Жаңа Зеландияда жекеменшік ғарыш айлағы салынады

Жаңа Зеландияда жекеменшік ғарыш айлағы салынады
Фото: www.newscientist.com

Жаңа Зеландияда коммерциялық мақсатта ұшырылатын, зымырандарды ғарышқа жеткізетін тұңғыш жекеменшік ғарыш айлағы құрылады. 3D принтердің көмегімен реактивті қозғалтқыш шығарумен айналысып жатқан Rocket Lab компаниясы Крайстчерч қаласына жақын жерде жобаның құрылыс жұмыстарын бастады. Жоспар бойынша, ғарыш айлағы ағымдағы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі.

Жаңа Зеландия оңтүстік полюстің оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқандықтан, мұнда зымырандардың ғарышқа шығу мүмкіндігі жоғары. Бұл аймақты NASA ғарыш агенттігі бірнеше рет қолданған. Rocket Lab өкілдерінің айтуынша, тұрақты қызмет көрсететін ғарыш айлағы көбейген сайын, зымыранды ұшыру құны төмендейді. Себебі, мемлекеттік айлақтарда бір зымыран ұшыру үшін кем дегенде 1 миллиард АҚШ долларын төлеу керек болады екен.

«Жеке кәсіпкердің қолындағы ғарыш айлағы зымыранды ғарышқа жеткізу құнын төмендетіп қана қоймай, ғарышты игеру мүмкіндіктерін де арттырады. Себебі, қолжетімді бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер саны да артады. Содан кейін ғарышты игеру жылдамдайды», - дейді Rocket Lab компаниясының атқарушы директоры Питер Бек.

Питер Бек және 3D принтерде басылған Electron зымыраны

Питердің айтуынша, орташа есеп бойынша жаңа ғарыш айлағынан жылына 100 рет зымыран ұшырылады. Ал әр ұшырылған зымыран үшін тапсырыс беруші компаниялар небәрі 5 миллион АҚШ долларын төлейді.

Айта кетейік, Жаңа Зеландия – ғарышқа шығу мүмкіндігі ең жоғары ел. Себебі, бұл ел Күнге ең алыс орналасқан. Сәйкесінше мұнда тартылу күші Жердің басқа бөлігіне қарағанда төмен.

Electron жобасы

Бұл қалай дейсіз бе? Жер Күн айналасында орбита бойымен 23,5 градусқа бұрылған күйде айналады. Арктика Жердегі Күнге ең жақын нүкте болса, Антарктида - ең алыс нүкте. Ал Жаңа Зеландия Антарктиданың мұзды жағалауына ең жақын елдердің бірі болғандықтан, тартылу күші мұнда да біршама төмен. Бұл географиялық жағдайды Rocket Lab компаниясы ұтымды пайдалануды жоспарлап отыр.

Құрылыс жұмыстары өз уақытында аяқталса, Rocket Lab жыл соңында өзінің Electron деп аталған зымыран тасымалдағышын ұшырады. Айта кетсек, бұл зымыран 3D принтер көмегімен құрастырылған әлемдегі тұңғыш Резерфорд қозғалтқышы. Егер Electron жобасы сәтті болып, өз миссиясын орындаса, реактивті қозғалтқыш құрастыру технологиясының құны да әлдеқайда арзандайды.

 
Ж. Өрісбай