Білім күні неге бірінші қыркүйекте?

Білім күні неге бірінші қыркүйекте?

Ертең бірінші қыркүйек... Сары күздің ең алғашқы күнінде мектептердің есігі миллиондаған оқушылар үшін айқара ашылмақ. Он бір жыл бойы дәл осы мерекені атап өтіп жүріп, «Білім күні» неге бірінші қыркүйекте аталып өтетіндігін ойланып көрдіңіз бе? Әй, қайдам?! Ендеше бүгін осы сауалдың жауабын бірге іздейтін боламыз.

Қыркүйектің бірі – ерекше күнтізбелік күн

Аталған күннің шығу тарихын іздегіміз келсе, б.з. ІV ғасырларға сапар шегуімізге тура келеді. Мұның сыры мынада: 325 жылы атақты Рим императоры Константин әлемді таң қалдырған алып шіркеу тұрғызып, бірінші қыркүйек күні Жаңа Жыл мерекесін тойлау туралы шешім шығарады.

Алайда қаулы бірден өз күшіне еніп кете алған жоқ. Ресейде және басқа да мемлекеттерде Жаңа Жыл наурыз-сәуір айларында атап өтіліп жүрді. Жүздеген жылдарды араға салғаннан кейін, 1492 жылы ІІІ Иоаннаның бұйрығымен Жаңа  Жылды тойлау дәстүрі бірінші қыркүйекке ауыстырылады.

Бірінші қыркүйек – Білім күні

Бұл жылдары мектептер шіркеу қабырғаларында орналасқандығынан хабардар боларсыз. Осы себепті оқу жылының басталуы Жаңа Жылмен бірдей етіп белгіленеді. Айтпақшы, бұл күні Жаңа Жыл, Білім Күні мерекелері ғана емес, салық жиналатын күн болған. Және дәл осы күні патшалықтың мұрагерін таныстыру шаралары өткізіліп, «Дәндер» күні де атап өтіледі екен. Дәстүр бойынша, мерекеде адамдар өз аулаларындағы ағаштарға ленталар байлап, шырақтармен, моншақтармен безендірген.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Иоаннаның жарлығынан кейін кыркүйектік «жылбасы» жалғаса берген болатын, тек 1699 жылы Еуропалықтардан ерекшеленбес үшін Жаңа Жылды тойлау бірінші қаңтарға ауыстырылды. Бір қызығы, дәл осы жыл – төрт айға ғана созылған екен (1 қыркүйек – 1 қаңтар). Неге оқу жылының басталу күні өзгертілмеді? Өйткені, жылдың төрт айға созылуына рұқсат берілсе де, оқушылардың білім алуына кедергі келтіруге болмайтын еді. Олай болған жағдайда, балалар бір сыныпты төрт айда аяқтап тастаулары керек болатын. Ал бұл мүмкін емес. Бір жағынан климаттың да әсері болғанға ұқсайды, өйткені оқушыларға күздің қара суық күндеріне қарағанда жаздың жаймашуақ күндерінде демалған әлдеқайда ыңғайлы еді.

Осылайша, жұмбақтың шешуін де таптық! Оқушылардың мектепке қыркүйектің бірінде баруларының себебі: бағзы замандарда бұл күні күздің алғашқы күні ғана емес, күнтізбенің алғашқы күні басталатын болған. 1984 жылдан бастап, «Білім күні» күнтізбеде қызылмен белгіленетін болды.

Сурет: sunhome.ru, bilimkozy.idhost.kz, almaty-akshamy.kz, pm.kz

Дайындаған: Ардақ Құлтай