Жеңіс жолындағы кенепшөп: өсімдіктің ел ұмытқан тарихы

Жеңіс жолындағы кенепшөп: өсімдіктің ел ұмытқан тарихы
Фото: freepik.com

Кенепшөп немесе латын тілінде cannabis sativa қазіргі кезде есірткінің жеңіл түрі ретінде танымал. Бірақ бірнеше ғасыр бұрын адамзат өсімдікті мата өндірісіне кеңінен пайдаланғанын бірі білсе, бірі біле бермейді.

Тарих атасы саналатын Геродот скифтер туралы жазбасында кенепшөптен жасалған матаны былай сипаттайды: "Скифтер жерінде кенешөп атты өсімдік өседі. Ол жабайы зығырға қатты ұқсайды, тек оған қарағанда ірі. Кенепшөпті әдейі өсіреді, бірақ жабайы түрі де кездеседі. Фракиялықтар кенепшөптен киім дайындайды. Оның зығырмен ұқсастығы соншалықты, екеуін көбі шатастырып алады. Ешқашан кенепшөптен жасалған матаны көрмеген адам оны зығыр матасы деп ойлап қалуы ғажап емес".

Кенепшөпті мата өндірісі үшін алғаш болып өсірген скифтер де, фракиялықтар да емес. Қазіргі зерттеуге сүйенсек, кенепшөп – ауылшаруашылығы мәдениетін қалыптастыруға негіз болған өсімдіктердің бірі. Кенепшөп матасын бізге дейін 7000 жыл бұрын пайдалана бастаған. 

Кенепшөп матасы арқылы жасалған киімді алдымен Шығыс Азия мемлекетінде өндіре бастаған. Таяу шығыс пен Еуропа аймағына кейін жеткен. Шамамен біздің дәуірімізге дейін 1-мыңжылдықта қолданған. Орта ғасырда арзан әрі қарапайым кенепшөпті матадан жасалған киімді ауылдық аймақтың тұрғындары киген. Ал қала тұрғындары тығыз матаны дұрыс көрген. Есесіне бұл мата түрін кеме өндірісіне кеңінен қолданған. Соның ішінде қанаты мен желкен кенептерін жасаған. Ағылшын тілін canvas (кенеп)  латын тіліндегі cannabis сөзінен шыққан. 

Еуропалықтар Американы ашқаннан кейін кеме өндірісі қарқынды дамиды, онымен бірге кенепшөпке деген сұраныс артады. Кенепшөп өсіру бизнесін пуритандар қолына алады.

Кейін бұл бизнесті Джордж Вашингтон жалғастырады. 1765 жылы өз күнделігінде әйгілі президент өсімдіктің болашағы мен оның берер мүмкіндіктерін жазған. Кейін ол үнді кенепшөбін (cannabis indica) өсіре бастайды. Ол тек матасымен ғана емес, шайырымен (смола) де танымал бола түседі.  

Вашингтонның өзі кенепшөп сатып табыс таппаса да, оның танымал болуына айтарлықтай үлес қосты. Шикізатқа деген сұраныс артты, кенепшөп бизнесі ХХ ғасырдың басына дейін дүркіреп тұрды. Бірақ кейін оның есірткі ретінде күшін байқап, оны бұрыс жолға пайдалана бастады. 1930-1940 жылдары көптеген ел кенепшөп өндірісіне салық қысымын көрсетіп, тыйым сала бастады.  

1937 жылы АҚШ Марихуанаға салық заңын қабылдап, каннабис өсірумен және сатумен айналысатын адамдардың аяғына тұсау салды. Бірақ соғыс кенепшөптің бастапқы пайдасын қайта еске түсірді. Ол кеме қанаттарын, мата мен киім элементтері үшін керек болды. Билік тыйымды алып тастап қана қоймай, қайта өсіруді насихаттай бастады. 1942 жылы билік өкілдері үгіттеу мақсатында Hemp for Victory атты фильмді жарыққа шығарды. Фильмде өсімдіктің пайдасы мен қажеттілігі сөз етіліп, оны өсіруді талап етті.  

Соғыс аяқталысымен оны өсіруге тыйым қайта күшіне енді. Бүгінде кей аймақтар ғана кенепшөпті медициналық мақсатта қолданады. Кенепшөптен құрылыс материалдарын, қағаз бен биопластик өндіреді. 

Кенепшөптегі мата өндірісі әлі тоқтаған жоқ. Көптеген қаптар кенептен жасалады. Бір кездері тек кедей адамдар қолданатын мата түрін қазір бақуатты адамдар да қуана-қуана пайдаланады. Бір кездері әлемді құтқарған кенепшөп өзінің дұрыс жолымен қайта қолданысқа еніп келеді.

Т. Есқали