэзия туралы түсінігі сіңген өлең туралы өлеңі. Оны таза эстетика дейтін себебіміз, алғашқы екі шумақта ақын поэзиядағы қарама қарсылықтың бірлігіне қатысты түйсікті жазған. Мұндай түйсік өз кезегінде ақынның қаламынан «табыттай ауыр, шабыттай жеңіл» дегендей, тамаша тіркестердің төгілуіне түрткі болған. Ал тұтас өлең ойды сұрыптай, ұштай келе ақынның бүкіл шығармашылық өмірінің жинақы көрінісін сипаттайды. Ж.Нәжімеденовтің топырақ туралы көп жазғаны, өзін топырақтан нәр алған тамыр мен жапыраққа теңегені, «Менің топырағым» атты жыр жинағымен өзінің ақындық келбетін толық танытқанын біз жақсы білеміз.

Абайдан кейін келген жоғарыдағы толқын-толқын ақындар қазақ поэзиясын бір биіктен екінші биікке көтеріп, жаңамен толықтырып, кемелдендіріп отырды. Биікті бағындыру қашанда қиын. М.Мақатаевтардан кейін қазақ поэзиясында арнасына қайтқан көңіл-күйді байқалады. Ақындардың дені М.Мақатаев пен Ж.Нәжімеденов тұрғызған биікті бағындыра алмаған соң, дәстүрлі поэзияның сорабына қайта оралған. Дегенмен, өткеннің кез-келген жаңалығы кейінгілер үшін дәстүрдің бір бөлшегі ретінде қабылданатыны бар. 60-жылдардың поэзиясын жасаған ақындардың жырдағы жетістігі кейінгі буын үшін өнердегі өлшем, жазылмаған заң болды. Бұл тұрғыдан келгенде кейінгі толқында поэзия туралы талғам-түсінігімен дараланған талантты ақын Әмірхан Балқыбектің есімін ерекше атауға болады. Ақынның «Сынған сәуленің шағылысуы» (1999ж.) поэмасы шығармашылық ұстанымы тұрғысынан «Күй кітабын» жаңартуға талпынған ғажап туынды. Ж.Нәжімеденов сияқты Ә.Балқыбек те ой мен сезім біте қабысқан үш арналы рухани әлем жасағысы келеді. Ұқсамайтын жері ақын мәдениеттің символы етіп жылқыны, ұлттық рух етіп ақын М.Жұмабаевтың тағдырын және Тәуелсіздік туралы ұғымды береді. Бұл түйін ақынның «Күй кітабының» танымын толық қабылдаған, Ж.Нәжімеденовтің талантты шәкірті болуға дайын екенін аңғартады. Бұл поэмада жетіспейтін бір-ақ тұс бар. Ол «Күй кітабындағы» мынадай тіркестер:

Дала жатыр.
Жиылмапты-ау етегі,
Кеңдік жатыр өзіне-өзі күш бермей.
Қыр бастары қараң-қараң етеді —
Ақиқаттың көлеңкесі секілді. 

Жоғарыдағыдай шабытты, ішкі иірімге ерік берген шумақтарды «Сынған сәуленің шағылысуы» поэмасынан кездестіре алмаймыз. Бұл осы кезеңде Ә.Балқыбектің анық қорытындыға келгенімен, поэзияда тіл мен ара қатынасын модернистік деңгейге әлі толық көтере алмаған шағы екенін аңғартады. Мұндай кідірісті сәт кезінде «Күй кітабына» барар жолда Ж.Нәжімеденовте де байқалған болатын. Ә.Балқыбек поэзиясынан үлкен үміт күтетініміз де осы себептен еді. Өкініштісі, қазақ поэзиясының кеңістігін жаңартуға толық мүмкіндігі бар ақынның өмірден ерте өтуімен, бұл күйдің соңы түспей қалды. 

Жоғарыдағы екі ақынның шығармашылық ізденісінде, әсіресе, кезеңдік өкілдік шығармасын жазғанан кейін жүрісінен жаңылған ортақ ерекшелік бар. Ж.Нәжімеденов «Күй кітабынан» кейін жеткен жерден ары жол іздегенің орнына он жылдай прозаға кетіп барып, өлеңге содан қайта айналып келгені бар. Ә.Балқыбек те «Сынған сәуленің шағылысуынан» кейін шыққан биігін тастап, өлеңде дәстүрлік сарындағы лирикаға бет бұрады. Бірақ, екі ақын да өлең өнерінде әуелгідей шабытты сәттін таба алмаған. Бұл сырдың арыдағы мәні терең зерттеуді қажет етеді.

А. Оралқызы