Білім алушыны дұрыс бағалау – оқытуда жетістікке жетудің бір факторы

Білім алушыны дұрыс бағалау – оқытуда жетістікке жетудің бір факторы
Фото: vk.com

Философиялық тұрғыда, баға ұғымына – әлеуметтік құбылысқа, адамның іс-әрекетіне, қылығына деген қатынас, белгілі бір моральдық нормалар мен принциптерге сәйкестікті орнату деген анықтама беріледі. Біздің айналамызда болып жатқан барлық құбылыс бағалауды қажет етеді. Құбылыстарға, іс-әрекеттерге баға беру арқылы біз оларды вариациялаймыз. Ал, вариация дегеніміз - адамзаттың ер мен әйелге бөлінуі, жақсылық пен жамандықтың, ұзын мен қысқаның, шындық пен өтіріктің, тұз бен қанттың болуы. Вариациясыз адамзат тіршілігі болмайды, тіршілік болса да, өмірдің мағынасы болмайды. Осы орайда, бағаны ағзадағы дұрыс қанайналымға теңеп, оның дұрыс жүрмеуінен тоқырау мен ауру белгілерін күтуді Н.Островский шебер түсіндіріп берген болатын. Сол себепті де білім берудің кез келген үлгісінде білім алушыны бағалау – маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Бағалаудың түрлері, тәсілдері, технологиясы туралы том-том әдебиеттер де жетерлік.

Бағалау дегеніміз не? Бағалау ұғымының ауқымы өте кең: ол қандай да бір процесті немесе жұмыстың нәтижесін көрсетеді; бағалау – іс-әрекеттің жағымды және жағымсыз жағын анықтау; бағалау – білім сапасын бақылау; бағалау – оқыту процесіндегі жетістікті, дамуды анықтауға мүмкіндік беретін құрал; бағалау – білім беру барысында оқытушы қолданатын білім алушының іс-әрекетін түзету әдісі.

Бағалауды әртүрлі тәсілдермен жүзеге асыруға болады: сандық көрсеткіштер түрінде бағалау керек болса, баға немесе балл қойылады; сапалық көрсеткіштер түрінде; жұмыс нәтижесі туралы сөзбен (мысалы, алғыс, мақтау-мадақтау түрінде) немесе эмоциялық реакция арқылы бағалауға болады.

Кез келген оқушының алғаш мектеп табалдырығын аттағаннан бастап алатын жаңа білім қорының тыңғылықты, жүйелі болуына оның алатын бағасының да әсері аз емес. Бір сыныпта отырған 20 оқушының мінезі, қабылдауы, мүмкіндігі, қылығы 20 түрлі емес пе? Мысалға, математика пәнінен алған кілең бестік баға мен оқытушының мақтауы оны алған оқушыға сенімділік, қуаныш сыйлап, ынталандырса, оның жанында отырған баланың қызғанышын тудырып, мысын басып, оның өзін-өзі бағалауын төмендетуі мүмкін. Ал келесі бір оқушының қызығушылын оятып, сондай жетістікке жетуге жігер беруі мүмкін. Сондай-ақ «2» деген баға бір оқушының жігерін құм қылып, ынтасын жоғалтса, келесі біреуді қамшылап, қайрап, ынталандыруы мүмкін. Осы себепті де, оқушыны бағалау процесі педагогтан мұқияттылықты, шеберлікті, аңғарымпаздықты және әділеттілікті қажет етеді. Әділетсіз қойылған бір баға оқушының педагогқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бейіндік мектебі ашылғалы бергі 5 жыл ішінде математика пәнінен сабақ бере жүріп, әлдеқашан рейтингтік жүйеге көшіп кеткен жоғарғы оқу орынының студенттерін бағалауға қарағанда төрт түрлі белгімен (өте жақсы, жақсы, орташа, қанағаттанарлықсыз) бағалаудың қиын екенін байқадым. Бұл мектепке оқушылар 10-11 сыныптарға қабылданады (бірінші жылы 9 сынып та қабылданған). Мектепке математикалық білімінің іргетасы дұрыс қаланбаған, білімі төмен оқушылар да, деңгейі жоғары, тиянақты білім қорымен қаруланған оқушылар да келеді. Сабақ барысында сыныптағы 7-8 оқушының әрқайсысын екі-үш рет тақтаға шығарып, есептер шығартып, формулалардан математикалық диктант жаздырып, тест тапсырмаларын орындатып, уақытты барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Білім алушылардың кейде бір есеп шығаруға ынталары болмай, шаршайтын сәттерінде ұлы математиктердің өмірбаяндарынан мағлұматтар беріп отырамын. Оқушының әрбір еңбегі бағаланып, сабақта бос отыруға мүмкіндік берілмесе, әкімшіліктен «журналда бағаларыңыз аз» деген ескерту де естімейміз, оқушылар да сыртымыздан «ол апай бағаны «рисовать» етеді демейтін болады» деп ойлаймын. Өйткені, әртүрлі мектептен келген оқушылар «бізде сыныпта 30 оқушы отыратынбыз, 2-3 жақсы оқитын оқушы немесе мұғалім есептерді тақтада шығарады, қалғандарымыз соны көшіріп отыратынбыз», «бір тоқсанда бір рет тақтаға шығатынмын, сондағы алған бағамның көшірмесін тоқсан соңына қарай журналға толтырып қоятын», «мұғаліміміз өзінің пәнін жек көретін, сыныпқа қиналып әрең кіретін, сосын мен де бұл пәнді жек көріп кеттім», «мұғалімге сұрақ қойсақ, соны да түсінбедің бе деп, ұрсып тастайтын», «математик апайымыз директордың орынбасары болатын, тапсырма беріп қойып шығып кететін» деген сөздерді айтқанда, әріптестерім үшін ұялып кетемін. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды». Біз әрбір өткізген 45 минут сабағымыз үшін ақы аламыз. Соны жауапкершілікпен атқармасақ, балаларды, пәнімізді жақсы көрмесек, өз жүрегіміз қаламайтын нәрсені басқаның жүрегіне қалай ұялатамыз? Өзіміз білмейтін нәрсе туралы оқушы сұрақ қойса, ұрса жөнеліп немесе басқа амал іздегенше, келесі жолы жауап берейін деп айтсақ, болмай ма? Ғылым-білімнің бәрін білу мүмкін емес. Кемшілігімізді мойындай білуіміз де керек емес пе? Л.Н.Толстой: «Жүрегіңізде не болып жатқанын жасырмай, балаларға әділ және адал болуыңыз - ең күшті тәрбиеңіз» - деп бекер айтпаған.

Тарихқа көз жүгіртсек, ұлы жазушы Чарльз Диккенс суреттеген XVII ғасырдағы «маубас» ағылшын мұғалімдерінің арасында орташа оқитын, марғау, тұйық, момын әрі панасыз жетім - Исаакты (ғылым алыбы - Исаак Ньютон) түзу бағытқа сілтеген Генри Стокс деген мұғалім болмаса, Ньютон Ньютон болар ма еді?

Мысалы, алгебрадан өте нашар, геометриядан да мәз емес оқушы сызбаны тамаша сызуы мүмкін. Сол оқушыны есепті дұрыс шығармапсың, бірақ сызбаң өте әдемі, сауатты сызылған, сенен мықты сәулетші немесе геодезист шығады деп, бір жақсы баға қойып қойсақ, мүмкін бір болашақ ұлы сәулетшіні танып отырған шығармыз...

Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық жалпы орта білім беру Тұжырымдамасында мемлекетіміздің білім беру жүйесінің даму деңгейіне кері ықпал ететін факторлар қатарына:

- Білім берудің жеке тұлғаның дамуына емес, формальды нәтижелерге бағдарлануы.

- Оқу жетістіктерін бағалауда оқушыны қызықтырмайтын, шынайылықты қамтамасыз етпейтін және қиындық тудыратын жағдайға душар ететін ескірген жүйенің сақталуы.

- Жасөспірімдердің тұлғалық, азаматтық және адамгершілік касиеттерінің жеткілікті дамымауы, өзін-өзі анықтау мотивтерінін болмауы, өзіндік қызығушылығы мен болашақ жоспарын сезіну деңгейінің төмендігі жатқызылады.

Осы тұжырымдамада жоғарғы сынып оқушыларынан тұратын (11-12 сынып) «Бейіндік мектеп» жүйесі де қарастырылады. Бейіндік мектептегі оқыту және бағалау технологиясы жоғарғы оқу орындарына ұқсас құрылмақ, яғни кредиттік технология енгізіледі деген сөз. Кредиттік технологияда қолданылатын баллдық-рейтингтік жүйенің бейіндік мектепке де енгізілуі өте дұрыс шешім. Мысалы, математика пәнінен оқушы білімін:

 формулаларды жатқа білу;

 ережелерді жатқа білу;

 Анықтама, теоремаларды айта білу

 есепті әртүрлі жолмен шығарып, жауабын тексере білу;

 логикалық жолмен есепті шығара білу;

 тақтада есеп шығара білу;

 үй тапсырмасын орындау;

 бақылау жұмысын жазу;

 дәптерді ұқыпты жүргізе білу;

 сызбаны сауатты, әдемі сыза білу;

 сабақты жібермей қатысу, кешікпеу.

Деңгейлері бойынша баллдар қою арқылы бағаласа, осы шарттардың әрқайсысы бойынша алған ең жоғарғы баллдарының қосындысы - 100 балл құрайтындай етіп қойса, білім алушылар өздерінің қай тұста осал, қай тұста мықты екендіктерін біліп, алға жылжитын еді деп ойлаймын.

Оқушылар да әр сабақта балл жинап, «қоржындары қомақталған сайын» құлшынып, оқуға деген зейіні жоғарылайды. Жалпы, жақсы нәрсені жинау процесі адамды ынталандырады емес пе, мұны депозитке ақша жинап жатқан немесе есеп шотында қомақты қаржысы бар адамдар жақсы түсінеді.

Қазіргі кезеңде білім алушының өзін-өзі бағалауы мен талдау жасай білу дағдыларын да дамыту жақсы қолға алынып отыр. Бұл оқытушының оқушыға өзімен тең құқықты тұлға ретінде қарап «екеуінің бірге жеткен жетістігін» дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Адамның өз бетінше, жүрек қалауымен алған білімінің нағыз білім болатыны ертеден ақ белгілі нәрсе болса да, «аюға намаз үйреткен таяғымыздан», екіліктеріміз бен ескі жүйемізден әлі арыла алмай отырмыз.

Қорыта келгенде, еліміздің ертеңі болар, білімді, білікті, кез-келген жағдайда тиімді шешім қабылдап, тығырықтан шыға білетін, өзіне де, өзгеге әділ баға бере алатын өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ісіміз жемісті болсын дегім келеді.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. Ксензова Г.Ю.. Оценочная деятельность учителя. - М., 2002.

2. Қазақстан Республикасында 12 жылдық жалпы орта білім беру Тұжырымдамасы

Ыбырайымова С.С., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО дейінгі білім беру факультетінің математика пәнінің оқытушысы

М. Оңғарова