Қыстың романтикасы - коньки

Қыстың романтикасы - коньки

Коньки туралы сөз қозғала бастағанда көз алдыңызға нені елестетесіз? Мәнерлеп сырғанаушылардың кербездіктері мен әсемдіктері, мөлдір мұз бетін қырнап өткен іздер, мұз үстінде қол ұстасып, құшақтасқан ғашықтар, романтикалық фильмдердегідей тынық қысқы кеш немесе достарыңызбен болатын мұз айдынындағы көңілді басқосулар... Солай емес пе? Ал сіз осындай керемет сәттерді тарту етіп жүрген коньки туралы не білесіз? Оны кім жасап шығарды? Қайда, қашан, қалай пайда болды? Атауы қандай мағынаны білдіреді? Осы сынды сауалдардың жауабын білесіз бе? Жоқ? Ендеше бүгінгі мақала дәл осы сұрақтардың төңірегінде болмақшы.

Конькилер тарихы сонау ерте замандардан бастау алады, олар туралы археологиялық қазба жұмыстары мен әдеби шығармалар хабар береді. Коньки қалдықтары Нидерланды, Дания, Бавария, Богемия, Швейцария, Англия, Норвегия, Швеция, Ресей жерлерінен табылған екен. Ерте замандарда ағаштардан ойып немесе аңдардың сүйектерінен қашалып жасалған конькилер мұз басып жатқан жерлермен жүруге өте ыңғайлы еді. Коньки киіп жүріп аңдарды да аулайтын болған.

Қазақстандағы Бурабай өзендерінен табылған конькилер аттың жіліншік сүйегінен жасалғандығы анықталды. Британ мұражайына осыдан 2 мың жыл бұрын пайдаланылған конькилер қойылған.

Жалпы, конькидің отаны - Голландия. Өйткені, ХІV ғасырларда Голландия жерінде пайда болған конькилер бүгінгі біз пайдаланып жүрген заманауи конькилерге өте ұқсас келеді. Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанау спорты да дәл осы Голландия жерінен таралған екен. Голландықтардан кейін коньки спортын дамытқан ағылшындықтар болып табылады. Коньки тебушілердің ең алғашқы клубы 1742 жылы Эдинбургта ашылған болатын. Ал конькимен сырғанаудың алғашқы чемпионаты 1882 жылы Вена қаласында өткізілді.

Конькидің бүге-шүгесіне дейін ойлап тауып, конькимен сырғанаудың ережелерін жасаған азаматтардың арасында Роберт Джоунстың есімін ерекше атауымыз керек. Роберт Джоунс "Конькимен сырғанау туралы трактат" еңбегін жасап шығарған. 

Сайысқа арналған конькилер (спортқа) Норвегияда пайда болды. Бұл бағыттың негізін қалаушы - Хаген атты норвег азаматы. Ерекшелігі: сайыс конькилері жүзінің ұзындықтары аздап үлкейтілген. Айтпақшы, осы сайыс конькилерін әлі күнге дейін "норвегиялықтар" деп атайды.

Тағы бір айтатынымыз, коньки сөзінің мағынасы туралы: "коньки" сөзі халықаралық спортқа орыстың "коньки" сөзінен келген. Өйткені, ең алғашқы конькилердің бас жағына аттың басының суреті салынатын болған екен. Кейбір ғалымдарымыз бұл атауға конькилердің аттың сүйегінен жасалғандығы да әсер еткен деседі.

Мінеки, біздің сүйікті қысқы ермектеріміздің қатарына енген конькилердің қысқаша тарихы жоғарыдағыдай болды. Айтпақшы, коньки тебуге соңғы рет қашан бардыңыз?

Суреттер:21region.org,babyblog.ru,princetennis.ru,rs-sport.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева