"Союз ТМА-04М" ғарышкерлері Қазақстан жеріне қонды

"Союз ТМА-04М" ғарышкерлері Қазақстан жеріне қонды

"Союз ТМА-04М" ғарыш кемесінің қону аппараты Қазақстан жеріне түсті, деп хабарлайды РИА Новости.

Осылайша халықаралық ғарыш станциясынан (ХҒС) Роскосмостың ғарышкерлері Геннадий Падалка, Сергей Ревин және НАСА-ның астронавты Джозеф Акаба жерге оралды. Капсуланың қонуы кезінде үш ұшақ (Ан-12 және Ан-26), 12 тікұшақ (Ми-8), 6 іздегіш-эвакуациялық автокөлік, сонымен қатар, оннан астам қосымша техника кезекшілік етті.

Ғарышкерлер аппараттан шыққан соң оларды мобильді госпиталь арқылы Қарағанды аэродромына жеткізді. Осы жерден "саяхатшыларды" ұшақ арқылы Мәскеу маңындағы "Чкаловский" аэродромына апарады.

Экспедиция мүшелері орбитада ресейлік бағдарлама аясында бір рет ашық ғарышқа шыққан. Сонымен қатар, жапондық HTV-3 "Конотори" жүк кемесін қабылдау және ажырату жұмыстары, "Союз ТМА-05М" кемесімен бірігу жұмыстарымен айналысты. Және станция аясында 40-тан астам ғылыми тәжірибе жұмыстары жүргізілді.

Ал Халықаралық ғарыш станциясында Роскосмостың ғарышкері Юрий Маленченко мен жапондық астронавт Акихико Хошиде өз жұмыстарын жалғастыруда. Станцияның жаңа командирі болып НАСА астронавты Санита Уилльямс тағайындалды.

Айта кетелік, үстіміздегі жылдың 15 қазанында ХҒС-ға Байқоңыр ғарыш айлағынан "Союз ТМА-06М" кемесі аттанады. Негізгі экипаждың құрамына Роскосмос ғарышкерлері Олег Новицкий, Евгений Тарелкин және НАСА астронавты Кевин Форд кірді.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: ©РИА Новости