Адамға аса қауіпті 5 өрмекші

Адамға аса қауіпті 5 өрмекші
Фото: natworld.info

Арахнофобия (гр. ἀράχνη — өрмекші, гр. φόβος — қорқыныш) — өрмекшілерден қорқу, фобияның кең таралған түрі. Арахнофобияға шалдыққан адамды "арахнофоб" деп атайды. Кейбір архнофобтарды өрмекшінің өзі емес, суреті әлдеқайда қорқытады.

Әлем халқының 5% арахнофобиядан зардап шегеді. Зерттеулер көрсеткендей, адамдар бұл кішкентай сегіз аяқты тіршілік иелерінен нәресте кезінен қорқа бастайды, сондықтан ғалымдар адамдардағы өрмекшілерден қорқу эволюция нәтижесінде пайда болды деп болжайды.

Өрмекшілердің chelicerae деп аталатын арнайы ауыз қосалқылары болады. Осы қосалқыларымен жәндіктер олжасын шағып, денесіне у енгізеді, содан кейін ол өлген кезде денесіндегі қажетті қоректік заттарды сорып алады.

2021 жылы өрмекшілердің 40 000-ға жуық түрі анықталды. Бұл тіршілік иелерінің көпшілігі адамға зиянсыз.

Тіпті кейбір өрмекшілер шаққан күнде де адамға зиян келтіретіндей у дарытпайды, өйткені олардың уы кішкентай жәндіктерге арналған.

Дегенмен, табиғатта адамдарға үлкен қауіп төндіретін өрмекшілер бар, олардың улануы өлімге әкелетін аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін. Ендеше ең қауіпті өрмекшілермен танысайық.

5. Түйе өрмекші, салифуга отряды (Solifugae)

Қай жерде мекендейді: құрғақ және шөлейт аймақтарда, Ресейдің кейбір аймақтарында, Қазақстанда, Африка елдерінде және Батыс Еуропада.

Өлшемі: орташа өлшемі 5-7 см, дегенмен түйе өрмекші түрлерінің бірі, алып мысырлық Solifugae отрядының ұзындығы 15 см-ге жетуі мүмкін.

©: flickr/Nicky Bay

Түйе өрмекші – өрмекшітәрізділер класы, өрмекшіге жатпайды деп саналады. Оларды Solifugae тобына жатқызады. Африканың кейбір бөліктерінде салифугалар өздерінің күшті хелицерлерінің көмегімен адамдардың шашын қырқып, жер астындағы ұяларын олармен қатарласа алады деген пікір бар. Бірақ бұл дұрыс емес.

Салифугалар улы емес, бірақ олар тістегенде адам дденесін қызартып, ол жер бірнеше күн ауырып жүреді. Олардың улы болмаса да, адам өміріне қауіп төндіреді. Салифугалар термиттермен, өрмекшілермен, кесірткелермен қоректенеді. Оның тісінен ағзаға жара түсіп, тісіндегі микроб қанға өтіп салдары ауыр болуы мүмкін.

4. Алты көзді құм өрмекші (Sicarius hahni)

Қай жерде мекендейді: Африка, Аустралия, Америка, Қытай;

Өлшемі: 5 см-ге дейін жетеді.

© wikipedia

Sicariidae (лат.) – Scytodoidea супертұқымдастарының аранеоморфты өрмекшілер тұқымдасы. Негізінен Жаңа әлемде және Африкада таралған 125-ке жуық түрі бар. Кейбір түрі адамдар үшін қауіпті және шаққанда некроз (еттің өлуі) тудырады. Ең танымал түрі – Loxosceles reclusa.

Бұл өрмекшілер түрі өте қу. Олжасын аңдығанда үстіне құм түйіршігін жапыстырып, көрінбей жатады. Оны адамдар да байқамай қалуы мүмкін. Олжасы жақындағанда тұтқиылдан шабуылдайды.

Алты көзді құм өрмекшілерінің адамдарға шабуыл жасауының бірнеше жағдайы тіркелген, оның көбі өліммен аяқталған. Бірақ жалпы алғанда, бұл жануарлар адамдардан аулақ болуға тырысады.

3. Қара жесір немесе қарақұрт (Latrodectus mactans)

Қай жерде мекендейді: АҚШ, Канада, Латын Америкасы;

Өлшемі: аналығы - 0,8 мм-3 см, аталығы – 0,3-0,8 мм.

© flickr / Nicky Bay

Өрмекшілердің бұл түрінің аналықтары жұптасу кезінде аталығын жеп қояды, сондықтан түр «қара жесір» деп аталады.

Қара жесірлер адамдар үшін қауіпті, олардың шағуы ине кіргендей сезіледі, оның уы бұлшықеттердің қатты ауырсынуын, спазмды, жүрек айнуын және диафрагматикалық параличті тудырады, бұл тыныс алуды қиындатады.

Қара жесірдің шабуылынан аман қалған адамдардың көпшілігі ауыр зардаптарсыз тез қалпына келеді. Бұл өрмекшілердің шағуынан жас балалар мен қарт адам қайтыс болады.

2. Сидней лейкоөрмекшісі (Atrax robustus)

Қай жерде мекендейді: Аустралия.

Өлшемі: 1-ден 5 см-ге дейін.

© flickr / Dave Bassett

Баланы бір шаққанда өлтіруге қабілетті ең улы және агрессивті өрмекшілердің бірі.

Сидней лейкоөрмекшісі уы жүйке жасушаларына әсер ететін нейротоксин болып табылады. Тістегеннен кейін жәбірленушіде жүрек соғу жиілігі, құсу, бұлшықет спазмы, церебральды ісіну және сананың шатасуы байқалады. Кейде ада бұл өрмекші шаққанда 15 минуттан кейін өліп кетеді.

1. Бразилиялық кезбе өрмекші (Phoneutria)

Қай жерде мекендейді: Оңтүстік және Орталық Америка;

Өлшемі: орташа дене ұзындығы 10 см.

©Wikimedia Commons

Әлемдегі ең улы өрмекші. Оның ағзасында ең күшті у бар. Қанға енетін нейротоксин қарақұрт нейротоксинінен 20 есе қауіпті. Бразилиялық кезбе өрмекшінің уы көптеген улы жыландар сияқты өлімге әкеледі. 2010 жылы Гиннес рекордтар кітабына ең улы өрмекші ретінде енген.

Бұл өрмекші шаққанда өте қатты ауыртады. Тістеу нәтижесінде адамның қан қысымы көтерілуі, бас айналуы, тыныс алуы қиын болуы мүмкін. Егер антидот уақытында енгізілмесе, адам өледі.

Бразилиялық кезбе өрмекшінің шағуы балалар, өкпе және жүрек аурулары бар қарт адамдар үшін өте қауіпті. Дені сау ересектер үшін оның шағуы сирек өлімге әкеледі, бірақ ол приапизмді тудыруы мүмкін, әдетте бұл 4 сағатқа созылатын ауыр эрекция.

Т. Раушанұлы