Біржан мен Сара айтысына – 145 жыл

Біржан мен Сара айтысына –  145 жыл
Фото: vk.com

Айтыс 1871 жылы қазан айында қазіргі Алматы облысы Қапал-Ақсу өңірінде Ешкіөлмес тауының баурайында Тоғызқұмалақ мекенінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді. 1898 жылы айтысты ең алғаш “Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады. Кейін Зайсан жерінен екінші нұсқасы табылып, “Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны” деген атпен жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы – 969 жол, 2-нұсқасы – 1080 жол. Әріп тәңірбергенов жазған тағы бір нұсқасы 1907 жылы жарық көрді. Сөйтіп, ел ішіне жазбаша да, ауызекі де таралып келді.

Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті, шындықты өзекті де әлеуметтік тақырып етіп көтереді. Екі ақын өздері тұрған екі өңірдің жақсы-жайсаңдарын кезекпе-кезек сараптай отырып, олардың сан алуан адамгершілік қасиеттері мен келеңсіз іс-әрекеттерін жайып салып, оларға халық талабына сай келетіндей баға беріп отырады. Сонау Сарыарқадан Сараны жеңемін деп Жетісуға келген Біржан сал ә дегеннен амандасу рәсімінің өзін бойында дос тұрмақ дұшпан кемітер бір міні жоқ сұлудың, шебер ақын, шешен қыздың бетін қайырып, жігерін жасытып алуға пайдаланбақ болады. Қос жүйрік бұдан әрі жалпы ақындық өнер, адам бойындағы сан алуан қасиеттер, ел дәстүрі, байлық, салтанат, ел басшыларының іс-әрекеттері секілді мәселелерді сөздеріне арқау етеді. Айтыс алғашында рулық бағыт алса да, кейін дәстүрлі арнадан ауытқып, жүйелі өнер сайысына, көркем де кестелі сөз жарысына айналады, қазақ қоғамындағы әлеуметтік қарым-қатынастың адам өміріне әсері, тұрмыстың мән-мазмұны философиялық ой-толғамдармен қосыла өріліп, өз нақышын тауып жатады. Айтыста халқымыздың әдептілік пен әсемдік туралы пікірлері, эстетикалық талғам-талаптары кең көрініс тапқан.

Осының бәрі Біржан мен Сара айтысының ХІХ ғасырдағы қазақ халқының болмыс-тіршілігін жан-жақты суреттейтін көркем туынды екенін айқын аңғартады. Біржан мен Сара айтысы атақты екі ақынның арасындағы сөз айтысы ғана болмай, айтыс өнеріндегі көркемдік қуаты, тіл бейнелілігі жағынан ерекше эстетикалық талғам биігінен көрінген айтыстың үздік үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады. Айтыс негізіндегі Қажым Жұмалиевтің либреттосы бойынша 1946 жылы М. Төлебаев “Біржан — Сара” операсын жазды.

А. Оралқызы