Ерке Есмахан
Совместный проект

Бұйра шашы соңғы партадан көрініп отыратын“.

Ерке Есмаханның мұғалімі әнші туралы айтты
Бұл танымал өнер иелерінің мектеп табалдырығында білім берген ұстаздары жұлдызды шәкірттерінің мектептегі құпиясын ашатын Мұғалімдер мерекесіне арналған арнайы жоба. Жоба арқылы жұлдыздардың бала кезінде қай пәнді жақсы көргенін және олардың тұлға болып қалыптасуына не әсер еткенін біле аласыз!
Бізді мектептің кіреберісінде жүзі жылы, күлімсіреген бұйра шашты әйел қарсы алды. Бұл Ләззат Қайырханқызы Нұрмахан немесе жай ғана "Апай" - оны "балалар" - оқушылар осылай атайды.
Ұстаз өз әңгімесін "Бірінші сыныпта мұғалімдер "Кім болғың келеді?" деп сұрағанда, мен бірден мұғалім боламын деп ойлайтынмын", – деп бастады.
"Қатардағы мұғалім болғым келмейді"
Оның арманы орындалды. Ләззат Қайырханқызы 39 жылдан бері балаларға білім беріп келеді және бұған дейін 200-ден астам оқушыны тәрбиелеп шығарды. Ол бұл мамандықты кездейсоқ таңдаған жоқ. Ләззат Қайырханқызы отбасылық дәстүрді жалғастырып отыр, яғни оның әкесі, жақындары да мұғалім болған. Ол 1992 жылы институтты тәмамдап, еңбек жолын Ыбырай Алтынсарин ашқан алғашқы мектептердің бірі – Ырғыз ауданындағы мектепте бастаған.
"Мен мұғалім ретінде мүлде шаршамайтын адаммын, шаршағым келмейді, кейде маған жұмыс бере берсе екен, жасай берсем екен деп ойлаймын. Бір ойдан екінші ой туындап, соларды іске асырып, үнемі ізденісте жүремін. Мен қатардағы мұғалім болғым келмейді, көп жерде алға қарай жүгіріп отырамын. Мен тіпті үйіме де осылай қарамайды екенмін. Мектепте жүре берсем, ауырмаймын да, балалардың арасында жүргенді жақсы көремін. Жұмысымды жақсы көретін себебім де осы. Бұл қызмет маған шабыт береді, мені алға жетелейді", - деді ол.
Ұстаздың айтуынша, энергиясы таусылмайтын, әсерлі етіп күлетін қаншама ұл мен қыз айналаңда жүгіріп жүргенде шаршау мүмкін емес. Ол өзін бақытты адамдар қатарына жатқызады, өйткені ол балалардан мотивация мен күш алады.
"Балалармен жұмыс істеу әрдайым шытырман оқиғаға толы. Олармен өткізген бір күн қызықты жағдайсыз өтпейді, әрбірінің мінезі, ойлау қабілеті бөлек. Олардың арасында жүргенде, күліп, таңғалып, кейде жәй ғана тамсанып отырамын. Бастауыш сыныптағы балалар ерекше. Олардың тапқырлығы, кейде айтқан сөздері мен жасаған әрекеттері есте ұзақ қалады.Бір ерекше оқиға есімде қалыпты. Бірде 1 сынып оқитын оқушым "Апай, сіздің бір сөзіңіз бар еді ғой, "мектептегіні үйге, үйдегіні мектепке айтып баруға болмайды" деген" деді. Кішкентай бүлдіршін дәл осы сөзді айтқанда аузымды ашып, тұрып қалдым", - деді ол.
"Анашым, бізге де көңіл бөлші..."
Ләззат Қайырханқызы үшін оның шәкіртінің әрбір жетістігі – үлкен мақтаныш. Ол барлық күшін шәкірттеріне салады, бұған тіпті кейде туған балалары ренжитін көрінеді. Айта кетейік, Ләззат Қайырханқызының бес баласы бар!
"Кейде менің қыздарым: "Анашым, бізге де көңіл бөлші, сен мектептегі оқушылармен көп уақыт өткізесің", - деп ренжиді. Жауап ретінде мен оларға: "Бұдан не жаманшылық көрдің?", - деймін.
Ұстаз негізі балаға көп көңіл бөлмеген дұрыс деп санайды. Оның айтуынша, "болады, болмайды" деп тоқтатып отырған жөн, бірақ бала емін-еркін өскені абзал. Мысалы ол ұлының қандай мамандық таңдап, қай оқу орнына түскісі келетінін де білмеген. Ал мектептегі балаларының таңдайтын саласын жатқа біледі. Ұстаз бүгінде қоғамда белең алған үрдісті қолдамайтынын жеткізді, яғни баланы аса қатты өбектеу дұрыс емес.
Ерке Есмахан бала кезінде қандай болған?
Мектепте жұмыс істеген жылдары мұғалім көптеген талантты және табысты оқушыны тәрбиелеп шығарған. Олардың әрқайсысы өз жолында ерекше жетістіктерге жетіпті, ал бұл ұстазды одан әрі ынталандырады. Мысалы, оның шәкірттерінің бірі белгілі қазақстандық әнші Ерке Есмахан. Ләззат Қайырханқызы Ерке Есмаханның алғашқы ұстазы ғана емес, сонымен қатар туған жеңгесі. Ол шаңыраққа келін болып түскенде, болашақ әнші 5 жаста болған.
"Бала кезінде анасының орамалдарын алып, көйлек қылып оранып, көшедегі балаларға концерт қоятын еді. Оның бойындағы дарыны жастайынан білінгенімен, сабақты аса қатты жақсы оқыды деп айтуға келмейді, толық 4-ке оқыды. Білімге деген аса көңілқошы болмады. Ол ақылды-тентек болды. Негізі қазақтың батыр қыздарының бәрі батыстан шыққан. Біздің бойымызда да олардың батырлығы бар".
Ерке көбінесе ауызша өтетін пәндерге жақын болған, мәселен ана тілін қатты жақсы көріпті. Өйткені әншінің құлағы бала кезінен ертегі тыңдауға үйренген. Еркенің әкесі мұғалім, сондықтан болар Еркені, немерелерін ертегімен өсіріпті.
"Ерке жаттау тез жаттап, әсем сөйлейтін. Үйімізде ертегі кітап көп. Атамыз оны оқиды, балаға түсіндіреді. Оған қоса әкесі Еркеге газет көп оқытатын. Біздің отбасыдағы барлық бала домбырамен өсті. Мен де домбыра тартамын. Солай үйде жарық өшіп қалғанда атам бір бөлмеде, Ерке екеуміз екінші бөлмеде отырып, шығармаларды екі дауыста орындайтынбыз. Үйде домбырамен өлең айтып, жарысатынбыз".
Ерке Есмахан бала кезінде
Сурет/instagram.com/erke_esmahan/
Ерке Есмахан жәнеНұрмахан Ләззат
Ерке Есмахан
Сурет/instagram.com/erke_esmahan/
Сонымен қатар, Ләззат Қайырханқызы әншінің құпиясын бөлісті, оның сөзінше, Ерке бала кезінен ұйықтағанды жақсы көреді.
"Егер оның ұйқысы қанбаса, мектепте үндемей отыратын", - деп есіне алды мұғалім күлімсіреп.
Ал әншінің жақсы көрмейтін пәні - дене шынықтыру болыпты. Ол дене шынықтару сабағы кезінде жиі әдемі киім киіп, шеттен бақылап тұратын болған. Көбінесе "Бүгін дене шынықтыруға бармай-ақ қояйыншы", - деп сұраныпты.

Ұстаз екі бірдей қызметті қатар алып жүру қиын екенін мойындады.
"Оқушыға мұғалім болумен қатар, жеңге болған өте қиын екен. Мектепте мұғалім ретінде бар айтқаныңды тыңдайды ғой, ал үйде басқаша. Оның өзін, баласын оқытқаныммен, Еркені өзіме келтіре алмайтынмын. Жұмысы шығып қалады. Ал ұстазы ретінде "Ерке, бір шара бар, келші" десем, ол келер еді", - деді ол.
Ерке бала кезінде әдемілігімен ерекшеленіп, дараланып тұрған. Әншінің жеңгесінің айтуынша, оның бала кезіндегі шашы қазіргідей емес, бұйра болған. Шашына тіпті тарақ өтпеген көрінеді. Сыныпта шашы бұйра, ұзын болып соңғы қатардағы партада отырыпты.
Ерке Есмахан 90-шы жылдары танымал "Әнші балапан", "Айналайын" секілді байқауларға қатысып, орын алған. Ал 9 сынып оқушысы кезінде "Жас Қанат" байқауында бірінші орын алып, теледидар жеңіп алған.

Әнші алғашында өзі тұрған ауылда музыкалық мектепке домбыра үйірмесіне барған, кейінірек Ақтөбе қаласына көшкеннен кейін, ата-анасы музыкалық мектепте түсіріпті. Содан кейін 9 сыныпты аяқтап, өзі музыка колледжіне оқуға түседі. Оқу орнында Марат Әйтімовтің тәрбиесінде болған. Ләззат Қайырханқызының сөзінше, ол кісі Ерке Есмаханға бәрін үйретіп, білікті маман қылып шығарған.

"Баламен бала тілінде сөйлесу керек"
Өнер иесінің алғашқы ұстазы әрі жеңгесі оның ұлы Мүсілімге де білім берген. Ерке Есмаханның "ұлымды мемлекеттік мектепке беремін" деген қағидасы болған көрінеді. Баланың жекеменшік мектепте оқуына ұстаз да қарсы. Өйткені "жекеменшік мектепте не болып жатқанын білмейсің, ал мемлекеттік мектеп баланы өлтірмейді" дейді ол. Сонымен Мүсілім 4 жыл бойы Ләззат Қайырханқызының тәрбиесінде болған.
Ерке Есмахан ұлымен. Суретте Ләззат Қайырханқызы мен мектеп қызметкері бар. Сурет: Ләззат Нұрмахан
"Ерке "Мені өлтірген жоқсыз, адам қылып шығардыңыз ғой, сол секілді ұлымды да адам қылып шығарсаңыз, сізге алғысым шексіз" деп айтты", - дейді ұстаз.
Ұстаздың әншінің ұлына да білім беруінің себебі - олардың туыстық байланысында емес. Жай ғана Ләззат Қайырханқызы, шынында да, өте керемет ұстаз. Мұны оның жұмыс істеу әдісіне қарап-ақ байқауға болады. Мысалы, ұстаз балалардың көңіл-күйін көтеру үшін арнайы музыка мен түрлі әдістерді қолданады. Әдістерінің бірі - ол 1 минут 40 секунд ішінде балаларды сыныпқа билеп, музыкамен кіргізеді. Яғни, оқушы сыныпқа кірер кезде оған белгілі бір іс-қимыл көрсетеді, ол оны қайталап, баланы құшақтайды. Мұндағы мақсат - баланың көңіл-күйін көтеру. Өйткені Ләззат Қайырханқызы бала еңбектенуге келе жатыр деп есептейді. Мәселен, үйде бір тірлік істеу үшін, қарапайым тамақ дайындау үшін көңіл-күй керек. Оның сөзінше, асты көтеріңкі көңіл-күймен, бар махаббатыңды салып әзірлейтін болсақ, өте дәмді болып шығады. Бала да сол секілді, оны күліп қарсы алу керек, күліп шығарып салу керек. Осының арқасында, бала жақсы көңіл-күйде отырады, солай үйіне қайтады. Ата-анасының алдына күлімсіреп барады.

2018 жылы осы әдісті видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялаған, ол көп қаралым жинады. Мұғалім видеоның желіде жылдам тарауы оның жұлдыз-мұғалім атануына бірден-бір септігін тигізді деп санайды.
"Қазіргі кезде балалардың қызығушылығын ояту үшін түрлі әдістер мен ойындар қолданамын. Мысалы, асық ойындарын пайдаланып, балалардың ой-өрісін дамытамын. Асықтың түсін, пішінін өзгертіп, ойын арқылы балаларды біліммен таныстырамын. Әр баланың өзіндік ерекшелігін түсініп, оның жеке қабілеттерін дамытуға тырысамын. Ойын арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға көмектесемін. Олар түрлі ойындарды ойнап, өздеріне қажетті білім мен дағдыларды меңгереді. Баламен бала тілінде сөйлесу керек, - деді ол.

Сізде өз ұстазыңызды бүкіл қала көретіндей

етіп құттықтауға тамаша мүмкіндік бар.

Телеграм-бот арқылы сүйікті ұстазыңызға

ризашылығыңызды білдірсеңіз,

хабарламаңыз Алматы мен Астанадағы

медиабордта пайда болады.


Ұстаздарды Ferrero Rocher және

Rafaello-мен бірге қадірлеңіз!

Материал Ferrero Rocher және Raffaello-мен бірге "Ұстаздарды қадірлеңіз" арнайы жобасы аясында дайындалды


Текст: Балнұр Жумаділлә
Сурет: Болат Айтмолда, жеке архив Ләззат Нұрмахан
Учителя звезд:
Скоро...

Скоро...

Проект выполнен при поддержке ТОО «Ферреро Казахстан»
© TengriNews 2024