Бізге бейтаныс экологиялық таза энергия көздері

Бізге бейтаныс экологиялық таза энергия көздері
Фото: nornet.no

Қазіргі энергия өндірудің көп таралған әрі адамзат дамуының бүгінгі инновациялық деңгейіне жеткізген қуат көзі – бұл мұнай мен көмір пайдалы қазбасы. Алайда жаһандағы мұнай мен көмір қоры шектеулі, таусылуға жақын. Оның үстіне, бұл екеуі экологияға зиян.

Сондықтан адамзат технологиясы қазір баламалы энергия көздерін іздеп, соны өндіруге, кең қолдануға көшуде. Ал баламалы энергия көздері де біз көбінде жел, күн мен суды естігенбіз. Алайда баламалы, экологияға таза энергия көздері көп. Көбі зерттелген жоқ әрі адам қолы тимеген сала.

Мәселен, мұхит пен теңіз толқыны, атқылап жатқан гейзер, мұхит ағыны, теңіз түбіндегі қысым, мұхиттың тартылуы мен толысуы, сарқырама, табиғи газ, геотермиялық энергия, сутегі, мұхит балдыры, термоэлектронды эмиссия, т.б. Одан басқа қазір күн энергиясы мен күн батареясына қойылып жатқан Френель линзасының да қуаты жоғары.

Баламалы энергия көздерінің қуаты пен қауқары өте күшті, ресурсы мол, тіпті, есептеудің өзі қиын. Мысалы, футуролог Жак Фресконың айтуынша, жұлдыз бен ғарыштағы термоядролық энергияны өндірудің жолын адамзат тапса, онда миллиондаған жылға жетер қуат көзін өндіруге болады. Сонда адамзат энергия өндіру мәселесін толық шешеді.

Ал океанографтардың айтуынша, Жер шарының 70,8 пайызын алып жатқан дүниежүзілік мұхит суы да адамзат сарқылмас энергия көзі бола алады.

Джон Д.Исаак пен Вальтер Р.Шмиттің есептеуінше, мұхит суындағы уран пен торийды ядроға бөлу арқылы энергия өндіріп адамзаттың мыңдаған жылға жетер қуатын түгендеуге болады. Мұндай энергиялық прогреске адамзат осы ғасырда жетуі мүмкін әрі термоядролық синтез бен геотермальды өндіріс – алдағы жүзжылдықтың негізгі қуат көзіне айналуы ықтимал. Бұл екеуі де қазіргі атом энергиясынан әлдеқайда қауіпсіз әрі экологияға зияны аз.

Ал жерден атқылап жатқан гейзер мен бастау, бұлақтан өндірілген геотермиялық энергия – қазіргі мұнай мен көмірден 500 есе көп әрі қуатты энергия. Геотермиялық станция көмірқышқыл газы пен азот оксидін шығармайды, тек аздап күкірт таратады.

Геотермиялық энергияны бау-бақша өсіруге де қолдануға болады. Мәселен, қазір Исландияда гейзерден шыққан бумен жылынатын жылыжайлар бар. Құрлықтан алыс жатқан арал-мемлекетке бұл таптырмас амал болды. Қазір балық өсіруге қолдану үшін сынақ жасалуда.

Бір сөзбен айтқанда, мұнай мен көмірден энергия өндірудің жер бетінде жүздеген жолы мен амалдары бар. Тек оған жүйелі ғылыми зерттеу мен инвестиция, мемлекеттік қолдау қажет боп тұр. Ал мұнай магнаттары бастаған топ мұндай инновацияға мұрсат бермей жатқан жайы бар.

Қ. Слямбек