Құлып пен кілттің тарихы

Құлып пен кілттің тарихы

Біз жұмысқа келгенде де, үйге кірерде де қалтамыздан кілтті шығарып, есікті ашамыз... Бірақ кілт пен құлыпқа тек өз "міндетін" орындайтын кезде ғана көз саламыз. Ал оның тарихына ой жүгірткен ешбіріміз жоқ. Білгіңіз келе ме? 

Құлыптар адамдар зәулім сарайлар мен қорғандар сала бастағаннан-ақ іске жарай бастады. Байлар өз мүлкін көлденең көздіден сақтап, тығу үшін арнайы орында құлыптап сақтады. Алғашында құлып орнына есіктерді тірегіштер де қызмет еткен болу керек. 

Ең алғашқы құлыптың құрылымының тарихы нақты сақталмаған. Тіпті оны жасаушы адамның да есімі белгілі емес. Бірақ біздің заманымызға дейін құлыптардың үш түрі сақталды: жапсырмалы, аспалы және ойып орнатылатын құлыптар.

Солардың ішіндегі жапсырмалы құлыптың тарихы тым ертеде жатыр. Оның отаны - Ежелгі Мысыр. Мысырдан жапсырмалы құлып Грекияға және Римге қарай жетті. Мұндай құлыпты біз де қолданып жүрміз. Бұрынғы жапсырмалы құлыптардың кілттері өте ауыр болған. Оны ежелгі Мысыр тұрғындары иықтарына іліп алып жүрген көрінеді. 

Алғашқы кілттер қазіргідей металдардан жасалмаған. Ағаштан жасалған кілттер аса сенімді емес, әрине. 

Рим шеберлері кейіннен қобдишаларға арналған кішкентай құлыптар жасай бастады. Оның кілттерін сақина секілді саусаққа тағып жүруге де болатын. Көлемін күн санап кішірейткен құлып пен кілт те бірте-бірте болаттан жасала бастады. Адамдар сенімді заттарының қауіпсіз жерде тұрғанын қалап, құлыптарды да барынша берік етіп орнатуға тырысып жатты. Осыған орай кілттердің де пішіні өзгерді.

 

Орта ғасырда құлыптардың құрылымы одан да күрделене түсті. Оны металдардан жасай бастады.

Есікке орнатылатын құлыптарға ою салу сәнге айналды. Көбіне оюлардың астына сән үшін мата немесе жарғақ орнатты. Құлыптардың бетіне бұтақтардың, гүлдердің, жабайы жануарлардың суреттерін салды. 

Қайта өрлеу дәуірінде де құлыптардың құрылымы қарапайымдылықтан алыс болды. Енді адамдар құлыпты кілтсіз-ақ ашып-жаба бастады. Өзінің арнайы бұрағыштары арқылы ішінен құлыптап алатын болды. 

Осындай әдіс көптеген есіктерге қолданылды. Көп үйлердің мұндай есік құлыптары сенімге кіре бастады. Қазір де кілтсіз-ақ құлыптап, ашылатын есіктер ол кезде ауыз толтырып айтарлық жаңалық болатын. Алғаш кілтсіз құлыптанатын құлыптар жасалғанда, оған түрлі геометриялық фигуралардың, теңіз хайуандарының, гүлдер мен жапырақтардың бейнесі салына бастап еді. Құлыпқа таңба енгізу де жоқ емес-тін. 

Аспалы құлыптарды Қытай халқы ойлап тапты. Содан кейінгі ғасырларда мұндай құлыптар Үндістан мен Парсы еліне және Римге жетті. 

Бүгінгі дамыған заманда зат сақтау аса қиынға соқпайды. Бірақ оны ашу да қалысар емес. Түрлі сенімді құлыптар жасалса да, ұрлықшылардан айла асар емес. 

Құлпыңыз берік болсын, оқырман!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: yarregion.ru, sobirau.ru, fotokonkurs.ru

А. Әбілхан