Қазақстан және Ресей жазушыларының кезекті кездесуі

Қазақстан және Ресей жазушыларының кезекті кездесуі

Бұл кездесуде «Қазақстан-Ресей» әдеби альманахының тұсаукесері өтті. Игі шара Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің, Қазақстан жазушылар Одағының, «Литературная газета» және «Роман-Газета» басылымдарының бастамасынмен ұйымдастырылды.

Екінші альманахтың жарыққа шығуы туралы өткен жылы қазан айында өткен Ресей-Қазақстан жазушыларының басқосуында айтылған болатын. Альманахтың екінші нөмірі екі елдің жас әдебиетшілерінің туындыларына арналған.

Таныстырылым басында ҚР-ның РФ-дағы елшісі Марат Тәжин жинақтың Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында жарыққа шыққанын және жас әдебиетшілердің шығармашылығына арналғанын тілге тиек етті. «Екі ғасырдың тоғысында туған шығармашылық шабыттың арқасында жинаққа елуден астам ақын-жазушының туындылары еніп отыр. Бұл жоба өткенге есеп беру үшін қолға алынған жоқ, мәдениет алаңында мұндай дүниелерге өткеннің үлгісі деп қарауға болмайды, әдебиет – жаңа дүниелердің тоғысуы, жаңа кейіпкерлердің, жаңа образдың, жаңа сөздер мен сюжеттердің тоғысуы – жаңа альманах беттерінде», –деді елші.

Жаңа альманахқа  Есей Жеңісұлы, Дарxан Бейсенбекұлы, Нұрлан Қабдай, Әлия Дәулетбаева, Мақпал Мыса, Алмас Нүсіп, Қанат Омар, Есболат Айдабосын, Клара Исабаева, Наталья Карпова, Анастасия Сотникова, Гала Узрютова, Александр Филатов, Александр Антипов, Анастасия Чернова секілді бір топ ақын-жазушылардың туындылары енген.

Жиын соңында қазақ тілінде жазылған көркем шығармалар орыс тіліне аударылып, ал орыс тілінде жазылған туындылар ана тілімізге аударылып басылатын болды. Бұл ойды жаз ақын-жазушылар ортаға тастады.  Демек, келер жылы жарыққа шығатын альманах жаңа буынға және олардың қазақ-орыс тіліне аударылған көркем аудармаға арналмақшы.

Г. Берік