«Алтын тұғыр» әдеби жүлдесі үшін байқау жарияланды

«Алтын тұғыр» әдеби жүлдесі үшін байқау жарияланды
Фото: look.com.ua

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ауыл» партиясы мен «Қазконтент» АҚ-ның «Әдебиет порталы» жас ақын-жазушылар арасында «Ауылым - алтын тұғырым» атты әдеби онлайн-байқау ұйымдастырып отыр.

Байқаудың басты мақсаты - жас талапкерлер арасында ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерді суреттеу, ауыл құндылықтарын насихаттау, жас қаламгерлер, ақындар мен жазушыларды қолдау және олардың шығармашылығын дамыту.

Байқауға 14 пен 45 жас аралығындағы кез келген қаламгер өз шығармасын ұсына алады. Үміткерлердің шығармалары мен жеке мәліметтері «Әдебиет порталында» көрсетіледі және олар «Шығарманы енгізу» батырмасы арқылы орналастырылады. Әрбір қатысушының жеке парақшасында жарияланған шығармаларға порталға тіркелген қолданушылар жұлдызшалар арқылы дауыс бере алады. Конкурс соңында әр номинация бойынша комиссия мүшелері қатысушыларды жеке-жеке бағалайды.

Байқауға қатысу үшін шығармалар онлайн түрінде «Әдебиет порталында» 2016 жылғы 1 желтоқсанға дейін орналастырылуы тиіс. Көркемдік деңгейі төмен шығармалар қабылданбайды. Ұсынылған шығармалар бұған дейін еш жерде жарияланбаған болуы шарт. Үміткер ұсынатын еңбегін порталда онлайн арқылы жариялай алады, сонымен қатар «Әдебиет порталының» электронды поштасы: adebiportal@gmail.com-ға  тікелей жолдай алады.

Айта кетейік, байқауға шығармалар үш аталым бойынша: проза, поэзия, драматургия жанрлары бойынша қабылданады. «АУЫЛ тақырыбына арналған үздік проза» (эссе, әңгіме, повесть) аталымы бойынша 1-орынға 500 мың теңге, 2-орынға 300 мың теңге, 3-орынға 200 мың теңге беріледі. Қалған екі аталым, яғни «АУЫЛ тақырыбына арналған үздік поэзия» (өлең, баллада, поэма) мен «АУЫЛ тақырыбына арналған үздік драматургия» аталымдары бойынша да дәл осындай жүлде қоры бекітілген. Сондай-ақ, үш номинация бойынша бірінші орын алған жеңімпаздардың арасындағы үздік қаламгерге «АЛТЫН ТҰҒЫР» әдеби жүлдесі табыс етілетін болады.

Байқауға қатысушылардың шығармаларын проза бойынша Рахымжан Отарбаев, Мархабат Байғұт және Ербол Бейілхан, поэзияда Талғат Ешенұлы, Ерқожа Әлқожаұлы, Бауыржан Қарағызұлы және драматургия бойынша Жабал Ерғалиев, Жолтай Әлмаш, Роза Мұқанова сынды қазақ әдебиетінің беделді өкілдері сын тезінен өткізеді.

Конкурс қорытындысы 2016 жылы 3 желтоқсанда шығарылады. Жеңімпаздарды марапаттау 2016 жылы 7 желтоқсанда өтеді.

Дереккөз: inform.kz

Е. Жұмабайұлы