Плутон жобасына қанша ақша жұмсалған?

Плутон жобасына қанша ақша жұмсалған?
Фото: www.nasa.gov

Адам баласы Плутон ғаламшары туралы бүгінге дейін ештеңе білмей келді. Сондықтан, ғалымдар оны ғаламшарлар қатарынан алып тастаған еді. NASA Ғарыш агенттігі осы ғылыми мәселені шешу үшін Плутонға «Жаңа Көкжиектер» зондын ұшырды. Тоғыз жылға созылған жоба нәтижесін беріп, ғалымдар Плутон туралы кейбір нәрселерді біле алды. Ал бұл миссияға қанша ақша жұмсалды екен?

720 миллион АҚШ доллары. Бұл соншалықты көп ақша емес. Егер ғарышты игеру тарихына үңілер болсақ, «Жаңа Көкжиектер» ең арзан жобалардың қатарында. 

Олай болса, ғарыштық жобаларға жұмсалған ресурстарды Плутонды зерттеуге кеткен ақшамен салыстырып көрейік.

NASA өзінің ғарышкерін орыстың «Союз» кемесімен ұшыру үшін 70 миллион АҚШ долларын төлейді. Сондай-ақ, кометаны зерттеуге бағытталған Rosetta ғарыш станциясына (Еуропа ғарыш агенттігі) 1 миллиард АҚШ доллары кеткен. Ал Айды бағындыру мақсатында ұшырылған «Аполлон» ғарыш кемелеріне жалпы 100 миллиард АҚШ доллары жұмсалған. Одан бөлек, Жер орбитасында айналып жүрген Халықаралық ғарыш станциясын құру мен жөндеу жұмыстарына 150 миллиард АҚШ доллары кеткен. АҚШ-тың ғарышты игеру саласындағы ең қымбат жобасы – «Спейс Шаттл». Оның жалпы құны 209 АҚШ долларына тең.

Жоғарыдағы жұмыстарды Плутон жобасымен салыстырар болсақ, $720 миллионды шығын деп айту қиын. Мысалы, Apple компаниясының соңғы кварталдағы табысы «Жаңа Көкжиектер» сынды жобаның 15-ін қаржыландыруға жетеді.

Шығыны аз болғанына қарамастан, осыдан тоғыз жыл бұрын ұшырылған зонд ғалымдардың үмітін ақтап, Плутон туралы бірталай ақпарат берді. Аппараттың миссиясы мұнымен аяқталмайды. Ол енді Плутонның арғы жағына бет алып, Күн жүйесінің шекарасын анықтауға тырысады.

Ж. Өрісбай