Нобель Альфредтің бізге беймәлім таланты

Нобель Альфредтің бізге беймәлім таланты
Фото: yourwo.com

Бүгін, 21 қазан Альфред Нобельдің туған күні. Динамит жаңалығын ашумен қатар, ең атақты да қымбат сыйымен (Нобель сыйлығы) әлемге танылған химик ғалым 1833 жылы дүниеге келген.

Ол орыс әскерінің тапсырмасын орындап, Ресейде фабрика қызметкері болады. Қырым соғысы арқасында отбасылық бизнесін жандандырады.

Бизнесі құрдымға бара жатқанын сезген ол туған жері Швецияға оралып, жарылғыш заттар жасаумен шұғылдана бастайды. 100 мың франк қарызға алып, химия төңірегінде зерттеу жұмыстарын қолға алады. Осы ізденісі нәтижесінде динамит жарылғыш затын ойлап табады.

Альфредтің бәрімізге мәлім болған динамитінен өзге 355 патенті бар. Су өлшегіш, барометр, тоңазытқыш аппараты, газ жағушы, күкірт қышқылын жетілдірілген тәсілмен алу, соғыстық зымыран құрылымы, каучук жақтаулы велосипед, автоматты тежегіш, қауіпсіз бу қазандары – барлығы да Нобель арқасында пайда болды.

Тағы бір айта кететін жайт, Альфред Нобель 46 жасында бауырларымен бірге Әзірбайжан мұнай ісіне капитал бөлуді ойға алды. Мұнай шикізатынан дайын өнімдер пайда болғанға дейінгі барлық үдеріс ағалы-інілілердің қол астынан өтті.  Осылай 20 жыл ішінде басты капиталы 30 млн рубльді құрады.

Артында «қантөгіске себеп болды» (динамит) деген жаман аты қалмас үшін, мәңгілік өмірге аттанар алдында бар мұрасын Нобель сыйлығына арнап, өсиет қалдырғаны жазылған болатын.

Ол тек ғалым, өнертапқыш, инженер ғана емес, әдебиетші, драматург. Француз, неміс, орыс, ағылшын тілдерін жақсы білген. Соның ішінде француз тіліне көңілі ауып, Виктор Гюго шығармаларын жата-жастанып оқыған. Ағылшын поэзиясында Перси Шелли оған шабыт сыйлайтын. Осылардан нәр алып, өзі де біраз өлең, пьеса, роман жазған. Өкінішке орай, баспа бетін көріп, сақталып қалғаны тек «Немезида» пьесасы.

Төрт актілі трагедия 2003 жылы ғана швед және эсперанто тілінде жарыққа шықты. 2005 жылы Стокгольм жұртына қойылымды тамашалау бақыты бұйырды. Бір кездері барлық ғылымнан қол үзіп, тек жазу саласының жетегінде кетуді де ойлаған...

@. @assel_assanova