Қазғарыш сел қаупін алдын ала хабарлайтын болды

Қазғарыш сел қаупін алдын ала хабарлайтын болды
Фото: massaget.kz

Қазғарыштың инновациялық даму жоспарына Қазақстанды жылдам ақпарат тарату жүйесімен қамтамасыз етумен қатар, ел аумағындағы селге қауіпті аймақтарды бақылау да кіретін болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Инвестициялар мен даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетов мәлімдеді.

Қазақстан ғарыш ғылымының дамуын талқыға салу мақсатында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында бірқатар мәселе қаралып, көптеген сұраққа жауап берілді. Айта кетсек, жақында Алматы қаласында оқыста болған селдің кесірі көпке тигені ескеріліп, Қазғарыш мұндай табиғи апаттардың алдын алуға атсалысатынын мәлімдеді.

Сөз барысында ғарышкер Айдын Айымбетовке қатысты да бірқатар ақпарат берілді. «Айдын Айымбетов қазір жүйелі дайындық үстінде. Оның ұшу жоспарын соңғы алты жылдан бері жүзеге асыра алмай келе жатқан едік. Енді Қазғарыш орыс әріптестерімен келісімге келіп, биыл бұл жоспар жүзеге асқалы тұр», - дейді «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ президенті Жантаев Жұмабек.

Әзірге Айдын Айымбетовке ғарышқа ұшуға қажетті сома туралы нақты мәлімет берілмеді. Роскосмос басшысы орыс басылымдарына берген сұқбатында Қазақстан тарапынан қаржы бөлінбейтін болса, Айымбетовтың ұшпай қалуы да мүмкін екенін айтқан болатын. Бұл мәселе бүгін де көтеріліп, оған нақты жауап берілмеді.

«Жылдық қаржы бөлу есебі әр жылдың басында бекітілетінін білесіздер. Ал Айдынның ғарышқа сапары жыл басында жоспарланбаған болатын. Ол ағылшын әншісі Сара Брайтманның (ғарыш туристі) орнына ұшатын болып бекітілді. Сондықтан бұл мәселе әлі де талқыланып жатыр. Айдын Айымбетов биыл ұшқанымен, қаржыны жабу 2016 жылдың бюджетінде қаралады», - дейді Еркін Шаймағамбетов.

Соныман қатар, KazSat спутнигінің құрастыру жұмыстары туралы айтылды. Әзірге отандық мобильді байланыстың операторлары шетелдік спутниктерді жалдауға мәжбүр. Дегенмен 2017 жылға қарай KazSat спутнигі толығымен іске түсіп, отандық ақпарат беру ресурстарын желімен толықтай қамтамасыз ететін болады. Жобаға әзірге 40 миллиард теңге жұмсалған. Еркін Шаймағамбетовтың айтуынша, KazSat өз қаржысын жеті жылда ақтап шығады. 

Айта кетсек, Айдын Айымбетов ағымдағы жылдың 2 қыркүйегі күні сағат 10:30-да (Астана уақыты бойынша) ғарышқа ұшатын болады. Жоспар бойынша, қазақ ғарышкері орбитада он күн болып, жоспарлы 10 тәжірибені жүзеге асыруға тиіс. 

Ж. Өрісбай