Сатурнның "өртенуі" ғалымдарды таң қалдырып отыр

Сатурнның "өртенуі" ғалымдарды таң қалдырып отыр

2010 жылдың аяғында астрономдар Сатурн планетасында үлкен дауылдың орын алғандығын байқаған еді. Бұл дауыл бүкіл Күн жүйесіндегі ең ірі оқиғалардың бірі. Айта кетелік, дәл мұндай құбылыс жер бетінде орын алар болса, көлемі жағынан Солтүстік Америка материгімен бірдей дауыл жер бетін бірнеше рет орап кетер еді. Сақиналы планетадағы бұл дауыл әр 30 жылда бір рет болып тұрады.

Осыдан екі жыл бұрын орын алған апаттың салдары әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Содан бері Сатурннан көз алмай зерттеп келе жатқан ғалымдар қазіргі кезде планетаның жоғарғы қабаттарындағы үлкен өзгерісті байқап отыр. Cassini планетааралық станциясында орналастырылған композитті инфрақызыл спектрометр Сатурнның стратосферасындағы температураның Цельсий шкаласы бойынша 87 градусқа жеткендігін көрсетті. Сонымен қатар, этиленнің концентрациясының жоғарылағандығы да белгілі болды. Айта кетелік, бұл газ аталған планетада тіпті жоқ еді. Бөтен қосылыстың кенеттен пайда болуы ғалымдарды әрі-сәрі күйге түсіріп отыр.

ыв

Күн жүйесіндегі планеталар

(Cол жақтан санағанда Жер 3-ші, Сатурн 6-шы)

"Температураның осынша күрт жоғарылап кетуі бізді қатты таң қалдырып отыр. Әдетте бұл планетадағы ауа-райы әр уақытта тұрақты еді, - деді Мэриленд университетіндегі зерттеу жұмысының жетекшісі Бриджит Хесман. - Бұл құдды солтүстік Аляскадан бір мезетте жаздың аптабындағы Мохава шөліне тап болғанмен бірдей".

Ал жаңа газдың пайда болуына келсек, ғалымдардың пайымдауынша, температураның күрт өзгеруі Сатурндағы метанның химиялық реакцияға түсіп этиленге айналуына себеп болуы мүмкін.

Дауыл астрономдардың назарына алғаш рет 2010 жылдың 5 желтоқсанында ілікті. 2011 жылы Cassini планетадағы температураның өзгере бастағанын байқады. Аппарат ғаламшар бетінде инфрақызыл диапазонда анық байқалатын екі жылу көзін байқаған болатын. Ол кезде ғалымдар дауыл аяқталғасын бұл екі "от" суып, өшеді деп ойлаған еді. Дегенмен олай болмай шықты. Қос "от" жойылудың орнына бірігіп, үлкейе берді.

Ғалымдар қазіргі кездегі Сатурндағы бұл процестердің себебін анықтауға тырысып жатыр.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: astro-courses.narod.ru, bionopoly.com