Адамзаттың ғарышты бағындыруына не түрткі болды?

Адамзаттың ғарышты бағындыруына не түрткі болды?
Фото: marshall.org

Болашақта ғаламшар серіктері мен астероидтар Жердің негізгі ресурсына айналады. Себебі Жердегі пайдалы қазбалар сарқылуы жақын. Ал жаңа зерттеулер ғарыш нысандарында адам баласына қажет минералдар бар екенін дәлелдейді. Бұл ғарыш нысандарын бағындыру процесін үдетіп жібереді. Астероидтарда табылған су мен басқа да құнарлы заттар адамзатқа зиянын тигізбесе, ғарышта жаңа оазистер пайда болады. Мұндай пікірді Францияның Халықаралық Астронавтика Академиясының зерттеушілері білдірді.

«Ай немесе өзге де ғарыш нысандарында минералдарды өндіре алсақ, Күн жүйесін зерттеу процесі жылдам жүреді. Сәйкесінше, ғарыш экономикасы жетекші нарық үлгісіне ауысады», - дейді ғылыми топтың мүшесі Джордж Нилд.

Ғарыш минералдарын игеру саласындағы ғылыми жұмыс ғарыш нысандарын зерттеу кезінде астероидтардағы суды тасымалдау ұтымды болатынын көрсетеді. Себебі ғарышкерлерге қажет су ресурсын Жерден тасымалдау алыс әрі қауіпті (озон қабатында су молекулалары өзгеріске ұшырайды). Ал ғаламшараралық тасымалдау жұмыстарын SpaceX немесе Virgin Group сынды жекеменшік компаниялар коммерциялық жоба ретінде дамытпақ.

Ғарыш нысандарын отарлауға ондаған жыл қажет болса да, мұның алғышарттарын әзірден дайындау ғалымдардың еншісінде. Сондықтан белгілі астрофизиктер ғарыш ресурстарын ғарышты бағындыру үдерісінде пайдалануды ұсынады. 

Ж. Өрісбай