Қазақстандағы ғарыш саласы

Қазақстандағы ғарыш саласы

Байқоңыр ғарыш айлағының арқасында Қазақстан ғарыш өндірісінде біршама жетістікке жетті. Қазіргі таңда еліміз ғарыш технологиясымен жабдықталған 15 елдің қатарына енген. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов деген үш ғарышкері бар.

Қазақстанда ғарышты зерттеу жұмыстары 70 жыл бұрын басталған. В.Фесенков, Г.Тихов, Ө.Сұлтанғазин, Т.Омаров, В.Дробжев сынды ғалымдар ғаламдық эвоюциялық үрдісті, Күн мен Жер жүйесінің физикалық қасиеттері мен жер ғаламшары маңындағы ғарыш кеңістігін зерттеп, ғылымға үлкен үлес қосты.

Қазіргі уақытта қазақстандық ғарыш саласы жер қыртысының геодинамикалық және геофизикалық сипатын зерттеуге, төтенше жағдай мен табиғи ресурстарды, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын бақылауға арналған әдістерді жасауға көңіл бөлуде. Оның ішінде, ғарыштағы байланыс пен навигация құралдарын құрастыру, ғарыш аппараттарын жасақтау сынды аса маңызды технологиялық бағыттар да бар.

Бүгінгі таңда ғарыш кеңістігінен Жерді бақылау мен қадағалау бойынша инновациялық міндеттерді жүзеге асырумен "Қазғарыш" компаниясы, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы, Республикалық ғарыш байланысы орталығы және "Ғалам" кәсіпорны сынды ұйымдар айналысады. Олар ғарыш жүйесін, жердегі инфрақұрылымдарды пайдалану мен құруды, жобалауды, алыс-жақын ғарыш кеңістігін зерттеу қоса жүзеге асырады.

Қазақстанда Жерді қашықтан бақылау жүйесі 2015 жылы іске қосылды. Оған "KazEOSat-1" және "KazEOSat-2" жерсеріктері қолданылады. Оның біреуі алыс ғарышты, бірі ғарыштың жақын кеңістігін бақылауға алады. Жерсерік ғарышта түсірілген суреттерді өңдеп, орталыққа жіберіп отырады.

Қазақстанның Жерді ғарыштан бақылау жүйесі ел аумағындағы өзгерістер мен оқиғаларды қадағалап, тәуелсіз мемлекеттік қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік пен экономика саласындағы міндеттер мен мәселелерді шешуге көмектеседі.

Еліміздің алғашқы спутнигі "KazEOSat-1" ғарышқа 2014 жылғы 30 сәуірде Куру ғарыш айлағынан (Франция еліне қарасты территория), "KazEOSat-2" спутнигі сол күні Орынбор облысындағы "Ясный" базасынан (Ресей) ұшырылды.

Осы қос жерсерік пен оны басқаратын, ғарыштан жіберілген мәліметтерді қабылдап өңдейтін Жер бетіндегі кешен – осының бәрі Қазақстанның Жерді қашықтан бақылау ғарыштық жүйесі.

Қ. Слямбек