"Тірі тастар"

"Тірі тастар"

1811 жылы атақты ағылшын ботанигі Бурчелл Үлкен Карро шөлді аймақтарына саяхат жасап жүріп, демін басу үшін малтастардың жанына отыра кетеді. Ол біраз ентігін басқаннан кейін айналасында жатқан тастардың арасына анықтап қараса, тура малта тастарға ұқсайтын өсімдік жатыр екен. Қатты таңырқаған ботаник оны елге әкеліп, зерттеу жұмыстарын жасайды. Бүгінде өсімдік - литопс деп аталып жүр. 


Халық литопсты "тірі тастар" деп бекер атамайды. "Литопс" сөзін грек тілінен аударғанда "тас" және "сыртқы келбет" немесе "lithos"- тас, "opsis" - көріну деген мағынаны білдіреді.

Бүгінде олардың 37-ге жуық түрі белгілі. Қарапайым тастарға ұқсайтын өсімдіктер өзінің сұлу келбетімен ерекшеленеді.

Құмдақты, тастақты жерлерді сүйетін бұл гүлдер Оңтүстік Африкада, Намибияда, ОАР, Ботсвана жерлерінде көптеп кездеседі. Ал негізгі отаны - Оңтүстік Африка саналады. Биіктігі - 5 сантиметрге жетеді. Ақ, сары түсті келетін гүлдерінің диаметрі - 2,5-3 сантимерге жуық. Литопс көбіне тамыз - қараша айларының аралығында гүлдейді. Гүл күн тас төбеге келгенде ашылып, кеш батқанда жабылып қалады.

Әдетте кварцты, гранитті, әктасты тау жыныстарында кездесетін гүлдерді үй өсімдігі ретінде өсіруге де болады.



Суреттер:wewonder.ru,plantus.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева