Сәтсіз ұшырылған аппараттар жерге жарты жылдан кейін түседі

Сәтсіз ұшырылған аппараттар жерге жарты жылдан кейін түседі

Сәтсіз ұшырылудан кейін штаттан тыс орбитаға жіберілген "Бриз-М" екпіндеткіш блогы мен "Экспресс-МД2" және Telkom-3 ғарыш аппараттары жерге 2013 жылдың қысында немесе көктемінде құлайды. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі ғарыштық зерттеулер институтының жетекші маманы Натан Эйсмонтқа сілтеме жасай отырып хабарлады.

"Орын алып отырған параметрге сүйеніп сөз айтар болсақ, бұл объектілердің жерге түсуі үшін кем дегенде 6-7 ай қажет болады", - деді маман.

7 тамыздағы сәтсіз ұшырылудан соң ғарыш кеңістігін бақылау құрылғылары апогейі 5,5 мың шақырым, перигейі 300 шақырым эллипстік орбитада 4 объектінің ұшып жүргендігін анықтаған. Мамандардың айтуынша, бұл ұшып жүрген объектілер "Экспресс-МД2" мен Telkom-3 ғарыш аппараты, "Бриз-М" екпіндеткіш блогы және қосулы конструкциясының бір фрагменті.

Бұл аппараттардың орбитадан шығып жерге түсуі көптеген факторларға байланысты. Мысалы төмендеу жылдамдығы, аппараттардың масса центрінен айналуының ерекшелігі, атмосфера параметрі, күннің белсенділігі. "Тіпті ғарыш аппараттарының бірнеше бөлікке бөлініп кетуі де орбитадан шығу жылдамдығына әсер етеді", - деді маман.

Аппараттардың жерге құлауының анық мерзімін 2 аптадан кейін сеніммен айтуға болады. Бұл уақытқа дейін олардың ғарыштағы "мінез-құлқы" туралы түсінікті алып боламыз деп отыр ғалымдар. Эйсмонт сонымен қатар объектілердің орбитасының эпоцентрі 5,5 мың шақырымнан 300 км-ге дейін төмендемегенше олардың жерге түсуі туралы әңгіме ерте екендігін де айтып өтті.

"Протон-М" ракета тасымалдағышының ұшырылу сәті

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: tengrinews.kz ("Экспресс-МД2" спутнигі)